Қуатты қалам иесі
Қарымды қалам иесі, ардагер журналист Шаһарбек аға Нұрсейітовпен шығармашылық кездесу кеші өтті. Онда өңірге белгілі азаматтың өнегелі өмір жолы үлгі етіліп, шығармашылығы дәріптелді. Іс-шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, студент жастар қатысты.
Кездесу кешінде Ш.Нұрсейітовтің еңбек жолы таныстырылды. Осы өлкеде туған қаламгер жастайынан оқу-білімге талпынып, журналистік салаға қызығушылығы болған. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ сатираға бойлап, шымшымалар жаза бастаған. Одан кейінгі ер жету кезеңінде бойындағы жазушылық қасиетті шыңдап, шығармалары басылым беттерінде жарияланып отырған. Ал еңбек жолы ұстаздықтан басталып, одан кейінгі кезеңде Ақтөбе облысында журналистік, мемлекеттік қызметпен жалғасқан. Туған жерге қайта келген уақытта да жазушылық қырымен танылып, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде беделді қызмет етті. Осы салада жүріп көптеген жетістіктерге жетті, кітаптар да жазды. Жергілікті газет редакциясынан құрметті зейнет демалысына шықса да қоғамдық жұмыста белсенді. Қазіргі таңда халықаралық «Қазақ тілі» ҚБ аудандық филиалының төрағасы қызметін атқаруда. Бірнеше кітаптың авторы және жақында ғана сиясы кеппеген «Перзенттік парыз» кітабы баспадан шықты.
Шығармашылық кешке жиналған зиялы қауым өкілдері қарымды қаламгердің жазушылық, адамгершілік қасиеттеріне тоқталып, құттықтауларын жеткізді.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиев шығармашылық кешті ұйымдастыруда туған жерден түлеп ұшқан ақын-жазушыларды, талантты тұлғаларды дәріптеу негізгі мақсат екенін айтты. Кейінгі толқын қоғам үшін еңбек етіп жүрген осындай алдыңғы толқын ағалардан үлгі алу керектігін жеткізіп, жаңа кітаптың жарық көруімен құттықтады. Ал халықаралық «Қазақ тілі» ҚБ облыстың филиал төрағасының орынбасары Жалғасбек Аманов Шаһарбек Балтабайұлымен шығармашылық жолда танысқанын, қуатты қалам иесінің еңбекқор екенін тілге тиек етті. Қазіргі таңда тіл жанашыры ретінде ауданда жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап, облыстық филиал төрағасының «Алғысын» табыс етті.
Сөз кезегінде «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», мәдениет саласының ардагері Сандыбай Сәдуақасұлы, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Зайдағали Жүсіпбайұлы, еңбек ардагері Мектепхан Елеусінов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Марат Омаров қызметтік өсу жылдарындағы еңбегін, шығармашылық жолдағы қарымдылығына тоқталды. Сондай-ақ ардагер-ұстаз Алтын Нұртаева, жеке кәсіпкер Несібелі Керейтбаева, ақын шәкірті Бағдат Есназар шығармашыл тұлғаның адамгершілік қасиетін, қоғамдық істердегі белсенділігін айтты. Өнегелі істерін жеткізіп, мерейін үстем етті.
Іс-шара барысында ардагер журналистің шығармашылығына шолу жасалып, арнайы сұрақтар қойылды. Осыған дейін баспа бетінен жарық көрген кітаптары туралы тағылымды әңгімелер айтылды. Жақында ғана жарыққа шыққан «Перзенттік парыз» кітабынан алар өнегенің мол екені дәріптелді. Қарымды қалам иесіне арнап жастар жергілікті ақындардың арнау өлеңдерін оқыды, ән де шырқалды.
– Қай өңірде жүрсем де шығармашылықтан қол үзген емеспін. Барлық қызметім де осы жазушылыққа байланысты болды. Ақтөбе өңірінде баспа саласында журналист, одан кейін ішкі саясат бөлімінде жетекші маман, облыс әкімінің баспасөз қызметшісі болып қызмет атқардым. Ал туған жерге келгенде аудандық газетте еңбек етіп, шығармашылық жолым жандана түсті. Осында жүріп кітап жазуды қолға алдым. Қасиетті өңірдің дарынды тұлғалары шығарма арқауы болды. Осындай қызмет барысында көптеген құрметке де ие болдым. Мұны атқарған еңбегіме халықтың ыстық ықыласы деп білемін. Осы кеш арқылы шығармашылық есебімді бергендей болып отырмын. Баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шаһарбек Балтабайұлы.
Жазушылық қырымен елге танылып, қоғамдық істерде белсенді болып жүрген өңірге белгілі қаламгердің жастарға берер өнегесі мол. Алдағы уақытта да қуатты қаламынан талай тағылымды дүниелер туатыны анық. Сондықтан шығармашылық табыс тілейміз!
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ