Мамандығы – мақтанышы

Иә, қарап отырсаңыз, қырық жыл аз да, көп те уақыт емес. Олай дейтін себебіміз, кейіпкеріміз саналы ғұмырының салмақты жылдарын осы салаға арнап, ауыл халқының денсаулығы түзу болуы жолына арнап келеді. Ал көп уақыт емес дейтін себебіміз Күлән Тұңғышбайқызының бұл салаға берері, жас буынды тәрбиелеуге қосар үлесі әлі де мол.
Кейіпкеріміз – Шіркейлі ауылының тумасы. Қазір де осы шырайлы ауылдың тұрғыны. Әкесі Тұңғышбай мен анасы Тай да осы ауылға өз еңбектерін сіңіріп, үлгілі ұрпақ тәрбиелеген жандар. Әкесі ұзақ жыл ауылда жүргізуші болса, анасы балабақшада жұмыс істеген.
– Ол уақыттарда дәрігер яки мұғалім мамандығын таңдайтын көпшілік. Бала күнгі арманыма арқа сүйеп, арман қуып медицина саласын таңдадым. Дәрігер болу, адамдарға жәрдем беру бала күнімнен өзімнің арманым еді. Балалық шағым Шіркейлі ауылында өтті, бүгінде білімнің қарашаңырағына айналған Ә.Жәмішев атындағы мектептен білім алдық. 1982-1986 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы медициналық колледжде оқып, кәсіби шыңдалдым. Аталған саланың қыры мен сырына терең үңіле алдым, – дейді кәсібінен береке тапқан мейірімді жүрек иесі.
Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – фельдшер. Еңбек жолы да сол оқу бітіріп келген жылында басталған. Алғашында мектеп медбикесі болып жұмысқа орналасқан ол ауыл балаларының денсаулығына жіті көңіл бөлген. Оқушыларға уақытылы екпе салдыру, олардың сабақ уақытында ауырып қалмауын бақылау жұмысын сүйіп атқаратын жанға қиындық туғыза қоймаған. Осы орында он жыл абыроймен қызмет еткен Күлән апай алғашқы еңбек жылдарының тәжірибеге толы болғанын айтады. «Көп нәрсені үйрендік, «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық дегендей», алғашқы еңбек жолым басталған әрі өзім білім алған қарашаңырақ мен үшін қашан да киелі орда» дейді абзал ана. 1996 жылы қысқарту себебінен жұмыстан шыққан медбике арада бірнеше жыл өткенше үй шаруасында болған. Десе де бұл уақытты құр өткізбей, негізгі мамандығынан қол үзбеген. Кейін 2005 жылы сәтін салып Шіркейлі дәрігерлік амбулаториясына жұмысқа орналасқан медбике күні бүгінге дейін ауыл халқының саулығына жіті мән береді. Сондай-ақ кейіпкеріміз Қоғалыкөл, Н.Ілиясов, Шіркейлі ауылдарында әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеген. Қазіргі уақытта да Шіркейлі және Қоғалыкөл ауылдары бойынша мүмкіндігі шектеулі жандармен етене байланыс орнатып, ерекше жандардың жүрегіне үміт отын жағып келеді.
Қазақта «қолы жеңіл» деген тіркес бар ғой. Бұл сөз медбике Күләнға арналып айтылғандай. Осы салада әбден ысылған маманның тәжірибесі мол. Өзінің өмірлік жиған білімі мен үйренгенін кейінгі буынға үйретуден танған емес.
Қызмет пен отбасын қатар ұйыта білген жан жолдасы Нұрсұлтан Шамахановпен бірге төрт баланы тәрбиелеп, үлкен өмірге қанаттандырған. Бүгінде Еркебұлан, Гүлфира, Меңсұлу, Ерасыл есімді ұл-қыздарының қызығын көріп, немере-жиендердің ортасында саялы бәйтерекке айналған жандар көпшіліктің алғысына бөленіп келеді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ