Мейірімді медбике
«Денсаулық – зор байлық, адам бақытының бастауы» деген дана халқымыз әу бастан-ақ денсаулықтың қадірін жақсы білген. Бас ауырып, балтыр сыздаған мезетте ақ халатты абзал жандардың көмегіне зәру болып, дертімізге шипа іздеп, аурухана жағалап кететініміз белгілі. Осы тұста адам жанына араша түсіп, науқастың денсаулығына дәрігерден артық қарамаса кем қарамайтын денсаулық жанашырлары – медбикелердің еңбегі өлшеусіз. 12 мамыр – жүгі ауыр, жауапкершілігі мол мамамандық иесі – медбикелердің кәсіби мерекесі. Атаулы мереке қарсаңында адам жанына араша түсіп жүрген медбикелердің адал еңбегі жөнінде жазып, насихаттауды жөн көрдік.
Зинарап Сейделова – Сырдария аудандық ауруханасының гинекология бөлімшесінің тәжірибелі мейірбикесі. Шеберлігі мен білімін қатар ұштастыра білген білікті маман – Сәкен Сейфуллин ауылының тумасы. 1966 жылдың 9 сәуірінде дүниеге келген ол С.Сейфуллин ауылдық округіндегі №137 орта мектепте білім алып, 1981 жылы ойдағыдай тәмәмдаған. Зинарап Тынымқызы жауапты саланың қыр-сырын меңгерген маманның бірі. Ауызбіршілігі мол, өнегелі әрі толыққанды отбасында тәрбиеленіп өскен медбикенің салаға деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Осы саланың қыр-сырын меңгеруді және болашақта білікті маман болуды сол кезден бастап арман еткен. Асқақ арманына жетелеп, бір қадам жақындап Зинарап Сейделова 1981 жылы Түркістан қаласындағы медициналық училищеге оқуға түседі. Бала күнгі аңсаған асқақ арманы мен ата-анасының үмітін ақтай білген ол 1985 жылы «фельдшер» мамандығын меңгеріп шығады.
Мәртебелі мамандық иесі өзінің жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Адалдық пен тазалықты жанына ту еткен медбике алғашқы еңбек жолын 1985 жылы Қызылорда қалалық ауруханасының «Жан сақтау» бөлімшесінің мейірбикесі болып бастап күні бүгінге дейін медицина саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Өз ісінің білікті маманы өзі жұмыс істейтін іргелі ұжымдағы әріптестерінің ортасында сыйлы да құрметті. Кейіпкеріміз 1987 жылы Сырдария аудандық ауруханасының терапия бөлімшесіне кезекші мейірбике болып орналасып тәжірибе жинақтап, кейіннен 1996 жылы гинекология бөлімшесіне ауысады. Міне сол уақыттан қазірге дейін осы бөлімшенің ыстығында да суығында да адал еңбек етіп келеді. Зинарап Тынымқызының мерейлі медбике қызметін атқарып, халық игілігі үшін уақытпен санаспай еңбек етіп келе жатқанына биыл 39 жыл. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын кейіпкеріміз қызметтік саласы мен отбасындағы міндеттерін қатар үйлестіріп, алып жүрген жанның бірі.Мейірбан медбике Зинарап Сейделова өмірлік жарымен бірге 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, қазіргі таңда 4 немеренің қызығына тоймай бағып-қағып отырған бақытты ата-әже. Халық игілігі үшін игілікті іс атқарып жүрген білікті маман бүгінде аудан халқының ыстық ықыласына бөленіп келеді.
– Бір қарағанда сырт көзге медбике қызметі аса ауыр болып көрінбейді. Алайда медбике науқастың денсаулығы мен өміріне дәрігерден кем жауап бермейді. Дәрігер науқасты тексеріп, тағайындау жазып бергеннен кейін, әрмен қарай бар жұмысты мейірбике атқарады. Екпе егіп, уақытылы дәрісін беріп, науқастың жағдайын күні түні бақылауда ұстайтын – медбикелер. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады», – деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Себебі батпандап кірген індет адамға тез жабысып, құлан-таза айыққанға дейін біраз табандап жатып алады. Өмір болған соң қызмет барысында түрлі адам кездеседі. Ауруханаға жанына дауа іздеп келген әрбір науқаспен дұрыс байланыс орнатып, қалай сөйлесу керектігін білу маңызды. Жанына шипа іздеген жанның денсаулығына дәрігерден кем қарамайтын денсаулық жанашырлары саналатын медбикенің арқалаған жүгі ауыр, атқарар рөлі зор, міндеттелген жұмысы көп. Қажырлы еңбек етіп, игілікті іс атқарып жүрген әріптестерім – медбикелер бар құрметке лайық деп ойлаймын, – дейді кейіпкеріміз.
39 жыл аталған салада абыроймен қызмет етіп келе жатқан медбикенің еңбегі бағаланып аудан, облыс көлемінде Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталған. Мейірбике еңбегінің жемісін күнде көріп отырады деуге болады. Себебі ауруынан сауығып, ауруханадан шығып бара жатқан жандардың жүректен шыққан жылы сөздері мен ыстық лебіздері олар үшін кез келген марапаттан артық екені сөзсіз.
Жүгі ауыр, жауапкершілігі мол салада қалтқысыз қызмет етіп, мейірімділік пен жылылықтың символына айналып, игі қызмет жасап жүрген медбике ісі қай кезде де сый-құрметке лайықты. Себебі, әрбір жанға көмек көрсетуде дәрігермен қоса, медбикенің атқарар рөлі зор екенін тағы айтып өткеніміз жөн. Мейірбике мамандары денсаулық сақтау ісінің ажырамас бір бөлігі. Кәсіби мереке қарсаңында денсаулық жаршысына айналған мерейлі маман иелерін келіп жеткен төл мерекесімен шын жүректен құттықтап, жұмысына табыс тілейміз.
А.Қайратқызы