Жаңылған мен сүрінгенге демеу керек
«Probation» ұғымы көптеген елдің қылмыстық-атқару тәжірибесінде кеңінен қолданылады және бас бостандығынан айыру жазасына балама ретінде қарастырылатынын ұмытпаған абзал. Қылмыс жасаған адамдарды қоғамнан толық оқшауламай, оларды түзетуге және қайта әлеуметтендіруге бағытталған құқықтық бақылау мен қолдау жүйесі ретінде қолданылатын пробация қызметі – құқық қорғау саласының маңызды тетіктерінің бірі. Сырдария ауданында пробация қызметі жүйелі жолға қойылып, жыл көлемінде тиісті іс-шаралар жүзеге асуда.Жалпы алғанда, пробация қызметі бойынша осы жылдың 3 айында қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза түріне 70 сотталған адам есепке алынған. Оның ішінде 12-сі белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айырылған, 2-еу қоғамдық жұмыстарға тартылған, 2-еуі бас бостандығын шектеу жазасына, 49-ы шартты жазаға кесілген. Ал 5 адамға қатысты жаза өтеу кейінге қалдырылған. Жыл басынан бері 12 адам есептен шығарылған. Осы ретте аудандық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет майоры Асылжан Сақыбеков аталған салада атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндап берді.
– Пробацияның негізгі мақсаты – құқық бұзған тұлғаны қайта тәрбиелеу, оның қоғамға бейімделуіне көмектесу және болашақта қылмыс жасаудың алдын алу. Осы арқылы мемлекет тек жазалауды емес, адамның түзелуіне мүмкіндік беруді көздейді. Сотқа дейінгі кезеңде күдіктінің жеке тұлғасы зерттеліп, құзырлы органға ұсыныс беріледі. Сот кезеңінде оның мінез-құлқы бақылауға алынады. Ал жазасын өтеу және одан кейінгі кезеңдерде адамға әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетіледі. Пробацияның басты мәні – сотталған тұлғаны қоғам ішінде бақылау арқылы түзету. Яғни адам түрмеге қамалмайды, бірақ белгілі бір талаптарды сақтай отырып, заң аясында өмір сүруін жалғастырады. Бұл талаптарға тұрақты жұмыс істеу, құқық бұзбау, пробация қызметіне тіркеліп, есеп беріп отыру секілді міндеттер кіреді. Мұндай тәсіл бір жағынан қоғамдық тәртіпті сақтауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан адамның әлеуметтік байланыстарын үзіп алмауына жағдай жасайды. Бүгінде есепті кезең бойынша 58 адам тіркелген. Мәселен, олардың қатарында 11 адам белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айырылған, 43-і бас бостандығын шектеу жазасында, 3-еуі шартты жазада, 1 адамның жазасын өтеуі кейінге қалдырылған. Сырдария аудандық пробация қызметіне ҚАЖ департаментінен 6 электронды білезік берілген. Қазіргі таңда олардың 5-еуі қолданыста, ал бір білезік «Картел» ЖШС-не ақауын анықтау үшін жіберілген. Сонымен қатар Сырдария ауданы әкімдігінің қолдауымен 16 электронды білезік сатып алынған. Жылдың алғашқы айында «Мансап» орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, 3 азамат квота бойынша жұмысқа орналасты. Қылмыстық тәуекел деңгейі бойынша талдайтын болсақ, жасыл санатта – 26, сары санатта – 28, қызыл санатта – 3 сотталған бар. Айта кетейік, пробация есебінде тұрған 38 азаматтың тұрақты жұмысы бар, ал 14 азамат еш жерде жұмыс істемейді. Сондай-ақ 2 азамат бала күтіміне байланысты, 1 студент және 1 зейнеткер есепте тұр, – деді Асылжан Сақыбеков.
Аудан көлемінде пробация есебінде тұрған азаматтарды қолдау, әлеуметтік тұрғыдан демеу мақсатында «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қоры бірқатар іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Қор төрағасы Марат Омаровтың айтуынша, «2026 жылы Сырдария ауданы бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында әлеуметтік маңызды іс-шараларды бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын және босатылған, сонымен қатар пробация қызметі есебіндегі азаматтарға көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыру» тақырыбындағы жоба аясында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жыл көлемінде 14 іс-шара ұйымдастыру жоспарланса, оның 4-еуі осы уақытқа дейін өткізілген.
– Біздің қордың тәжірибесінде пробация есебінде тұрған азаматтармен жұмыс істеу барысында олардың басым бөлігі қоғамнан оқшауланбаған жағдайда тезірек түзелетінін байқаймыз. Себебі адам отбасымен, ортасымен байланысын үзбейді, еңбек етеді, жауапкершілік сезімі қалыптасады. Халықаралық тәжірибеде де пробациядан өткен адамдардың едәуір бөлігі қайта қылмыс жасамайтыны дәлелденген. Бұл – пробацияның тиімділігін көрсететін маңызды фактор. Жалпы, «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қоры аясында жүргізіліп жатқан іс-шаралардың маңызы зор. Әрбір азаматтың қоғамдағы орнын қалыптастыруда көптеген фактор ескеріледі. Біз алдағы уақытта да аудандық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет майоры Асылжан Сақыбековпен бірлесіп жұмыс жүргізе береміз, – деді Марат Омаров.
Мәселен, жақында «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен пробация есебінде тұрған азаматтар арасында «Жұмыспен қамту» және «Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға несие алу шарттары» тақырыбында семинар өтті. Семинарға облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов пен аудандық прокуратураның прокуроры Жомарт Жұмахметов қатысып, азаматтарға жан-жақты ақпарат берді. Бұл іс-шаралардың барлығы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жобасы негізінде жүзеге асырылуда.
Балтабай ОРДАБЕКОВ









