Жеке кітапхана жасақтаудың сыры неде?
Кітап оқу – күнделікті орын алатын үйреншікті әдет, ал түгелдей кітапхана жасақтау – еңбек. Журналистика мамандығында оқып жүрген сәттен ескі және жаңа кітапты жинауды дағдыға айналдыра алдым. Осы күні жүзден аса кітап жеке кітапханамның сөресінен табылады.Тарихта жеке кітапханасын қалыптастырған танымал тұлға қатары жеткілікті. Мәселен, ғылым мен философияға өмірін арнаған ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби Бағдат, Дамаск кітапханаларында ұзақ уақыт болып, жеке жинағы болғаны айтылады. Ибн Сина өзіне керекті қолжазбалардың қорын тізбектеп, аса тиянақтылықпен жинақтаған. Бұл ретте қазақ зиялыларының басым бөлігі өз кітапханасымен мақтана алған. Өз кезегінде Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әлихан Бөкейхан, Дінмұхамед Қонаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев кітапхана жасақтаудың шебері атанған. Олар мыңнан аса кітапты жеке құнды мұрасына айналдыра білген.
Өткен жылы «Ұлттық кітап күні» мерекесінде «Құрмет» орденінің иегері, «Мәдениет қайраткері», Сырдария, Жалағаш аудандарының Құрметті азаматы, елімізге белгілі балалар ақыны Сейфолла Оспан жеке кітап қорынан аудандық кітапханаға 2000 кітап тарту еткенін жақсы білеміз. Саналы ғұмырында сан түрлі тақырыпта жинақтай білген мол мұрасы бүгінде оқырманның олжасына айналды. Ұлттық шеңберден асып, әлемдік әдебиет пен мәдениеттің тарихынан өз орнын ойып алған суреткер Ғабит Мүсіреповтің мерейтойлық кітабында көптеген қаламгер естелік айтады. Бұдан бөлек, жазушының інісі Әшімнің қызы Жанат Махмұтова ұлы қайраткер жөнінде ерекше мазмұнды әңгіме өрбітеді. Ол – атасын бала жастан білетінін, адам баласы жұмыс кабинетін жинағанды ұнатпайтынын алға тартады. Кітап оқып, түбірін зерттеп отыратын Ғабең қай қағазының қай жерде тұрғанын өзі ғана білетін болған. Қолжазбасы мен кітабының әрқайсысының өз орнында тұруына аса мән берген.
Жақында Қызылорда қаласына арнайы барып, «Сыр бойы» газетінің байырғы редакторы Нұрділдә Уәлиевтің шаңырағында болдым. Қаламгердің зайыбы Гүлжамал апа ер-азаматының жұмыс бөлмесін көрсетіп, кітапқа толы сөренің әлі күнге сақталуының сырын түсіндірді. Біз қолмен ұстап көрмеген бірқатар кітаптың мазмұнын аңғарып, жұмыс бөлмесіндегі асқан жинақылықты байқадым.
Сөз басында айтқанымдай, кітап оқумен қатар көптеген ақын-жазушының құнды еңбегін жинауға қызықтым. Бірде топтасым, медиа саласының майталман маманына айналған Нұрбай Шәкім екеуміз бір кітапқа таласқанымыз бар. Ақырында ол кітапқа ие болды. Мен сол мазмұнды жинақты мүшәйраға қатысып, ұтып алғаным бар. Ол кезде ойы бір арнаға тоғысатын қос замандасқа дүние үшін емес, кітапқа қызығып таласатыны қызық көрінетін.
Үлкен үйге кірген кезімізде халықтың батасын алу мақсатында қоныс тойын жасадық. Сонда төрде отырған, егде тартқан бір нағашым столдың астында тұрған орташа қалыңдықтағы кітапты жұлып алып, «іздеп жүргенімді таптым-ау» деп төс қалтасына салып жіберді. Сол кезде «кітап ұрлау» өтеуі бар қылмыс қатарына кірмейтінін білдім.
Мәселен, Айдарлының академигі атанып кеткен Асан Рүстембек қария көзі тірісінде конспект дәптер жазып, 4-5 тоннадай газет-журнал жинап, ешкімге жыртқызбаған. Оның жеке кітапханасын көру үшін ақын Мұхтар Шахановтың өзі үйінде қонақ болған.
Сөз соңында айтарымыз, Асан Рүстембек секілді жандар том-том кітап жазбаса да, әлем және қазақтың ақын-жазушыларының құнды еңбектерін бағалап, үйінің төріне қойған. Міне, жеке кітапхана жасақтаудың сыры – ғасырында бір ғана мәрте дүниеге келетін ұлылар еңбегін бағалау.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










