Емі шипалы Ақбота
Мамандықтың ішінде ең мейірімді әрі мәртебелісі – медбике. Науқас жанның тезірек сауығуына көмек көрсетіп, сөзімен де, ісімен де демеу болатын – ақ халатты абзал жан. Қоғамға қажет мамандық иесі атану үшін медбикенің бойында адалдық, жұмысына деген жауапкершілік және кішіпейілділік болуы қажет. Себебі медбикенің қызметі адам өмірімен байланысты, әр минуты мен секунды халыққа пайда тигізумен өтетіндіктен аялы алақан иесінің басты қасиеті – оның мейірімді жүрегінде.
Жанына шипа іздеген әрбір науқасқа сүйіспеншілікпен қарау да маңызды. Мұны кез келген мамандық иесі сезіне алмауы да мүмкін. Ал медбикелер үшін аса қажет қасиеттің бірі – жылы шырай мен адамдармен жақсы қарым-қатынас жасау. Осындай жауапкершілікпен өз ісіне деген адалдық танытып жүрген медбикелердің қатарында аудандық емхана жанындағы күндізгі стационарда бірнеше жылдан бері еңбек ететін медбике Ақбота Наматулла бар.
Жас маман алғаш қызметіне кіріскен 2020 жылдан бастап дертіне шипа іздеген науқастың жан дүниесін түсінуге тырысып, әрбір адамға құрметпен қарауды өзіне парыз санайды. Әсіресе бөлімше меңгерушісі, терапевт-дәрігер Қайрат Ерманов тағайындаған ем-шараны тыңғылықты атқаруға барын салады, күш-жігерін аямайды. Күн сайын қиындығы мен қызығы қатар жүретін абыройлы міндетті атқаруға медбике асыға кіріседі. Қарбаласқа толы әр күнінде науқастардан алғыс алып, еңбегінің зая кетпегеніне қуанады.
– Бала кезімдегі арманым медбике болу болатын. Қыз балаға тән мамандық деп білетінмін. Шиелі ауданындағы Ботабай ауылында туып-өстім. Үйдің үлкені болған соң өзімнен кейінгі екі сіңілім мен бір ініме қамқор болдым. «Болашақ» медициналық колледжінің емдеу ісі мамандығы бойынша оқуды бітірген соң тұрмысқа шығып, алғашқы еңбек жолымды осында емхана жанындағы күндізгі стационарда бастадым. Медбикенің жұмысы таңнан басталып, кешке дейін жалғасады. Ем-шараға келген науқастың уақытылы емін аяқтап болғанша тыным таппаймын. Бұл ретте біз секілді жас маманға қамқор болып жүрген дәрігерімізге және аға медбике Ләззат Әлімбетоваға алғысымды білдіремін, – дейді медбике Ақбота Уматуллақызы.
Бала кезінен жаны жабырқағанға қол созып, қамқор болуды санасына тоқып өскен Ақбота мамандық таңдағанда жаңылыспағанына қуанады. Әрі өзінен кейінгі сіңлісіне де бағыт-бағдар беріп, медбике болуына қамқор болғанын айтады. Тұрмыс құрған Ғазират бауыры да Ақжарма ауылында медбике болып жұмыс істейді.
Қазір біраз тәжірибе жинаған Ақботаның еңбегін аға медбике жоғары бағалайды.
– Ақбота – жақсы медбике. Жұмысына да жауапкершілікпен қарайды. Күніге қанша науқас келсе, соның барлығына ем-шара жасауға үлгереді. Дәрігер тағайындаған емге аса мұқият қарайды, жұмысына тиянақты маман. Науқастар да жылы лебіз білдіріп, алғыстарын жаудырып жатады. «Ақботаның қолы жұмсақ» деп мақтайды. Ал медбике үшін мұнан асқан марапат жоқ деп ойлаймын, – дейді бөлімшенің аға медбикесі Л.Әлімбетова.
Медбике күн сайын адам жанына араша түсіп, денсаулықтың оңалуына атсалысуға асығады. Науқас жанға шипалы емімен, ақ жарқын көңілімен дем беретінін сезінеді. Төзімділік танытып, барынша мейірім мен жылы лебіз білдіріп, дертінен айығуға себепкер болуға тырысады. Жауапкершілігі зор жұмысының қызығы мен қиындығын қатар көреді. Жүктелген міндетті абыроймен атқаруға білек сыбана кіріседі. Осы күні жан қалауымен таңдаған саланың ыстығы мен суығының қаншалықты екенін біліп қалды. Өзге әріптестері секілді ұзақ жылғы тәжірибесі болмаса да, мамандығының қыры мен сырын ұғынып, меңгерді. Алғашқы еңбек жолы басталған ұжымда абырой мен беделге ие болып келеді. Ерік-жігерің мықты болса, алынбайтын қамал, аса алмайтын асудың болмайтынына сенеді. Әрбір күнін жүйелі әрі ұтымды ұйымдастыруда жәрдем беретін дәрігері мен аға медбикесі бар. Шағын болса да атқарып отырған қызметі ұшан-теңіз ұжымның әрбір мүшесі ем іздеп келген науқастардың аяғына тік тұрып кетуіне уақытпен санаспай қызмет етеді.
– Мамандығыма деген адалдық ең бірінші кезекте тұрады. Науқас жандар алғысын айтып, айналып, толғанғанда шаршағаныңды ұмытып кетесің. Дертінен айығып, жақсарғанын көргенімде жұмысыма деген құлшынысым арта түседі. Әлемдегі ең мейірімді мамандық иесі атанғанымды мақтан етемін. Әрбір келушіні жылы жүзбен, шынайы көңілмен қарсы алу міндетіміз. Қызметте қандай да бір жетістікке жетсем, ол осы қарапайым еңбегімнің жемісі деп білемін, – дейді медбике.
Мерейі артқан Ақбота мейірімді медбике болумен қатар отбасында сүйікті жар, ибалы келін, аяулы ана. С.Сейфуллин ауылында тұрады. Жолдасы Бекзат Фазылов шаруашылықта күрішші. Жас отбасына әрдайым қолдау көрсетіп отырған аналары Айсұлу қос немересі Расул мен Айжұлдызға қарап, келіні Ақботаның алаңдамай жұмыс істеуіне жағдай жасап отырғанын айту керек.
Науқастың көңілін тауып, кәсіби маман атанған мейірбан жанға емделушілеріңіздің алғысына бөлене беріңіз демекпіз.
Бибісара ЖАНӘЛІ