Ауылдың абыз ақсақалы

Іңкәрдария ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіразақ Байманов іссапар барысында ел ағасының ауылдың дамуына қосқан үлесін жан-жақты айтып берді. Ақжарма ауылдық советінде дүниеге келген Егізбай Кажденбекұлы ең алғашқы еңбек жолын механизаторлықтан бастаған. Іңкәрдария ауылы құрылған уақытта көшіп келіп, тракторшы қызметін атқарып, құрылыс материалын облыс орталығынан тасымалдаған. Механизаторлық қызметте жүргенде ауылдың еңбектегі белді мүшесіне айналып, техника тілін меңгерген.
– Іңкәрдария ауылына 15 жасымда көшіп келіппін. Сол уақытта совхоз енді құрылып, жұмысшы мамандық иелері елді мекенге көптеп тартылды. Буыны қатаймаған мен үшін жаңадан құрылған совхоздың механизаторы атану – үлкен жауапкершілікті жүктеді. Ауылдың әрбір адамы – қарапайым, бірақ дана келеді. Біздің іңкәрдариялық болғанымызға 61 жылға жуықтады. Қилы кезеңде еңбек ете білгенімізге дән ризамын. Еңбек ете білген адамға құрмет қашанда көрсетіледі. Әкемнің жолын қуып, он жылдан аса уақытта жылқышы атандым. Облыста 2 мәрте үздік шығып, жоғары марапатқа қол жеткіздім. Жылқы малы қашанда тазалықты жаны сүйеді. Тектіліктің символына саналатын жылқының күтіміне аса мән бердік. Тынымсыз еңбектің арқасында алғаусыз алғыс арқаладық, – дейді еңбек ардагері.
Егізбай ақсақал жылдар бойы мал шаруашылығы саласында қарым-қабілетін көпке танытты. Алматы ауыл шаруашылық институтын бітірген ардақты аға «Инженер механик» мамандығын игереді. Қызметтік жолдамамен Жаңадария аулында 7 жыл қызмет етіп, абырой биігінен көрінеді. Іңкәрдария ауылына қайта жұмысқа орналасып, бақша өнімдерін егумен айналысады.
– Біздің Егізбай ағамыз Тұрсынай жеңгемізбен бірге 5 перзент өсіріп, жеткізді. Бала күнінен жылқы үстінде ойнақтаған оның бойында өжеттілік, табандылық басым. Талай асау атқа бас білдіріп, үйір-үйір жылқыны бағумен айналысты. Қай қызметте болсын дараналатын ауылдасымыз бар құрметке лайық. Ауылда өскен адам туған ел мен жердің қадірін жақсы біледі. Жергілікті халық қарапайым тірлік кешсе де, өмірдің мәнін терең түсінеді. Туған жер ақсақалдары – дана кеңесші, ал жастары – үміт пен жаңа жол» десек, қателеспейміз, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіразақ Байманов.
Ақсақалмен сөйлесе отырып, ауылдың құрылу тарихына, жүріп өткен жолына қанықтық. Механизатор, жылқышы секілді мамандықты тереңнен үйренген ауылдың абызы – жазып қойған кітаппен тең.
Балтабай ОРДАБЕКОВ