Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Іңкәрдариядағы белгілі түйекеш

Іңкәрдариядағы белгілі түйекеш

Осыдан 60 жыл бұрын Іңкәрдария ауылында тіршіліктің қайта түлегенін ел жақсы біледі. Берекесі тасыған, ынтымағы жарасқан ауылдың іргесі сөгілместен, күні бүгінге дейін жергілікті халық ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Алғаш совхоз құрылған уақытта көпшілік жан-жақтан көшіп келе бастады. Қолдан келетін іспен айналысып, тұтастай бір ауылдың гүлденуіне айтарлықтай үлес қосты. Солардың бірі – ауылдың ардақты азаматы, мал шаруашылығы саласының майталманы Рақымбек Қоңқашұлы.

Елді мекенге сапарымыз кезінде ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіразақ Байманов ел ағасының тұғыры биік ауылды түлетуде еңбегін саралап айтқанда бейнетпен келген көптеген ғибратты ғұмырды ұғынуға болады. Негізінен, кейіпкеріміздің балалық шағы Қызылорда қаласындағы Абай және Қараөзек ауылында өткен. 1964 жылдың қытымыр қысында 18 жастағы Рақымбек Іңкәрдарияға қоныс аударады. Міне, сол күннен бастап еңбекке ерте араласқан қазыналы қарт тек мал бағып, ата-анасына көмекші атанған. Тек қана 3 сыныптық білім алған оның көзі жарақаттанып, әрі қарай оқуын жалғастыруға мүмкіндігі болмайды. Десек те, жас жігіт мал шаруашылығының озатына айналады.

– Кішкентайымнан мал бағуды меңгердім. Машақаты көп саланы үйрену, мал басын көбейту – нағыз еңбекті қажет етеді. Іңкәрдария сов­хозына ағам Әлжәкбар келді. Әке-шешемізбен бірге осында тұрдық. Кейіннен мен әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышымды өтедім. 24 жасымда үйдегі апаңа үйленіп, қарашаңырақтан бөлек шық­тық. Әлима екеуміз Шаған ауылынан бір отар қой алып, төл басын көбейте білдік. Қара жұмыстың, таза еңбектің арқасында ел-халықтың алды болдық. Әрине, мал бағудың өзіндік қиындығына қарамастан, басшылықтан тапсырылған межені орындауға барымызды салдық, – дейді ардақты ардагер.

Келер жылы 80 жылдық мерейтойын тойлайтын Рақымбек ақсақал 1971-1985 жыл аралығында ауылда түйе баққан. Әкесі Қоңқаш зейнет демалысына шыққаннан кейін оның барлық түйесіне өзі иелік етеді. Күніне 120 түйенің бабын тауып, оның отыз аналығын сауатын отбасы мал шаруашылығына барынша икемделе түсті. Сонда Құдай қосқан жары Әлима ер азаматына болысып, тәулігіне 5 мәрте түйе сауатын.

– Түйенің де асауы болады. Ботасы жас болғандықтан саудыруға келе береді. Аяғын созып тепкен кезінде біршама жерге ұшырып жібереді. Соған қарамастан, барлық түйені жуа­сытып, өріске айдаймыз. Ағаларың «сау» деп ұрысқанда түйеден емес, ер азаматымның қаталдығынан именетін едім. Түрікменстаннан 1968 жылы көшіп келіп, 17 жасымда үлкен үйдің келіні атандым. 850 бас қойды екеуміз баққан кезіміз де болды. Шынында, біз 1975 жылға дейін түйе басын 500-ге жеткіздік. Көпшілік бізден түйе алып, өздерінің отарларын сайлады, – дейді ардақты ана.

Өмір жолында талай қиындықты еңсере түскен Рақымбек ақсақал жылына 100 бастан 48-50 бас бота төлдетіп, жоғары межеден көрініп отырған. Бізбен әңгімесінде ардақты ардагер түйенің нағыз мекені – «қызылдың» ордасы екенін тілге тиек етті. Сүйегі асыл ардагер жылқы малының бабына жауапты болған. Апта сайын орталыққа 500 литрге жуық шұбат өткізетін Рақымбек Қоңқашұлы облыс көлемінде 2 мәрте «ең үздік түйекеш» атағын жеңіп алған. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін 3 рет алған.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
27 мамыр 2025 ж. 221 0