Жас тілші – жүлдегерлер қатарында

Бірнеше күнге созылған облыстық байқаудың қорытындысы Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасында қорытындыланды. Аталған байқауда басылым тілшісі Гүлсезім Жансерікқызының «Қазақ атауымен ұштасқан Қызылорда тарихы» тақырыбындағы мақаласы қазылар шешімімен жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. Жас та болса, өз білімі мен біліктілігін байқатып келе жатқан әріптесіміз бұған дейін өзге де облыстық байқаулардан жүлдегер атанып жүр. Жас тілші еңбек адамы, медицина, спорт, мәдениет, тарих тақырыбында кеңінен қалам тербеп, шығармашылығын шыңдауда.
– Қашанда шығармашылық адамын шыңдайтын күнделікті газет жұмысымен бірге сан түрлі деңгейдегі байқау екені жасырын емес. Бұл ретте біздің әріптесіміз облыс көлемінде ұйымдастырылған байқауда мерейімізді тасытты. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жақсылық Рахматулланың қазақ баспасөзінің өркендеуіне жасаған елеулі еңбегі ел жадында екені сөзсіз. Кейінгі буын қарымды қаламгерлердің жүріп өткен жолына қанығып, қаламның қуатын сезіне бермек. Өз кезегінде басылымның жас тілшісі Гүлсезім Жансерікқызының кезекті жеңісімен шын жүректен құттықтаймын, – деді аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Аружан Мұханбетқали.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ