Цифрлық дәуірге қадам
Цифрландыру мен жаңа технология – заман талабы. Қазіргі таңда технология қарқынды дамып, адам өмірінің барлық саласына еніп келеді. Цифрландыру үдерісі мен жасанды интеллект мүмкіндіктері экономиканы ілгерілетіп қана қоймай, қоғамның жаңа келбетін қалыптастыруда. Осы орайда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы – заманауи өзгерістерге бейімделудің, инновациялық ойлауды дамытудың және бәсекеге қабілеттілікті арттырудың маңызды қадамы.Осы орайда «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының, Kyzylorda HUB және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бастамасымен қолға алынған «Amanat AI ToT» (Training of Trainers) өңірлік тренерлерді оқыту бағдарламасы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы және «Цифрлық қоғам» партиялық жобасын іске асыру мақсатында қолға алынды. Бағдарлама өңір жастарының цифрлық сауаттылығын арттырып, жасанды интеллект технологияларын меңгерген жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға бағытталып отыр.
Аталған оқыту бағдарламасы Сырдария ауданында да басталды. Ең алдымен «Әбілпаттаев» бастауыш партия ұйымында басталып, одан кейін Тереңөзек кентіндегі «Тәжібаев» бастауыш партия ұйымында жалғасқан оқытудың ашылуына «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, бастауыш партия ұйымының төрайымдары Света Сақтапова, Айнұр Әлиева қатысып, партияның цифрландыру бағытындағы бастамалары туралы айтып өтті.
Айта кету керек, «AMANAT AI TOT» бағдарламасы барысында қатысушылар генеративті жасанды интеллект негіздерін меңгеріп, нейрожелілермен жұмыс істеу қағидаттарын үйренеді. Сонымен қатар ЖИ көмегімен мәтін, сурет және презентациялар дайындау, заманауи «vibecoding» тәсілдері арқылы бағдарламалау дағдыларын игеру қарастырылған. Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – Training of Trainers форматы. Яғни қатысушылар күрделі технологияларды қарапайым тілмен түсіндіруді, сондай-ақ өз өңірлерінде оқыту іс-шараларын ұйымдастыру әдістерін меңгереді.
– Бүгінде «AMANAT» партиясы цифрландыру бағытын стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде қарастырып келеді. Өткен жылы партия «Daryn Ustaz» орталығымен бірлесіп «Ustazga AI» жобасын іске қосты. Бұл бастама мыңдаған мұғалімнің жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануына жол ашты. «Жастар Рухы» ЖҚ өңірде бірнеше жыл қатарынан 10-11 сынып оқушылары арасында спорттық бағдарламалау олимпиадасын ұйымдастырып, жеңімпаздарға Қорқыт ата университетінің білім гранттарын табыс етуде. Ал, бүгінгі «AMANAT AI ToT» бағдарламасы – сол жұмыстың заңды жалғасы. Бұл жоба – тек білім беру алаңы ғана емес, өңірлердегі цифрлық теңсіздікті азайтып, жастарға нақты мүмкіндік беретін маңызды қадам. Осы бағдарламаға ауданымыздан арнайы мамандар қатысып келд. Енді олар бастауыш партия ұйымдарында оқыту жұмыстарын бастауда, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Бүгінде сандық технологиялар мемлекеттік басқарудан бастап барлық негізгі салаларда кеңінен қолданылуда. Жасанды интеллект адамның жұмысын жеңілдетіп, тиімді шешімдер қабылауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл бастама елдің технологиялық дамуына серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз. Бұл ретте оқыту жұмыстары алдағы күндері аудандағы мекемелер мен бастауыш партия ұйымдарында жалғасатын болады.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ










