Адам жанының арашасы

Ең алғаш ауылға Әсем Тоқтарқызы келін болып түскен кезде алдымен ауылдың үлкендері қуанғаны жасырын емес. Осыдан 2 жыл бұрын сәкендік Жәдігер Бозшаевпен отау құрған байқоңырлық дәрігер бүгінде ауыл тұрғындарының денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын жанға айналды. Негізінен, ауылдық амбулаторияның жұмысы қай кезде де қауырт. Еңкейген қария, жүктілік мерзімі жақындаған жас ана, созылмалы дерті бар жан, ыстығы көтерілген бала секілді көптеген науқас дәрігердің кеңесіне жүгінеді. Мұндайда кәсіби маман ретінде жас келін барлығына ем тағайындайды. Денсаулығындағы кінәратты анықтау мақсатында ауыл тұрғындарына аудан орталығындағы емханаға жолдама береді.
– Медицина қоғам өмірінде күрделі мамандық қатарына жатқызылады. Шын мәнінде, адам денсаулығын емдеу арқылы оларға үміт, қуаныш сыйлауға тырысамыз. Жауапкершілік жүгін арқалай білген әрбір дәрігер мамандыққа адалдық танытып, әркез ізденіс үстінде жүреді деп ойлаймын. Сәкен Сейфуллин ауылы ынтымақ-бірлігі жарасқан, қазаны оттан түспеген тұрғындарымен ерекше. Көпшілік арасында созылмалы дертпен ауыратын жандар қатары аз емес. Жоспарлы ем қабылдайтын кез келген науқасты ауруханаға жатқызып, профилактикалық емдеуге көңіл бөлеміз. Ұзақ жылдар бойы сырқаттың салдарынан ауыртпалық көрген кісілерді жіті бақылауда ұстаймыз. Өз кезегінде тәжірибесі мол әріптестеріммен жұмыс жасағаныма дән ризамын. Біз күнделікті жоспар бойынша өзімізге тиесілі жұмысты сапалы орындауға барымызды саламыз. Бүгінде жас та, жасамыста дертті болуда. Көбіне, жүрек, қан-тамыр аурулары, қант диабеті секілді көптеген диагнозбен есепте тұратын тұрғындар елді мекенде жеткілікті, – дейді Әсем Тоқтарқызы.
Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды мамандық иесі кез келген науқасты тек ісімен ғана емес, жүрегімен де емдеуге ұмтылады. Жас маман болашағынан зор үміт күттіретін дәрігер Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінде мамандық бойынша білім алған. Алғашқы еңбек жолы Астана қаласындағы «Достар мед» емханасында басталған. Ауылдың көшелерін аралап, қарт кісілер мен балалардың жағдайын білетін абзал жан жолдасымен бірге 1 қыз тәрбиелеп отыр. Ал үйдегі отағасы Жәкең – теміржол саласының маманы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ