Күріш шығымын арттырған...
Шаған ауылының тұрғыны Болатбек Ермаханов – ауыл шаруашылығы саласының майталманы. Талай жыл Сыр маржанын егудің машақатын көрген ардақты азамат жердің бабын жасаудың сырын жақсы біледі. Еңбек ете жүріп, ерте есейген Болатбек ақсақал бірнеше мәрте чемпиондық межені бағындырған. Аудандағы іргелі ауылдың қамбасын астыққа толтырған қазыналы қарт жұмыстың ебін тауып, біліктілігімен көпке танылған.
Болатбек Ермахановтың негізгі туған жері – Асқар Тоқмағамбетов ауылы. Әкесі Ермахан – педагогика саласының білгір маманы атанған. Ауыл балаларына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, араб тілін еркін меңгерген. Мектеп бітіріп, оң-солын тани бастағанда құрылыс саласына ден қояды. ПМК-18 мекемесіне жұмысқа орналасып, аудан көлемінде үлкенді-кішілі ғимарат салуға атсалысады. Кейіннен, әскер қатарына алынып, екі жыл Отан алдындағы борышын өтейді. Үйдегі ата-анасы ұлының қарашаңырақта қалғанын қалап, ПМК-18 мекемесі Шіркейлі ауылына көшіп бара жатқанда жандарына алып қалады. Осылайша, Болатбек Ермахановтың өмір жолы басқа арнаға түседі.
– Үйреншікті кәсібім құрылыста жүргенімде әке-шешем қарашаңырақта тұруға бұйырды. Содан кейін совхозға жұмысқа орналасып, күріш егуді үйрендім. Осы сала бойынша жоғары білім алып, кәсіби маманға айналдым. Әлі есімде №1 бригаданың күріш алқабында алғашқы жұмыс күнім басталған еді. Сырдың басты дақылын егуде көптеген тәжірибе жинақтадық. Егін егу маусымы басталған уақытта кез келген шаруа адамы үлкен жетістікке қол жеткізуге ұмтылады. Менде де әріптестермен бірге белгіленген межеден көрінуге талпыныс болды, – дейді ел ағасы.
Осы жылы 75 жасқа келген Болатбек Ермаханов шаруашылықта күрішші, бригадир қызметтерін атқарған. Сан түрлі күріштің сұрыпы бойынша мол өнім алуға тырысқан. Бас агроном қызметінде жүргенде саланың бүге-шүгесін зерделеп, күріш егудің заманауи технологиясына аса мән берген.
– Біздің кезімізде су тапшылығы көп орын алмайтын. Қытымыр қыстың беті қайтып, күн жылына бастағанда егістік басынан табыламыз. Күріштің шығымын бақылау барысында атыздың толық суғарылғанына көңіл бөлеміз. Әрбір атызға бірінші және екінші су жіберілген кезде бірнеше мәселеге мән беруіміз керек. Су мөлшерден тыс көбейіп кетсе, күріш тұншығып өліп қалады. Ал аз жіберілген жағдайда күнге күйіп кетеді. Сондықтан судың көлемін бағдарлап отыру керек. «Шаған Жер» шаруашылығында жүріп, өзімізден кейінгі ізбасарларды тәрбиелей алдық. Бұрындары күрішке су көп мөлшерде керек болатын. Бүгінде Сыр салысы суды аса қажет етпейді, – дейді Болатбек Ермаханұлы.
Зейнет демалысына осыдан 12 жыл бұрын шыққан Болатбек ақсақал газетті үзбей оқиды. Үйінде бұрыннан келе жатқан радиосы бар. Бар бейнетті көрген қария қазіргінің техникасы барлық жағынан жетілгенін айтады. Қария қызмет еткен жылдары ескі техниканы кәдеге жарату – негізгі мақсат болатын. Мектеп оқушылары мен студенттер шаруашылық жұмысын жеңілдетуге шақырылады. Демалысқа шыққан балалар егістік басында отақ жұлып, қырмандағы қызу тірлікке араласады.
Болатбек Ермаханов 1977 жылы үйдегі отанасы Жұмакүл Ласкеровамен шаңырақ көтеріп, 4 перзент тәрбиелеп, өсірген.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ