Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ер есімі – ел есінде» атты салтанатты шара өтті

«Ер есімі – ел есінде» атты салтанатты шара өтті

Бүгін «Тағзым» алаңында 9 мамыр - Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ер есімі – ел есінде» атты іс-шара өтті.

Салтанатты жиынға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Яхия Тасыров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов және облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, Тәжік-Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль, Семей зардаптарын жоюға қатысқан азаматтар, зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.

Аудан басшысы сырдариялықтарды Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, отан үшін от кешкен батырлардың ерлігін атап өтті.

– Жеңіс күні – елдік пен ерліктің, батылдық пен қаһармандықтың мерекесі! Бұл күн – бейбітшіліктің, азаттық пен тәуелсіздіктің нышаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Адамзат тарихында теңдессіз ерлік жасаған әкелеріміз бен аналарымыздың қажымас қайсарлығы, ерен еңбегі және көзсіз қаһармандығы халқымыздың жадында мәңгі сақталады» деп атап көрсетті. «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» деген ұранды ұстанған елміз. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Іс-шара барысында жиналған жұртшылық соғыста қаза тапқан батыр жауынгерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ, бейбіт өмірді сыйлаған бозақтардың рухына Құран бағышталды.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

09 мамыр 2025 ж. 236 0