Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дарынды жастар грант иегері атанды

Дарынды жастар грант иегері атанды

Баласы атқа қонса, әрбір ата-ана тақымын қысатыны белгілі. Бүгінде білім бәсекесінде топ жарып, грант иегері атанған аудан жастарының қатары баршылық. Олардың қатарында Иса Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейдің оқушысы Көркем Мұхамеджанова мен №37 мектеп-лицейдің дарынды жасы Қанат Зиятов бар.

Ең алдымен, Көркем Мұхамед­жано­ва­ның жетістігіне тоқталсақ, ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бі­лім грантын жеңіп алды. «Kyzylorda Hub» және «Shik» жарнамалық агенттігінің қол­дауымен ұйымдастырылған «AMANAT IDEATHON» хакатонында өз жобасын ұсынған білімді жас өз мықтылығын кезек­ті мәрте дәлелдей түсті.

Көркем Жандосқызы – өзінің ізденім­паздығы мен зеректігінің арқасында пән­дік олимпиадаларда жоғары нәтиже­лер көрсетіп келеді. Бұған дейін кейіп­керіміз облыстық «INNOFEST» инно­вациялық идея­лар фестивалінде тобы­мен бірлесе «Terromind» жобасын ұсынып, 300 000 теңге иеленді. Өз кезегінде облыстық деңгейдегі «Зияткер» телевизиялық викторинасына қатысып, бағын сынауда. «Amanat Ideathon» хакатонында заманауи технологиялық шешім болып табылатын «QosQanat» платформасын ұсынып, жобаның өзектілігін шебер қорғап шық­ты.

– Менің жобам – білім алуға қол­жетімділікті арттыруға, әсіресе ауылдық жерлердегі және әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға қолдау көр­сету­ге бағытталған цифрлық бастама. Платформаның негізгі мақсаты – әр оқушыға сапалы білім ресурстарын ұсыну, оқу мотивациясын арттыру және өз қабілетін дамытуға мүмкіндік беру. Хакатонға дайындық барысында мен көп еңбек еттім. Идеямды жүйелеу, жобаның құрылымын жасау, оның қоғамға пайдасын нақтылау үлкен жауапкершілік жүктеді. Сарапшылар алдында жобаны қорғау мен үшін үлкен тәжірибе болды. Өз ойымды ашық жеткізуге, жобаның артықшылықтарын дәлелді түрде түсін­діруге тырыстым. Нәтижесінде, менің «QosQanat» платформам жоғары баға­ланып, білім грантын жеңіп алдым. Бұл жетістік мен үшін үлкен қуаныш қана емес, сонымен бірге алдағы үлкен мақсат­тарға жетелейтін маңызды қадам болды. Мен бұл жеңісті өз еңбегімнің, табан­дылығымның және ұстаздарымның қолдауының нәтижесі деп білемін. Осы мүмкіндік арқылы өз білімімді одан әрі жетілдіріп, «QosQanat» жобасын дамытуды көздеймін. Болашақта бұл платформа көптеген оқушыға қолдау көрсетіп, олардың білім алуына жол ашатын пайдалы құралға айналса деймін. Менің бас­ты арманым – білім арқылы жастардың мүмкіндігін кеңейтіп, еліміздің дамуына өз үлесімді қосу, – дейді дарынды оқушы.

Ал Қанат Зиятов болса, Алматы қаласындағы халықаралық IT универси­теті ұйымдастырған байқауда журналис­тика бағыты бойынша І орын иеленіп, грантқа қол жеткізді. «Қазақстандағы цифр­лық медианың дамуы» тақырыбында жоба қорғаған талапты оқушы байқау жөнінде пікір білдірді.

– «Қазақстандағы цифрлық ме­диа­ның дамуы» тақырыбында жобамды қорғадым. Бұл жобада еліміздегі ақпа­раттық кеңістіктің қалай өзгеріп жатқанын, дәстүрлі медиадан цифрлық форматқа көшу процесін қарастырдым. Жалпы алғанда, мен үшін дәстүрлі медиа­ның цифрлық форматқа көшу процесі – қазіргі заманның ең маңызды әрі өзекті өзгерістерінің бірі. Бұрын ақпа­рат тек газет, журнал, радио және теледидар арқылы таратылса, бүгінде ол толықтай интернет кеңістігіне бейім­деліп, жаңа деңгейге көтерілді. Бұл өзгеріс ақпараттың жылдам таралуы­на, қолжетімділіктің артуына және қоғам­мен байланыс орнатудың жаңа мүм­кіндіктерінің пайда болуына жол ашты. Осы тақырыпты зерттеу барысында мен цифрлық медианың қоғамдағы рөлін тереңірек түсіне бастадым. Әлеуметтік желілер, онлайн жаңалық порталдары, подкасттар мен видеоплатформалар ақпа­рат таратудың негізгі құралдарына айналды. Бұл тек ақпарат алу емес, сонымен бірге әр адамның өз пікірін білдіруіне, шығармашылықпен айналы­суына мүмкіндік беретін үлкен алаң екенін ұқтым. Мен осы бағытта өз жобамды ұсынып, грант иегері атандым. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік пен жаңа мүмкіндіктердің бастауы болды. Жобамның мақсаты – дәстүрлі ме­диа­ның құндылықтарын сақтай отырып, оны цифрлық ортада тиімді қол­дану жолдарын көрсету және жас­тардың медиасауаттылығын арттыру. Бұл жетістік маған тек қуаныш сыйлап қана қоймай, үлкен мотивация берді. Мен ұстаздарымның қолдауын және өз еңбегімнің нәтижесін ерекше бағалаймын. Алдағы уақытта осы бағыт­тағы білімімді тереңдетіп, медиа саласының дамуына өз үлесімді қосуды мақсат етемін. Цифрлық медиа – тек технология емес, ол қоғаммен байланыс орнатудың, ойды еркін жеткізудің және болашаққа жол ашатын маңызды құрал, – дейді Қанат Зиятов.

Бұған дейін «Мамандықтар әлемін ашамыз» атты республикалық форумның қатысушысы атанған Қанат Зиятов бола­шағынан зор үміт күттіретін дарынды жас санатында.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
28 сәуір 2026 ж. 81 0