Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сейфолла ақынның сапары

Сейфолла ақынның сапары

Көрнекті ақын Сейфолла Оспан өткен аптада ата-бабасының атақонысы, кіндік қаны тамған қасиетті туған жері С.Сейфуллин ауылына келіп, бірқатар игі іс-шараларға қатысты. Ақын ең алдымен жерлестерімен кездесіп, ауданның, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты.

Ақынның шығармашылық әрі перзенттік сапары ата-бабаларының рухына құран бағыш­тап, ас берумен басталды. Асқа әрісі Жалағаш, берісі ауданға қарасты ауылдар мен Тереңөзек кентінің ардагерлері жиналды. Аста рухани мәні зор тағылымы мол өсиеттер айтылып, елімізге белгілі көрнекті ақынның ел дамуына, руханият саласының өркендетуге сіңірген еңбегі жөнінде айтылды. Ел ағалары мен ардагерлер Сейфолла Оспанның шығармашылығын, өнегелі өмір жолын көпшілік үлгі тұтатынын айтты. Мұнан бөлек туған жер, Отан, елге қызмет ету туралы орнықты ойлар мен пайымды пікірлер ортаға салынды. Ақын жерлестерінің қолдауы мен құрметін әркез жоғары бағалайтынын айтып, қай тарапта, қай талапта жүрсе де өскен ортасын, азамат болып қалыптасуына оң ықпал еткен жерлестерін ұмытпайтынын жеткізді.
– Туған жерді, ауылды сағынамын. Мен үшін бұл өлке жұмақ мекен. Ауылдың өркендеп, өскенін қалаймын. Ел азаматтарының ба­йыр­­қалы бастамаларына тілектеспін. Ата-баба­лары­мызды еске алып, рухына құран бағыштау ісі көптен ойымда жүр еді. Сол іс бүгін ауыл халқының бірлігімен жүзеге асуда. Ерекше толқып тұрмын. Жастық шағым, шығар­машылық жолдағы алғашқы белестерім есімде. Жерлестерімнің ыстық ықыласына ризамын. Сыр өңірі, Сырдария ауданы дами берсін, – деді ақын.

С.Оспанның туған жерге сапары аясында белгілі кәсіпкер Мақсұт Әбілдаевтың ұйытқы болуымен қала орталығында арнайы басқосу жиыны ұйымдастырылды. Оған аудан әкімінің ұсынысына сәйкес аудан ардагерлері қатысып, аудан басшысының атынан ақынның иығына шапан жауып, ардақты азаматтың мерей-мәртебесін үстем етті. Басқосуда жиналғандар С.Оспанға игі тілектерін айтып, жылы лебіздерін білдірді. Мұнан бөлек ақынның өлеңдері оқылып, ардагерлер шығар­машылығы туралы ойларын ортаға салды.

– Ақын – елдің қазынасы, халықтың құр­меттісі. Біздің Сейфолла көкеміз рухани мол қазынаны кейінгі ұрпаққа өсиет еткен, халықтың құрметіне бөленген тұлға. Біз Алматыға барғанда ақынға міндетті түрде сәлем беріп, батасын аламыз. Ауылға келген са­па­рын­да ардагерлермен, әдебиет саласы­ның өкілдерімен басқосуын ұйымдастырғанды жөн көрдік. Бұл – біздің інілік парызымыз, – деді Мақсұт Әбілдаев.

А.ИБРАГИМҰЛЫ
15 қазан 2024 ж. 109 0