Көктем мезгіліндегі қауіпсіздікті қалай сақтаймыз?
«Көктемнің бір күні – жылға азық». Халық даналығындағы бұл сөздің айтар мағынасы көп. Көктем келіп, шаруашылықтар өз жұмысына кірісіп кетті. Бұл орайда ауыл маңы, қора-қопсыны тазалау жұмыстары барысында қадағалаусыз қалған оттан өрт оқиғаларының орын алып жатқанын айта кету керек. Бұл жағдай табиғатқа өз зиянын тигізуде.Ауланы тазалап, қоқыс қалдықтарын өртегенде, азаматтар өрттің соңына дейін сөндірілуін қадағалауы керек. Және тоғайлы, далалық жерлерде өртті болдырмау мақсатында өрт қауіпсіздгі ережелерін мұқият орындауы қажет. Егіс даласындағы күріш сабанымен, қураған шөп қалдықтарын өртегенде, сол маңдағы қора-жайларға, жақын орналасқан елді мекендегі қора ішіндегі жиналған қамыс шөптерге, дала қостарына, тоғайлы-далалы алқаптарға от тиіп кетпеуіне әрдайым сақ болған жөн. Әрбір жеке қожалық, шаруашылық басшылары немесе жауапты мамандар көктемгі тазалық кезінде жұмыстың басы-қасында болып, өрт қаупінен сақтау жолдарын түсіндіруі тиіс. Өрттің пайда болуы оңай, ал немқұрайлықтан болған өртті сөндіру қиынға соғады. Сондықтан да жеке және шаруа қожалықтарының басшылары мен кәсіпкерлер, тұрғын үй иелері өртке қарсы шараларды дер кезінде ұйымдастырып, өрт қаупінің орын алмауына күш салып отырумыз қажет.
Құрметті азаматтар! Осы шараларды мұқият орындап, өртті болдырмауды және оның алдын алу жағдайларын қарастырып, баршамыз тілсіз жаудан аман болайық! Өрт болған жағдайда 101, 112 нөмірлеріне хабар берулеріңізді сұраймыз!
Сырдария ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімі
Фото: ашық дереккөз










