Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы Жеңіс– ұмытылмас ерлік!

Ұлы Жеңіс– ұмытылмас ерлік!

Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай Қалжан ахун ауылындағы «Тағзым» алаңында «Ұлы Жеңіс. Ұмытылмас ерлік» атты салтанатты жиын жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарында ел мен жер үшін жанын қиған боздақтардың ерлігін ұлықтап, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухын сіңіру болды.

Салтанатты жиынға ауыл тұрғындары, ардагерлер, мекеме қызметкерлері, жастар мен мектеп оқушылары қатысты. Шара барысында келген қонақтарға еліміздің мемлекеттік туы түстес патриоттық Жеңіс ленталары мен гүл шоқтары таратылып, қатысушылар ел болашағы үшін құрбан болған ерлердің рухына тағзым етіп, арнайы ескерткішке гүл қойды.

Мерекелік жиында ауыл әкімі М. Қаратаев сөз сөйлеп, Ұлы Жеңістің тарихи маңызына тоқталып, майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Сонымен қатар ауыл ақсақалы Б. Дүйсенбаев атамыз жастарды елін, жерін сүюге шақырып, батыр бабалардың ерлігі кейінгі ұрпаққа мәңгі үлгі екенін айтты. №126 мектеп директоры Н. Байымбетов те өз сөзінде бейбіт өмірдің қадірін түсініп, тарихты құрметтеудің маңызын жеткізді.

Жиын барысында соғыста қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым ретінде 1 минут үнсіздік жарияланып, Қалжан ахун мешітінің имамы М. Әби арнайы құран бағыштады.

Іс-шара аясында кітапханашы Р. Тілеубергенова ұйымдастырған «Ерлік елге мұра – ұрпаққа өнеге» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде Ұлы Жеңіс, майдангерлердің ерлігі, ел тарихы туралы кітаптар мен тарихи деректер қойылып, оқырмандарға кеңінен таныстырылды.

Мазмұнды шара ауыл тұрғындарының патриоттық рухын көтеріп, ел қорғаған ерлердің есімін ұлықтауға арналды. Ұлы Жеңіс мерекесі – ерлік пен елдіктің, бірлік пен бейбіт өмірдің символы екені тағы бір мәрте айқындалды.

10 мамыр 2026 ж. 43 0