Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыйлы болудың сыры

Сыйлы болудың сыры

Бірде сырбаз ақын Сырбай Мәуленов өзінің туған жері Торғай өңіріне барғанда жерлестері ардақты ақынды мақтан тұтып: «Сырағаң біздің мақтанышымыз, біздің ауылдан!» деп көбірек айта беріпті. Сол сәтте көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова:
«Дүрілдеп торғайлықтар үй бұзардай,
«Сырбай біздікі» деп тұр қызармай.
Бір ауыл меншіктейді,
Жүрсек Сізді
Қазақтың аспанына сыйғыза алмай!» деп табан астында бір шумақ өлең оқыған екен. Иә, жақсы азаматты қай кезде де жерлестері мақтан тұтып, «біздің мақтанышымыз, біздің ауылдан, біздің жерлесіміз» деп меншіктегенімен кейде абыройы ауылдан асып, аймаққа таралған, есімі мен еңбегі елге ортақ азаматтар болады. Мәселен, берекелі Бесарықта туған, Қызылорда қаласы мен Аманкелді ауылында еңбек еткен білім және мәдениет саласының майталманы Мейрамбай Бектасовты бүгінде Сыр өңірінің ғана емес, әсем қала Алматының да ардақты азаматы десек жарасады.

Азаматтық, адамгершілік болмыс-бітімі­мен дараланып, ісі мен сөзі үйлескен, кісілік қа­сиетіне кір келтірмей абырой биігіне көтерілген және үлкен-кішіге сыйлы бола білген Мейрамбай Бектасов – берекелі Бесарық ауылының тумасы. Биыл жетпіс жастың желкенін керіп, адам өмірінің айтулы белесіне жақсы жетістіктермен жетіп жатқан кейіпкеріміздің өмірі өнермен өрнектелген деп айтуымызға толық негіз бар. Текті әулеттің түлегі қазіргі таңда үлкен отбасының тірегіне, ұл-қыздары мен ұрпақтарының мақтанышына айналған, замандас әріптестерінің құрметіне бөленген азамат. Әкесі Досмағанбет соғыстың өрті мен отын көзбен көрген, біздің бүгінгі бейбіт күніміз үшін басын қатерге тіккен майдангер болған екен. Жеңіс туын желбіретіп елге оралғаннан кейін колхоз басқарып, ферма меңгерушісі болып, өмірі ат үстінде өтіпті. Ал, анасы Ұржамал Ысқаққызы – тоғыз құрсақ көтерген Батыр ана. Мейрамбай Бектасов отбасының алтыншы перзенті.

– Біз отбасында төрт қыз, бес ұл болып өстік. Сәпия, Қалдыгүл, Ұлбосын, Жаңабай, Палымкүл есімді аға-апаларым бар. Мұнан бөлек Оразғали, Сапарғали, Ерғали деген інілерім бар. Мен 1 мамырда дүниеге келген екенмін. Ол кезде 1 май халық асыға күтетін, қуана тойлайтын үлкен мейрам еді. Әкем мен анам ақылдаса келе есімімді Мейрамбай деп қойыпты, – деп бастады ардақты азамат өткен күндер бедеріне көз тастап.

Мейрамбай Досмағанбетұлы өнерге бала күнінен құштар болған. «Ән айтсам, киелі сахнаның төрінен жүректерді әнмен тербесем» деп армандаған өнерлі бала қаршадайынан-ақ өнер өлкесіне нық табан тіреген. Талабы мен таланты ұштасқан өнерлі оқушының ынтасына ауыл үлкендері сүйсініп, бәрекелді деп батасын беруші еді. «Көп тілегі – қабыл» деген емес пе! Сол бата-тілектердің қабыл болғаны шығар, дара дарын иесі оқушы кезінен көзге түсіп, талай өнер байқауларында топ жарды. Мектеп қабырғасында оқып жүріп ауыл­дың мәдени-көпшілік, қоғамдық-саяси іс-шараларына белсене қатысып, өнер адамы ретінде қалыптасуды мақсат тұтты. 1973 жылы Бесарық ауылындағы №147 орта мектепті тәмамдағаннан кейін Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық инс­титутының музыка-ән факультетіне оқуға түсті. Мұнда «Сыр сұлуы» халықтық ән-би ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, атақты Николай Александрович Быковских, Мүлкаман Қалауов, Алмагүл Мырзахметова секілді қай­раткерлерден дәріс алды.

– Мені өнерге жетелеген, талабымды ұштаған ең алғашқы ұстазым Ештай Палманов болатын. Оқушы кезімде ұстазымыздың ұйытқы болуымен, жетекшілігімен ұйымдас­тырылған ұлт аспаптар оркестрінің белді мүшесі болдым. Ұлт аспаптар оркестрінің мүшесі болу үлкен абырой еді. Әлі есімде сынып жетекшіміз Шынар Ақпанбетова апайымыз өнерге қабілеті бар оқушылардың басын қосып, сыныптасым Асылбек Өтеповпен бірге «Ақбантик» ансамблін құрдық. Бұл ансамбль аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып, мектеп мәртебесін көтерді. Біздің өнер өлкесіндегі алғашқы жетістіктеріміз бен бағындырған белестеріміз осылай бас­талды, – дейді Мейрамбай Бектасов.

Өнерлі азаматтың алғашқы еңбек жолы Қызылорда қаласындағы №43 Коммунизм мектебінде музыка пәні мұғалімі ретінде басталған. «Жас келсе іске» дегендей, ол мектептегі қоғамдық жұмыстарға ә де­геннен-ақ кірісіп кетеді. Мектепте комсомол ұйы­мының хатшысы бола жүріп мұғалімдер мен оқушылардан құралған хор, оркестр, вокальды әншілер тобын ұйымдастырып, аз уақытта жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Табанды еңбегімен, тындырымды тірлігімен көзге түскен жас маман көп өтпей аудандық білім бөлімінің назарына ілігеді. Ол кезде білім бөлімінің басшысы СССР және Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі төсбелгісінің иегері Күлшара Рахметова еді. Сөйтіп, білікті басшының қолдауымен Мейрамбай Бектасов еңбек жолын Сырдария аудандық білім бөліміне қарасты Тасбөгет балалар музыка мектебінде мұғалім болып жалғастырады. Ал, 1980-1982 жылдары Сырдария аудандық білім беру бөліміннің эстетикалық тәрбие жөніндегі әдіскер ретінде еңбек етеді. Бөлім басшысы Күлшара Рахметованың басшылығымен оқушы кезіндегі ұстазы Шаумен Есмағанбетов, әріптестері Разия Қалжанова, Әбдібек Омаров және тағы да басқа азаматтармен бірлесе еңбек етуімен көп жұмыс атқарылады. Осы жыл­дары аудан көлемінде музыка мектептерін ашу қолға алынып, әрбір ауылдарда музыка мектебінің филиалдары жұмысын бастайды. Жалпы білім беретін мектептерде сурет, бейнелеу өнері, музыка пәнін оқыту жұмыстары жанданып, арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, тәжі­рибе алмасу семинарлары өткізіліп, жүйелі жұмыс жолға қойылады. Кейіпкеріміздің әрі қарайғы еңбек жолы Тасбөгет балалар музыка мектебінің директоры ретінде жалғасады. Бұл қызметті М.Бектасов 1982-1987 жылдары атқарған. Осы жылдары музыка мектебінің жұмы­сына «жан бітіп», 26 жастағы жас дирек­тордың жұмысты ұтымды үйлестіруімен материалдық-техникалық базасы тозған мекеме жөндеуден өтеді. Әрбір сынып безендіріліп, музыкалық аспаптар алынады. Әрине, бәрін бірден атқару мүмкін емес. Басшылық тарапынан қолдау болмаса, ізденістің бәрі нәтиже бермейді. М.Бектасов сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нәлқожа Ергешбаевтың өнер мен мәдениет саласын дамытуға көп қолдау білдіргенін әлі күнге зор тебіреніспен еске алады.

– Партия комитетінің бірінші хатшысы Нәлқожа Ергешбаев жан-жақты, сөзі мен ісі үйлескен азамат еді. Жауапты жұмысқа таға­йын­далғаннан кейін бірден өнер меке­мелеріне қолдау көрсетуді қолға алды. Білікті басшысының қолдауымен, тікелей тап­сырмасымен аудан бойынша мәдениет, білім беру орындарына ерекше мән берілді. Нәтижесінде біздің музыка мектебіне қажет­ті музыкалық аспаптар беріліп, арнайы құрал­дармен жабдықталып, материалдық базамыз жақсарды. Сырдария аудандық партия комитетінің қолдауымен музыка мектебінің жанынан «Қорқыт ата» фольк­лорлық этнографиялық ансамблі құрылды. Кейін «Сырлы саз» ұлттық аспаптар оркестрі ретінде жұмысын жалғастырды. Ең бастысы, Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыка училищесімен тығыз байланыс орнат­тық. Өнер қайраткерлерімен, майталман мамандармен келісім-шартқа отырып, музыка мектебіне қажетті кадрлар даярлауды қолға алдық, – дейді Мейрамбай Бектасов.

Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы бола білген азаматқа қай кезде де сұраныс жоғары екені белгілі. Жасындай жарқырап көзге түскен Мейрамбай Бектасовты кезінде Аманкелді совхозының директоры болған Нұрман Жүндабеков арнайы ұсыныс жасап, ауылға алдырған. Сөйтіп аудандық партия комитетінің нұсқауыменен Мейрамбай Досмағанбетұлы Аманкелді совхозындағы балалар музыка мектебінің ең алғашқы директоры болып тағайындалады. Осы ретте мәдениет майталманын Аманкелдідегі өнер ордасының түп негізін қалады десек те болады. Бүгінде бұл мекеме талай таланттың жұлдызға айналуына ықпал еткен құтты шаңыраққа айналды. Бұл туралы Қызылорда облысының Құрметті азаматы, ел ағасы Тұрғанбай Маханов орнықты ой айтып, атпал азаматтың еңбегін жоғары бағалады.

– Мейрамбай Бектасов өнер, мәдениет саласында өзіндік орнын, дара қолтаңбасын қалыптастырған айтулы азамат. Музыка пәні мұғалімі ретінде еңбек жолын бастаған ол жасындай жарқ етіп, қаршадайынан жауапты қызметтердің тізгінін ұстады. Мәселен, ол Аманкелдідегі өнер ордасының түп негізін қалады. Бұл қызметті атқара жүріп, Қызылорда қаласындағы «Қазанғап» атындағы музыка училищесімен және Қорқыт ата атындағы педагогикалық институтпен бірлесе оқу ордасын тәмамдаған білікті мамандарды ауылдың музыка мектебіне тартты. Мектеп жанынан «Балдәурен» ұлттық аспаптар оркестрі мен вокальды топ ұйымдастырылып, аудан, облыс аймағындағы байқау жеңімпаз атанды. Сөйтіп ел жақтаған, әріптестері мақтаған азамат халық сеніміне ие болып, 1989-1994 жылдары аудандық кеңестің депутаты атанды. Жалпы, жетпіс жастың желкенін керіп, ел ағасы атанып отырған Мейрамбай бауырымыз мерейлі мерейтойына зор абыроймен жетуде. Барлық игі бастамаларға тілектеспіз, – дейді қоғам қайраткері Тұрғанбай Маханов.


Байырғы да, бүгінгі де Сырдария ауданы­ның өнер, мәдениет саласында еселі еңбек еткен М.Бектасов ел Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Алматыға қоныс аударады. Әсем қаланың Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қызылжар елді мекеніне көшіп бара жатқанын естіген аудандық білім бөлімінің басшысы Мәді Маханов арнайы хабарласып, жеке қабылдап, бірқатар жаңа жұмыс та ұсыныпты. Бірақ отбасылық жағдайға байланысты дарынды азамат жаңа қалаға бет алады. Мұнда бірден Алмалы ауылдық мәдениет үйіне директор болып тағайындалып, қайнаған қызу тірлікке қайта кірісіп кетеді. Аты ауылдық болғанымен заты аудандық деңгейден кем түспейтін мәдениет үйінің жұмысын жандандырып, тың серпінмен мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге ұйытқы болады. Аз уақыттың ішінде ғимаратты жөндеуден өткізіп, сахнасын жаңалап, материалдық-техникалық базасын нығайтады. Бірақ, М.Бектасов өнердің өрісін кеңейтуден бөлек ұстаздық қызмет атқаруды да жан-тәнімен қалап, 1998-2007 жылдары Алмалы ауылындағы И.Шорманов атындағы орта мектептің музыка пәні мұғалімі ретінде еңбек етеді. Талапты оқулардың талантын ұштап, олардың республикалық байқаулардың жеңімпазы атануына жол ашады. Ұстаз еңбегі шәкірт жетістігімен бағаланады емес пе! Бүгінде Мейрамбай Досмағанбетовті ұстаз тұтатын шәкірттер көп. Олардың қатарында Ұлжан Байбосынова, Сәбит Ұлықпан, Жұпаркүл Түменбаева, Қалдыгүл Жұмаділдаева, Самат Даулетияров, Арай Болатқызы және Руслан Садықовтардың есімін атауға болады. Осы ретте кейіпкеріміздің 2007-2012 жылдары Түрген ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметін атқарғанын да айтып өткеніміз орынды.

– Мейрамбайдың өмір жолы мен еңбек жолы білім, мәдениет саласына арналды. Бұл екі саласыз қоғам дамуын елестету мүмкін емес. Сондықтан оның өнегелі де өрелі өмір белестері қоғам игілігі жолындағы жасампаз да жарқын жұмыстармен ұштасып жатыр. Жетпіс жас – азамат өмірінің айтулы белесі. Мейрамбай Досмағанбетұлы мерейлі белеске зор абыроймен жетуде. Елдің ағасы атанды. Ұрпақтары мақтан тұтатын, замандас әріптестері мен ағайын-туыс қадірлейтін құрметті азаматқа айналды. Адамгершілік, азаматтық қадір-қасиетін абыроймен биіктете білген азаматқа абырой-амандық тілейміз, – дейді қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Әріп Хожбанов.

Ал, бесарықтық белгілі өлкетанушы, қа­ламгер Жұма­бай Байзақ Мейрамбай Бек­тасов­тың шығармашылық ізденістерін жоғары бағалайтынын айтады.

– Біз Мейрамбайдың бала күнімізден білеміз. Оның бірнеше ауылдың әнұранына айналған әндері бар. Ол «Сырдария – жырдария», «Еңбекшіқазақ вальсі», «Берекелі Бесарық», «Аманкелді вальсі», «Түргенім», «Жырла, жүрек!», «Аға мен іні» секілді жет­пістен астам әндердің авторы. Оның әндерін эстрада жұлдыздары, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық этнографиялық ансамблі орындап жүр. Көңілді сазға бөлейтін әндерін радиодан да тыңдайтынбыз. Бірер жыл бұрын Аманкелдіде, Бесарықта өткен шығармашылық кездесу кештері жоғары деңгейде өтті. «Өнерде шекара жоқ» дегендей, біз Мейрамбайды қос ауылға ғана емес, Қызылорда мен Алматыдай қос аймаққа ортақ тұлға деп есептейміз, – дейді белгілі өлкетанушы, қаламгер Жұмабай Байзақ.

Өмірі өнегемен, өнермен өрілген азамат туралы жақсы пікірді Рәзия Қалжанова, Асылхан Дүйсебаев, Жеңіс Төрәлиев секілді азаматтар да қуаттап, жақсы-жақсы ойлар мен естеліктер айтты. Әрине, оның бәрін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Осы ретте Мейрамбай Бектасовтың жетпіс жасқа дейін жүріп өткен тағдыр жолы, өнермен, өнегемен өрілген өмірі бір кітапқа арқау болатындай тарихқа да, жетістікке де толы екенін айтып өткеніміз жөн. Бәлкім, біз жазып, жариялап жатқан осы мақала сол кітаптың бастауы шығар, барлығы уақыттың еншісіндегі іс. Ең бастысы, кейіпкеріміз ардагерлік кезеңге абыроймен жетіп отырған азамат. М.Бектасов еңбек жолында бірқатар марапаттарға да ие болған. Атап айтқанда, ҚР Білім министрлігінің, облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің Құрмет Грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталған. Бүкілодақтық «Жігер» фестивалінің лауреаты атанып, жас ұрпақа патриоттық, рухани-мәдени тәрбие беруге қосқан үлесі үшін арнайы төсбелгінің, «Мәдениет майталманы» медалінің, Д.Қонаевтың 110 жылдық мерейтойына орай «Мерей» орденінің иегері атанған. Сонымен қатар ардақты азамат «Қазақстанның үздік мәдениет қызметкері», «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері. Ол өмірлік жары Салтанат Дошимовамен бірге екі ұл мен бір қызды өмірге әкеліп, бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған бақытты әке, ардақты ата. Үлкен ұлы Ербол әскери салада еңбек етіп, бүгінде еңбегінің зейнетін көруде. Өкініштісі сол, екінші ұлы Нұрбол өмірден ерте өтті. Ол әке жолын жалғап, өнер, білім саласында жемісті еңбек еткен еді. Ал, үйдің кенжесі Әсел республикалық орман шаруашылығы институтында бас маман қызметін атқарады. Ұл-қыздан тараған ұрпақтар да ел дамуының түрлі саласында еңбек етуде, білім алып, өнер меңгеріп, ата-әжелерінің абыройлы жолын жалғауда. «Адам ұрпағымен мың жасайды», «Ата-ана ұрпағының ұлағатты ісімен сыйлы атанады» деген осы шығар.

...Бірде үлкен оқу ордасында ұйымдас­тырылған кездесуде бір жас азамат көрнекті тұлға Әбіш Кекілбаевтан «Сыйлы болудың сыры неде?» деп сұрапты. Сонда қайраткер тұлға «Сыйлы болудың сыры көңілдің кеңдігіне, жүректің тазалығына байланысты және өмірге деген құштарлықта» деп жауап берген екен. Бүгін біз өнегелі өмір жолын қаламымызға арқау еткен, Сыр өңірінің ғана емес, әсем қала Алматының да ардақты азаматы атанған Мейрамбай Бектасов – көңілінің кеңдігімен, жүрегінің тазалығымен һәм өмірге, өнерге деген құштарлығымен сыйлы тұлға атанған құрметті тұлға. Ендеше, жетпіс жасқа сый-құрметпен жетіп, абыройға кенеліп отырған ел ағасына сексенге сергек жетіп, тоқсанның төрінен орын алып, ғасыр-ғұмыр жасаңыз деп тілек білдіргіміз келеді...

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі
28 сәуір 2026 ж. 69 0