Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№79 газет

05 қазан 2024 ж.

№ 78 газет

01 қазан 2024 ж.

№ 77 газет

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Жан азығын сыйлаған ана

Жан азығын сыйлаған ана

Қадір-қасиетін, адамгершілігін биік ұстау арқылы өз ортасында ғана емес, өмір бойы еңбек еткен ұжымында сыйлы болу адамды шексіз бақытқа бөлейді. Күлтай Жаңабергенқызының бойындағы асыл қасиеті өмірінің соңына дейін кітапхана ісін алға сүйреумен жалғасты. Еселі еңбек иесі мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, артында қалған ұрпағына бойындағы бар жақсы қасиетті қалдырып кетті.

Күлтай Жаңабергенқызы киелі топырақ Асқар Тоқ­мағам­бетов ауылында өмір есігін 1924 жылы ашқан. Әкесі Жаңаберген мен анасы Ақборықтың екінші перзенті. Бала кезінен кітапқа құмар болып өскен Күлтай зеректігі мен алғырлығының арқасында алдымен мұғалім болып еңбек етеді. Он жылдан астам уақыт ағартушылық қызмет атқарып, өмірлік қосағымен отасқаннан кейін Тереңөзек аудандық кітапханада ұзақ жыл мең­герушілік қызметті абыроймен атқарады. «Әде­биеттің бірден-бір насихаттау­шысы – кітап­­ханашы, адам­ның жанына азық беретін – кітапхана» демекші аудандық кітапхананың халықтық орынға айналуына күш салады.

Ардақты ананың «Адам сәл де болса аялдап, өз-өзімен болатын, өз уақытына өзі ие болатын бір­ден-бір орын кітапхана ғой. Ал ол жерді жайлы етіп қалыптастыру кітапханашы мен оқырман арасындағы әдемі қарым-қатынасқа байланыс­ты» деп айтқанын бүгінде қызы Нина бір сәтке де ұмытқан емес.

–Әкеміз Әли қызметте болған азамат. Отба­­сын құрғаннан кейін анамызды Ақтөбе қаласындағы мәдениет училищесінде оқытқан. Өзі кітапханашы бола жүріп, оқуын бітіріп, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік алған. Бала күнімізде біздің отбасымыздан қонақ арылмайтын. Өмірге балаларын әкеліп, туысқандардың да балаларын бағып-қағып, әкеміздің де жағдайын жасап, өзі де қызметтен қалмауға уақыт табатын. Анамыз өте білімді, кітапқұмар еді. Ол кісі оқымаған кітап қалмады десек артық айтқандық болмас. Ол кісінің қаншалықты іскер адам болғанын оның көзін көргендер айтады. Адамға тән қасиеттен аттамай өмір сүру керектігін үнемі айтып, құлағымызға сіңірді, – дейді бүгінде зейнеткерлікке жеткен кіші қызы Нина Әлиқызы.

Күлтай Ахметова сүйікті мамандығын ат­қара жүріп, өзін, балаларын, жұбайымен қамқор­лығына алған аға­йынның балаларын жақсы тәр­биеледі. Әрқайсысын оқы­тып, білім беріп, үйлі етіп, үйлендірді, қыздарды ұзатты. Нұрділдә, Күлбарам, Насиха, Нұрсейіт, Абдулла, Бәрзу, тағы үш қыз баланың басынан сипап, өмірден өз орындарын табуына күш салды. Әли аға мен Күлтай апаның бұл жақсылығын олар еш уақытта ұмытқан емес. Бүгінде аты Сыр еліне танымал болған жазушы, журналист Нұрділдә Уәлиұлы ағасы мен жеңгесіне өмір бойы қарыздар екенін айтып, естелік кітабында зайыбы Гүлжамал ата-ананың орнын жоқтатпаған кісілер жайлы жылы сөз арнаған.

Нұрділдә Уәлиұлының «Парасат пен парыз» атты кітабында қаламгердің зайыбы Гүлжамал Шәмшіқызы «Құшағын жайған шаңырақ...» естелігінде жұ­байы Нұрділдәнің: «Ата-ана­ның махаббатынан асқан адам өмірінде құдіретті нәрсе жоқ екен», – деп айтқан әңгімесін еске алады. Жазбада Гүлжамал апа: «Әкесі Уәли 1941 жылдың шілде айында, анасы Зейнегүл 1943 жылдың ақпанында қайтыс болады. Үлкен апалары Гүлбарам, Насиха, інісі Нұрсейіт, өзі төртеуі жетім қалады. Тағдыр жолы ойламаған жерден бәрін өз ыңғайына бұрып әкетті. Шиеттей жетім қалған балалар маңдайларына жазғанды көруге тура келеді. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ұлы халық емес пе?! Әкесінің немере інісі, артта қалған бауыры Ахмет ата мен Шәрипа анамыздың баласы – ағамыз Әли мен жеңгеміз Күлтай қарлығаштың қанатымен су сепкендей шырылдап жүріп, біздерді панасына алды. Жетім атандырмай маңдай терлерін төгіп, бір үйдің баласындай бөлмей-жармай ата-аналық махаббатын төкті. Өз балаларын біздің көзімізше еркелетпей, бар мейірім-шапағатын бізге төкті. Неткен ақыл­дылық!..» деп ата-аналық мейірімді ешкімнен кем көрмегенін ағыла жазған. Ағасы мен жеңгесінің балалар үшін еткен еңбектері Алладан қайтсын деп, бауырларына басқан балалардың әрқайсысын жұмысқа тұрғызып, қыздарды ұзатса, ер балаларды үйлі-жайлы етіп, қамқорлық танытқан.

Міне, біз жоғарыда айтқан адамшылық деген осы болар, сірә?! Аналық махаббатын өз балалары­нан кем көрсетпеген Күлтай ана­мыздың мейірімге толы жүрегі қандай кең болған десеңізші. Ал қызмет еткен жылдар жайлы естеліктер де көңілді тебірентпей қоймайды.

–1982 жылы оқу бі­тіріп, алғаш рет аудан­дық кітапханаға жұмысқа орналастым. Жалпы ол кездегі адам да, жұмыстың түрі де бөлек болатын. Оқырмандар сыпайы еді, біз оларға, олар бізге ерекше ілтипатпен қарайтынбыз. Кітапханада ылғи аға буын өкілдері жұмыс істейді. Күлтай Ахметова ол кезде ардагерлікке жеткен. Ардақты жанды өзімізге ұстаз санадық. Ол кісінің биязылығы, іскерлігі үлгі болды. «Қайтсем кітапхана ісін алға сүйреймін» деген қасиеті сүйікті мамандығымен өмір бойы айналысуына мүмкіндік берді. Күлтай апайға ұқсауға тырыстық. Жайдары мінезі, көпшіл қасиеті айналасын нұрға бөлейтін. Кітапхана жұмысына сара жолын қалыптастырды. Өзінен кейінгі меңгерушілерге үнемі қолдау білдіріп, қиын да қызықты жұмысты тыңғылықты атқаруға жол сілтеді. Ол кісіден үйренгенімізді санамызға тоқыдық, – дейді кейінгі жылдары кітапхана меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған Гүлстан Нұржакиева.

Мамандығының ыстық-суы­ғына төзіп, өмірлік тәжірибе жинаған, барлығын орнымен, өз ретімен атқаруды жөн са­наған Күлтай Ахметова іскер басшы болуымен қатар, жақсы жар, сүйікті ана бола білді.


–Анамыз өмірге алты перзент әкелген жан. Үлкен­іміз Болат елге сыйлы, қарттыққа абыроймен жетіп отырған жайы бар. Күләнда өмір бойы балалар дәрігері болып облыстық медицина орталығында қызмет атқарды, өкініштісі өмірден өткені. Одан кейін Нина, сауда саласында еңбек етті. Өзім жол құрылысы саласының ардагерімін, Ербол – электрик, Қуаныш – жүргізуші. Балаларынан өрбіген 18 немере, 43 шөбере және 3 шөпшек үлкен әулетіміздің тамырын тереңге жайды. Биыл марқұм анамыздың туғанына 100 жыл толуда. Өмірі өнегелі анамызды еске алу перзенттік парызымыз, – дейді ұлы Уәлихан Әлиұлы.

Кітапхана ісін дамытуға отыз жылдан ас­там уақыт үлес қосып, абыройға кенелген Күлтай Жаңабергенқызы 1970-1972 жылдары Кеңес Одағына Еңбегі сіңген Мәдениет қыз­меткері атағын алды. Облыстық, республикалық Мақтау қағаз­дарымен, сол жылдардағы жоғары марапаттардың бірі – «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медалімен наградталды. Мәдениет саласына еңбегі сіңген қызметкер атағымен зейнетке шығып, 82 жасында өмірден өтті.

Кәсібіне адал болған ар­дақты ана өз кезеңінде кітап­хананы, кітаптарды, мамандарды сақтау ісінде үлкен қайраткерлік танытқан тұлға болды. Өмірін кітапхана мен оқырман арасындағы алтын көпірді қалыптастыруға арнаған жан киелі шаңырақтың тіршілігіне жан бітіріп, рухани құндылықтың мәртебесін биіктеткенін кейінгі толқын ұмытпақ емес.

Бибісара ЖАНӘЛІ
03 тамыз 2024 ж. 320 0