Сарыағаш сапары

Сарыағашты таңдаудағы мақсат – біздің облысқа қарағанда ол жердің климаты өзгеше. Мұнда ауа да адамды емдейді деп айтылады. Қазір көптеген ардагерлердің қан қысымы аурулары бар. Бұл дерт Жаңақорған шипажайының емін көтермеуі мүмкін.
Сонымен маусым айының соңғы аптасының басында 35 ардагер «Қызылорда-Сарыағаш» маршруты бойынша автобусқа мінуге облыс орталығына келді. Оларды әр ауылдан және кенттен әкімдіктер бөлген көліктер алып келді. Демалушы топты облыс орталығынан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айнұр Есмағанбетова шығарып салды. Және осы бөлімнің әдіскері Гүлжазира Нұрпейісова ардагерлермен бірге автобусқа мініп, оларды орналастырып қайту үшін жолға шықты. Автобус он сағаттай жүріп, межелі жеріне жетті. 35 ардагер «Ақсу» шипажайына орналасты. Бірнеше корпустан тұратын жаңа ғимарат екен. Демалушыларға ұнады. Төрт мезгіл тамақ береді. Асы дәмді, құнарлы. Әдіскер Г.Нұрпейісова ардагерлерді орналастырып, оларға жасалған жағдай көңілден шыққан соң, келесі күні ауылға қайтты. Одан кейін демалушылармен арнайы «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы жағдайды бақылауда ұстады.
Жалпы атауы «Сарыағаш» шипажайы болғанмен, ол бүгінде көптеген демалыс орындарына бөлінген. Мұндағы «Арасан» минералды суы, физиоемдері, жанға жайлы ауасы және емдік балшығы адамның он екі мүшесіне дауа. Сарыағаш шетелге шипалы сумен ғана емес, роза гүлдерін өсірумен де әйгілі. 8-Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жергілікті кәсіпкерлер Ресейдің астанасы – Мәскеу қаласына роза гүлдерін алып барып, сатылымға шығарады екен. Сонымен қатар «Сарыағаш» шипажайына жиырмаға жуық алыс және жақын шет мемлекеттерден демалушылар келеді.
Осы курортты аймақта орналасқан Әбдіғаппар Сманов атындағы мешіт сәнді архитектурасымен келушілердің назарын өзіне аударады. Мешітті айналдыра су жолдары жүргізілген. Сондықтан бұл алып ғимарат судың үстіне салынғандай әсер қалдырады. Айналасының абаттандырылуы да керемет.
«Ақсу» шипажайына ауданнан барған демалушылардың 80 пайызы қарапайым еңбек адамдары. Әр ауылдан 2-3 зейнеткерге жолдама берілген. Аудан орталығынан 8 ардагер барса, оның алтауы ауған, таулы Қарабақ, тәжік-ауған соғысына және Семей полигоны, Чернобыль апатын жоюға қатысушылар. Жолдама берілер алдында әрбір ауылда жиналыс өткізіліп, шипажайға баратын зейнеткерлер іріктелген.
– 40 жылдан астам ауылда монтёр болып еңбек еттім. Жұмыс жасаған жылдары уақытпен санаспадық. Аяқ-қол сырқырайды. Сарыағаш суының емі шипалы болып жатыр. Ауылдастарымның таңдауы маған түскеніне шексіз ризамын. Бұрын бірде-бір шипажайда болған емеспін. Жанның рахаты екен ғой. «Қарттарын қадірлеген ел озады» дегендей ардагерлерге демалыс ұйымдастырған аудан әкіміне ризашылығымды білдіремін, – дейді жетікөлдік еңбек ардагері Болат Аяшев.
Ауданнан барған 35 ардагердің 20-дан астамы ішкі құрылысына ультрадыбыстық зерттеу жасатқаннан кейін дәрігер кеңесімен қосымша ем алды. Бұл түрлі аурудың алдын алуға септігін тигізетіні сөзсіз.
Демалушылар күндіз емін алса, кешкілік «Сарыағаш» шипажайының орталық паркінде серуендеді. Кей күндері кешкілік фойеге жиналып, көпті көрген қазыналы қарттар сәкендік Итемір Фазылұлының, ақжармалық Жақсылық Әбілдаұлының, нағилық Еркін Бекеновтің және тағы басқалардың ғибратты әңгімелерін тыңдады. Бір күндері босқа өткен жоқ. Әсіресе Сарыағаш сапары осы жердің тумасы, бірақ барлық саналы ғұмырын Іңкәрдария ауылының өркендеуіне арнаған мал шаруашылығының маманы, еңбек ардагері Құралбай Қалбабаев ағамыз үшін ерекше болды. Оның мәнісі Қызылдың қойнауының байырғы тұрғынына айналып, ол жерде еткен еңбегінің жемісін көріп, тегін жолдамамен туған жеріне ат ізін салуы.
82 жастағы Жарқынбек Ибрагимов пен 71 жастағы Айдархан Бисенбаев Айдарлы ауылында бірі механизатор, екіншісі жүргізуші болып 40 жылдан астам еселі еңбек еткен. Тегін жолдамаға лайықты болған соң орталарынан шипажайға жіберген. Екі қарт та бір апта бойы шипалы ем алып, жадырап қалды. Сондай-ақ жетікөлдік зейнеткер Клян Мұқашева, іңкәрдариялық Қыдыркүл Қашақова, шағандық Бақыткүл Наурызбаева, асқарлық Галина Аяпова, Патима Қошқарова, сәкендік Алтынкүл Маханбетова, нағилық Раушан Қарақызы және тағы басқалар ауыл шаруашылығында екпінді еңбек етіп, елдің алдында жүрген, абырой бигінен көрінген ардагер аналар.
Амангелділік Айтбай Таңатов құрыш қолды құрылысшы болса, Тұрсын Тайғараева күміс алқа иегері. Ақжармалық Сайып Иманбайұлы, бесарықтық Жаңабай Бектасов, қоғалыкөлдік Нартай Куликов, сәкендік Итемір Фазылұлы және тағы басқалар кезінде шаруашылықтың жұмысын өрге сүйреп, үлкен абыройға ие болған ардагерлер.
Жас ұрпақты тәрбиелеуде, кезінде ауданның білім саласында оң нәтиже көрсеткен ақжармалық Жақсылық Әбілдаұлы, бесарықтық Ермек Әлжіков, қалжанахундық Айдан Манас, Сара Тілеуберген үшін де «Ақсу» шипажайы жақсы демалыс орны болды.
Кеңес үкіметі тұсында, Семей полигонында азаматтық борышын өтеген тереңөзектік Сейілхан Таңсықбаев шипажайда демалудың жанға жайлы болғанын айтады.
– Бір апталық демалыс жанымызға рахат сыйлады. Жарықтық Сарыағаштың минералды суы шипалы екен. Душ, ванна қабылдаған сайын жаның жадырайды. Ауасы да бөлек. Жақсы демалыс болды. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – дейді ол.
Шаруашылық жұмыста ысылған мемлекеттік қызмет ардагері Абдолла Атақаев шипажайдағы демалыс кезінде ардагерлерге көшбасшылық етті. Демалушыларды ұйымдастырып, Сарыағаштың көрнекті жерлерін, тарихи орындарын аралауға ұйытқы болды.
Сырдария қоғамдық қорының басшысы, әрі аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Несібелі Керейтбаева да демалушыларға үлкен қолдау білдірді. Өзі басқаратын қор арқылы шипажайға жолдаманың, барып, келу жол шығынының қаржысын аударып, WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы күнара ардагерлердің жағдайын біліп отырды. Шипажайда түскен суреттерді көріп, «Керемет демалыс болып жатыр екен, менің де барғым келіп кетті» деп пікір білдіргені бар.
«Жақсыны көрмек үшін» дегендей, әсем табиғат аясында армансыз демалып, күш-қуат жинап, ауылға жоғары көңіл-күйде оралды.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі