Құрыш қолды құрылысшы

«1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні» мерекесін аудан өмірімен біте қайнасып, тіршілік еткен Иван Завтур ерекше күтеді. Себебі, талай жыл қазақтармен көрші болып, ынтымақ пен бірліктің туын жықпаған жанның жүріп өткен жолы – жастарға үлгі-өнеге. Аудан жұртшылығына тынымсыз еңбегімен танылған Иван аға құрылыс саласында қажыр-қайратын танытқан азамат. Зейнет демалысына шыққанынша құрылыстың қыр-сырына қаныққан оның бұл саладағы тәжірибесі мол.
– Барша жерлесімді айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Бірлігі жарасқан еліміздің қашанда көгінде тыныштық орнасын. Менің балалық шағым Тереңөзек кентінде өтті. Орыс және молдаван ұлтының бойымда қаны бар болғанымен, тілегі бір қазақтың тілеуін тілейміз. Аузымен құс тістеген ақын Әбділда Тәжібаев атындағы көшеде бірнеше жылдан бері тұрып келемін. Әке-шешеден жалғыз өзім қалдым. Бізді байланыстыратын ортақ мүдде – татулықты берік сақтауымыз керек. Жас күнімде механизатор қызметін атқарғаным бар. Кейіннен құрылысқа бет бұрдым. Бұрын Тереңөзекте тоғыз көше ғана болатын. Сырдария ауданы бойынша бірнеше ауылда болып, құрылыс нысанын тұрғыздық. Кенттің тең жартысын қолмен салдық , – дейді Иван Георгийұлы.
Иван аға зайыбы Людмила Николайқызымен 4 перзенттің ата-анасы атанған. Олар осыдан 53 жыл бұрын отау құрған. Үйдегі отанасы аудандық ауруханада кіші буын қызметкері ретінде еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан. Бүгінде қос қария есіктің алдындағы бау-бақшалық жерді гүлдендіріп отыр. Людмила апа раушан гүлдерін егумен де айналысады. Жеміс ағаштарымен қатар, көкөніс, гүл отырғызу сүйікті істеріне айналған. Олардың немерелері қазақ балаларымен бірге білім алып, болашағын айқындай түсуде. «Жұмысшы мамандықтар» жылында жері ырысты аудан көлемінде қажырлы қызметімен танылған жандарды көпшілікке таныстыру – негізгі міндетіміз саналады.
Б.АЯБЕКҰЛЫ