Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ырыс пен ынтымақ – ортақ құндылық

Ырыс пен ынтымақ – ортақ құндылық

Бүгінде ауданда елдің тыныштығы мен татулығын ту еткен түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті тірлік етіп келеді. Дана халқымыз «Бірлігі мықты елдің рухы биік» болады деп айтқандай, елімізде ұлттардың тұтастығы мен халықтар достығының арқасында экономикамыз өркендеп, ілгері басып келеді. Бірлік пен ынтымақтың мекеніне айналған ауданымыз жыл өткен сайын өсіп, өрге басып келеді. Барлық маңызды бағыттар бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізудеміз. Осы жетістіктердің бәрінде аудан тұрғындарының татулық пен бірлікке бағытталған қажырлы еңбегі мен ақ ниеті бар. Бейбітшілік бесігін тербеткен ауданда бүгінде 15 түрлі ұлт өкілі тату-тәтті тұрады. Олар әртүрлі салада қажырлы еңбек етіп жүр.

Осындай жанның бірі – Антон Савин. Ол – Терең­өзектің тумасы. Ұлты орыс демесең, таза қазақтың баласына айналғандай. Әріптестері мен қызмет бабында жолыққан кісілер оның таза қазақ тілінде сөйлеуіне, қазақылықты ұстануына таңданысын жасырмайды. Кейіп­керіміз Ә.Тәжібаев атындағы мектепте білім алған. Кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жоғары білімін жалғаған. Іргелі оқу ордасында мұнай-газ ісі бойынша грант негізінде маман атанған. Одан кейін «Болашақ» университетіне оқуға түсіп, 2020 жылы қазіргі қызмет жолына жетелеген мамандығында білім алып шыққан. Қазіргі таңда Антон – «Қазақстан халық банкі» АҚ Қызылорда филиалының Сырдария бас­қармасында мобильді қызмет көрсету орталығының маманы.

– Банкте 2021 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Банк саласында бірнеше тілде қызмет көрсетуге тура келеді. Дегенмен Сыр өңірінде басым көпшілік қазақ тілін таңдайтыны қуантады. Негізінен үш тіл білемін. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгергенмін. Достарыммен, әріптестеріммен тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Қазақ халқы – қашан да қонақжай, бауырмал халық. Қазақтардың ортасында өскендіктен, ұлтқа бөліну, өзге ұлт өкілі ретінде сезіну мүлде болған жоқ, – дейді Антон Павлович.

– Антон – өз ісіне жауапты, өте сауатты маман. Ол тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, қазақ тілін жетік меңгеруі арқылы да көпке үлгі болып жүр. Клиенттермен еркін тіл табысып, сапалы қызмет көрсетуге тырысады. Еңбекқор, ізденімпаз. Келушілер оның қазақша сөйлеу мәнеріне қарап, қазақ деп ойлап қалады. Есімін естігенде ғана өзге ұлт өкілі екенін біліп, таң қалып жататын жағдайлар жиі кездеседі. Көпшілікпен де, әріптестермен де жақсы тіл табысады. Кейде ойын толық жеткізе алмаса да, шұбарламай, қазақша айтуға тырысатыны – нағыз үлгі боларлық қасиет деп ойлаймын, – дейді «Қазақстан халық банкі» АҚ Қызылорда филиалының Сырдария басқармасының басшысы ­Асылбек Палымбетов.

«Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір» дегендей, бірнеше ұлт пен ұлыс мекен еткен ауданымызда осындай татулығы жарасқан жандар бар. Барлығын біріктіретін – елдің ырысы мен ынтымағы.

– Тарихқа көз жүгіртсек, небір алмағайып заманда қонақжай қазақ халқы өзге ұлт өкілдеріне құшақ жайған, ашаршылықтан аман алып қалған. Осындай жомарттық үшін, әрине, дархан қазаққа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Отбасымызда анам және қарындасым бар. Анам Ким Ольга Николаевна – Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейде бастауыш сынып мұғалімі. Бала кезден достарым қазақтар болды. Солай тілді еркін меңгеріп кеттім. Отбасымызда орыс, кәріс ұлтының мерекелері де тойланады. Қазақтың ұлттық мейрамдарын да зор ынтамен өткіземіз. Әсіресе, Наурыз – отбасылық сүйікті мерекеміз. Ол күні шаңырағымызда бауырсақ, шелпек, бешбармақ секілді ұлттық тағамдар дайындалады, – дейді кейіпкеріміз.

Бос уақытында үй шаруасына жәрдемдесуді құп санайтын Антон сұхбат барысында аудандық газеттің тұрақты оқырманы екенін де айтып өтті.

– Жұмыстан қолым қалт еткенде газет-журнал оқимын. Әсіресе, аудандық газеттен аудан жаңа­лықтарына тұшынамыз. Еліміздегі ең ауқымды, атаулы күннің бірі – 1 мамыр, бірлік пен татулықтың мерекесі ғой. Осы ретте арнайы ақпараттандырып жатқан редакция ұжымына да алғыс айтқым келеді. Ұлттар достастығы мәңгі жасай берсін. Шүкір, еліміз тыныш, жұртымыз аман. Елімізде тек бейбітшілік туы жығылмасын, – деді ақжарма тілегін арнаған Антон Савин.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
28 сәуір 2026 ж. 63 0