Өмірі өнегемен өрілген
Әңгімені әріден қозғасақ, кез келген дәуірдің өз тұлғасы, қайраткері болады. Бәрі де ел-жұрттың қамы үшін еңбек етіп, «қайтсем де қызметім халыққа» деп өмір сүрері анық. Сырын сыртқа алдыра қоймайтын «Сыр бойы» газетінің байырғы редакторы Нұрділдә Уәлиевтің өмір жолы – қолына қалам ұстаған кейінгі буынға үлгі-өнеге. Басқарушылық қабілеті мен қаламының қарымы ел аузында жүретін ардақты азаматтың шаңырағына жақында жолымыз түсті. Жолсерігім – мұнай саласының майталманы Уәлихан Ахметов. Мақсатымыз – қарымды қаламгердің зайыбы Гүлжамал Шамшиевамен емен-жарқын әңгімелесіп, сұхбаттасу.Ақиық ақын Асқар Тоқмағанбетов бастаған зиялы қауым өкілдері тұрған Қызылорда қаласындағы Күләш Бәйсейітова көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйдің алдына келіп, көлігіміз тоқтады.
– Мұнда Сыр өңірінің тұғырлы тұлғалары тұрған. Қазіргі уақытта олардың ұрпақтары мол мұраларын сақтап отыр, – деді жолсерігім.
Бізді Гүлжамал Шамшиева күтіп отыр екен. Ең алдымен, жолдасы Нұрділдә Уәлиевтің жұмыс бөлмесін көрсетті. Әрине, өмір бойы жазудан бас алмай, газет шығару ісімен айналысқан арда азаматтың жиғаны том-том кітап екені жасырын емес.
Ендігі кезекте басты кейіпкерімізге ойысқанды жөн көріп отырмыз. Мейірімнің айнымас шамшырағына айналған әзиз ана биыл 91 жасқа келеді. Өмірге деген шексіз сүйіспеншілігі мен ұрпағына деген ақ тілегі сарқылмаған асыл жанның балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген. Қызылорда қаласы мен Тереңөзек кентінің аралығында орналасқан №11 бекетте әкесі Шәмші Құлманов теміржол саласында қызмет еткен. Зұлмат жылдары теміржол станциясының бастығы бола жүріп, жауапкершілікті терең сезіне білді.
– Соғыс өрті тұтанғанда мектепке енді барған кішкентай қыз екенмін. Отбасындағы ер азаматтарды қырғидай қырған соғыстың зардабын бүкіл халық көрді десем, қателеспеймін. Бала болсақ та, күніне еститініміз – әкеміздің дамылсыз жасап жүрген жұмысы. Сол уақытта елдегі ағайынға азық-түлік пен керек-жарақты таситын теміржолды жау қолына бермеу аса маңызды еді. Теміржолдың астымен өтетін «Сауранбай» мен «Қараөзек» каналдарының көпірін әскери адамдар күзетіп тұратын. Сондағы мақсат – қос көпірді немістер жарып жібермес үшін әкелеріміз бастаған көптеген азамат басын қатерге тікті. Жүк немесе адам тасымалдайтын пойыздардың емін-еркін жүріп-тұруына барлық мүмкіндік қарастырылды, – дейді Гүлжамал Шәмшіқызы.
Қолда бар деректерге сүйенсек, 1870 жылы Сауранбай Құлманұлының бастамасымен канал қазылған. 1903-1904 жылдары Қызылорда қаласынан 15 шақырым төменде «Өгіз кеткен» деген жерде басшылармен келіссөз жүргізілген екен. «Сауранбай каналының» үстінен барлық шығынын өзі көтеріп, теміржол көпірін салдырған. Міне, содан бері Қараөзектегі көпір «Сауранбай көпірі», ал қаздырған канал «Сауранбай каналы» деп аталып кеткен. Одақтас мемлекеттердің азық-түлік, қару-жарақ, өзге де дүниелері темір жол арқылы тасымалданатын болғандықтан, соғыс жылдары «Сауранбай көпірін» сақтап қалу маңыздылығын жоймады.
Тұтас бір дәуірдің куәсіне айналған ақ жаулықты ананың бауырлары кішкентайынан шетінеп кете берген. Ол қазіргі Асқар Тоқмағанбетов ауылына келіп, жетіжылдық мектептен дәріс алған. Ағайындарының қолында тәрбиеленіп, қос отбасының көз қуанышы бола білген. Мектеп бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы сол кездегі медицина мектебінен фельдшерлік мамандық алып шығады.
– Нұрекеңмен 18 жасымда танысып, көңіл жарастырдық. Сан салада қызмет етіп, елі үшін еңбек еткен ер азаматымның өмір жолына қызыға қараймын. Сауаттылығы мен білімділігінің арқасында ел басқару ісіне араласып, Алла Тағала берген абыройдан айныған емес. Кісі алдынан кесе өтпейтін қасиеті арқылы өз ортасының сыйлысына айналды. Өзім медицина саласында бірнеше жыл жүріп, адам жанының арашасы бола білдім. Он екі жыл медицинада, қалған уақытта екі бірдей балабақшада меңгеруші болдым. Осыдан 41 жыл бұрын зейнет демалысына шықтым, – дейді аяулы ана.
«Ана – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз алтын жүректі жанға қарата айтылғандай. Құдай қосқан қосағы екеуі бес перзентті өсіріп-жеткізіп, өнегелі әулетке айналған. Ұрпақтарынан тараған немере-шөберелеріне ғибратты әңгімесін айтып отыратын аяулы ана өткен өмірінен сыр шертеді.
– Шүкір, Алла Тағаланың берген жасына жетіп, тоқсан бірдің белесіне келіп отырмын. Біз көрген өмірдің қиындығы да, қуанышы да аз болған жоқ. Аштық пен жоқшылықты да бастан өткердік, еңбек етіп, бала-шаға өсірдік. Сол күндердің бәрі бүгінде артта қалған өмір жолындай көрінеді. Адамға ең керегі – сабыр, бірлік және адал еңбек. Осы үш қасиет болса, өмірдің қандай қиындығын да жеңуге болады. Бүгінгі күні ұрпағымның өсіп-өніп, ел қатарлы өмір сүріп жатқанын көру – мен үшін үлкен бақыт. Балаларым, немерелерім, шөберелерім аман болса, одан асқан қуаныш жоқ. Қазіргі жастарға айтарым – ата-ананы қадірлеңдер, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болыңдар. Бірлік пен татулық бар жерде береке болады. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болып, ұрпағымыз өсіп-өне берсін деп тілеймін. Адамның артында жақсы аты мен тәрбиелі ұрпағы қалса, сол – өмірдің ең үлкен жемісі, – деді әзиз ана.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










