Бала қауіпсіздігі – басты талап
Қоғамның ең қымбат қазынасы – бала. Олардың қауіпсіздігі мен амандығы әрдайым басты назарда болуы тиіс. Осы мақсатта өңірде балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіз ортада өмір сүруін қамтамасыз ету бағытында арнайы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Түнгі уақытта балалар мен жасөспірімдердің сағат 23.00-ден кейін заңды өкілдерінсіз көшеде жүруіне тыйым салынады.Осы орайда аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып бөлім мамандарымен және мектеп мұғалімдерімен бірге түнгі рейд жұмысын жүргізді. Жасөспірімдердің беймезгіл уақытта көшеде және ойын-сауық орындарында жүруін болдырмау, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізілген жұмыстар өз жалғасын тапты.
– Балалар қауіпсіздігіне баса мән беру қажет. Оның үстіне қазір күн жылы, кешкі уақытта жүру сияқты жағдайлар жиі кездесіп жатады. Бұл ретте үйдегі ата-ана баласының жүріс-тұрысын қатаң бақылауда ұстауы қажет. Бұл қайғылы оқиғаны болдырмау және алдын алу үшін маңызды. Ең бастысы – амандық, қауіп пен қатерден сақтау, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Аудан бойынша жасөспірімдер арасында түнгі мезгілде ата-анасының қарауынсыз көшеде және ойын-сауық орындарында жүрудің алдын алу бойынша рейд жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып жүр. Айта кетейік, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен олардың түнгі мезгілде заңды өкілінсіз ойын-сауық мекемелерінде жүруінің, тұрғын үйден тыс болуының жолын кесу үшін көптеген рейд шаралары құзырлы мекемелермен бірлесіп өткізіледі.
Түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін мамандар кеңесіне құлақ асу және мектеп оқушыларын бақылауда ұстау – ата-анаға жүктелер міндет. «Сақтансаң, сақтайды» деген мағыналы сөзді естен шығармау абзал. Кейде көше кезген жасөспірімдердің былапыт сөйлеп, ерсі қылыққа барып жүргенін байқап қалып жатамыз. «Қызым үйде, қылығы түзде» дейді халық даналығы. Сол айтпақшы, ел тыныштығы бұзылмасын десеңіз, түн тыныштығын сақтауға, балаңыздың кіммен, қайда жүргеніне баса мән беру керек. Сонымен қатар ата-аналарға баланың түнгі уақытта көшеде және ойын-сауық орындарында жүруіне қатысты заңда жауапкершілік көзделгенін ескертеміз.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек құзырлы органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Өткізілген рейдтік іс-шара осы бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын айқындап, алдын алу шараларының тиімділігін көрсетті. Баланың амандығы – ел болашағының кепілі. Сондықтан әрбір ата-ана, әрбір азамат бала тағдырына бейжай қарамауы қажет.
«Тт» ақпарат










