Қазақстан кубогының жартылай финалында адам саудасының алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді
24–30 шілде аралығында елімізде «Адам саудасы – ауыр қылмыс» республикалық ақпараттық науқаны өткізілуде. Ақпараттық науқан Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен жыл сайын 30 шілдеде аталып өтетін Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған.Осыған орай Қызылорда қаласындағы «Қайсар» – «Жеңіс» командалары арасындағы Қазақстан кубогының жартылай финалдық кездесуі барысында Қызылорда облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері, Кіші кәсіпкер әйелдер қоғамының және Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері бірлесіп профилактикалық іс-шара өткізді.
Матчқа жиналған жанкүйерлерге адам саудасының алдын алу, оның белгілері мен қауіп-қатері туралы ақпарат беріліп, арнайы дайындалған бейнеролик стадионның LED-экранында көрсетілді. Сонымен қатар қатысушыларға ақпараттық жадынамалар мен брошюралар таратылып, адам саудасының құрбанына айналмаудың жолдары, күмәнді жағдайларда қайда және кімге жүгіну қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, адам саудасының алдын алу және қоғамның осы қылмысқа қарсы күреске белсенді қатысуын қамтамасыз ету.









