Медбике – мәртебелі мамандық
Бірде-бір аурухана медбикесіз жұмысын өрбіте алмайды. Адам жанына араша түсіп, денсаулық түзеу ісінде дәрігерлерден кем орын алмайтын аса жауапты мамандық иелері – медбикелер. Науқас жанына инесімен де, ақ көңілімен де шипа сыйлайтын жандар 12 мамыр күні кәсіби мерекесін атап өтеді. Мерекеге орай аталған мамандық иелеріне басымдық беріп, халықтың көзі мен тілі болған басылым арқылы адал еңбекті насихаттауды жөн санадық.
Райса Анасованың мерейлі медбике қызметін атқарып келе жатқанына биыл 29 жыл. Өзінің жан қалауы, жүрек таңдауымен осы саланы меңгерген білікті маман өзінің жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. 1975 жылы аудан орталығында дүниеге келген ол Қызылдихан ауылындағы орта мектепте білім алған. Жастайынан тағдыр тауқыметін тартып, ата-анадан жастай айырылғанымен, өмірдің бұралаңдарына мойын бұрмауға тырысады. Өмір жолында кездескен кедергілер арманы асқақ, мақсаты айқын қыздың мықты әрі жігерлі болып өсуіне жол ашады.
Ағасы Сайфолланың қолында өсіп, тәрбиесін көрген Райса кішкентай күнінен адам жанына араша болған ақ халатты абзал жандарға қызығып өскен. Өзі де өскенде осы саланың қыры мен сырын меңгеруді арман еткен. Осы орайда 1992 жылы Қызылорда медициналық колледжіне оқуға түсіп, оқу ордасын екі жылдан соң үздік аяқтап шыққан. 1994 жылы алғашқы еңбек жолын бастап, күні бүгінге дейін медицина саласында абыройлы еңбек етіп келеді.
Біреуге сырлас құрбы, біреуге ақылшы әпке болып жүрген жан әріптестерінің арасында да үлкен беделге ие. Мереке қарсаңында сәті түскен бұл мақаламызды жазбас бұрын да Райса Анасованың жақсы атын әріптестері аузынан естуіміз – сөзімізге дәлел. Кейіпкеріміз 1994 жылдан 2018 жылға дейін аудандық аурухананың жан сақтау бөлімінде аға медбике болып жұмыс жасап, тәжірибесін толықтырған. Кейін 2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін аудандық аурухананың бас медбикесі болып қызмет етуде.
Қазір аға медбикенің қарамағында 400-ге жуық медбике бар. Аудандық ауруханадан бөлек, 13 елді мекен мен 17 мектеп медбикелерінің жұмысын Райса Анасқызы ұтымды ұйымдастырып, жүйелі жүргізіп отырады. Көпшілікке бас болып, шаруаны оңтайлы үйлестіру ерік-жігері мықты болмаса, нәзік жандылар үшін оңай болмасы анық. Осындай қызығы мен қиыншылығы мол қызметті атқарып жүрген ақ халатты абзал жан ем іздеп келген адамдардың ауруынан айығып, аяғына тік тұрғанын көруді бір бақыт деп біледі.
– Осы саланы өзіміз таңдап, өзіміз қалап келдік. Қиындығы да, қуанышы да қатар жүреді деп айта аламын. Күн-түн деп жатпай, уақытпен санаспай жұмыс істейміз. Кейде жұмыстан басқаға уақыт таппай қалатын кездер болады. Бірақ мамандыққа деген адалдық бірінші орында. Себебі біз таңдаған жұмыстың ар жағында қаншама халықтың тағдыры, денсаулығы, өмірі тұр. Оған бей-жай қарауға болмайды. Мамандығымды мақтан тұтамын. Ауыр жағдайда келген науқастардың жүзіне қан жүгіріп, тәуір болғанын көргенде құлшынысымыз артып, бірге қуанамыз, – дейді Райса Анасқызы.
Қазіргі заманда әлем бір орында тұрған жоқ. Күн сайын жаңашылдық, жаңа техника... Қай салада болмасын ұдайы дамып, жетіліп, өсу маңызды. Осы ретте, медицина саласы да дамудың дара жолына бағыт алып келеді. Ал білікті мамандарға жаңашылдықты уақытылы игеріп, оны тәжірибеде қолдана алу маңызды. Аудан медбикелері әркез жаңа білімге ұмтылып, арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрады. Кейіпкеріміз алдағы уақытта осы мақсатты арқау еткен семинарларды аудан орталығында тұрақты ұйымдастыру жоспары бар екенін айтты.
Жиырма тоғыз жыл бойы аталған салада абыройлы еңбек етіп келе жатқан жоғары санатты медбике аудан, облыс көлемінде Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталған. Финляндия елінің Хельсинки-Тампере қаласында біліктілігін арттырғанын да айта кеткеніміз жөн. Қызметтегі жеткен жетістіктері үшін ұдайы басшылық тараптың алғысы мен марапатына ие болып, мәртебесі артқан маман отбасы деген шағын мемлекеттің де аяулысы болып отырған жайы бар. Бүгінде екі қыз тәрбиелеп, немере сүйген асыл әже, ардақты жар, аяулы ана әр ісіне жауапкершілікпен қарайды.
Кәсіби мереке қарсаңында мерейлі мамандық иесін құттықтай отырып, қызметіне табыс, отбасына амандық, саулық тілейміз!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ