АРДАГЕРЛЕР АРҚА ТӨРІНДЕ
Осы жылдың қыркүйек айының бас кезінде облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен сырдариялық 20 ардагер Елордамыз – Астанаға сапарлап, оның көрікті жерлерімен, тарихи орындарымен танысып, оралды. Ардагерлер құрамында кезінде түрлі салада еңбек еткен зейнеткерлер және әскери борышын Семей полигоны аймағында өтеген азаматтар болды. Осы сапарға Қызылорда қаласынан, Сырдария және Жаңақорған ауданынан барлығы 51 ардагер барды. Оларды облыс орталығынан «Қызылорда – Көкшетау» поезына облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләй Ермағанбетова бастаған топ шығарып салды. Астанаға Сыр ардагерлерінің делегациясын облыстық ардагерлер кеңесінің менеджері Сандуғаш Оспанқызы Тынымбаева бастап барды. Жолда қызмет көрсету үшін қалалық №5 емхананың фельдшері Исагүл Бүркітбай, термеші Ізбасхан Дәулетхан сапарға бірге шықты. Сондай-ақ, осы сапарды ақпараттандыру үшін облыстық «Қазақстан – Қызылорда» телеарнасының тілшісі Шәкизат Сырым, оператор Бауыржан Қожамұрат ардагерлермен бірге жолға шықты. Пойыз үстінде ардагерлер денсаулығы үнемі бақылауда болды. Термешінің сүйемелдеуімен ардагерлер поезда ән шырқап, би билеп, көңіл көтерді. Саяхатты ұйымдастырушылар азық-түлікті де жолға қамдап берді. Қоржындары тоқ болды. – Астанаға қалай жеткенімізді білмей де қалдық,– дейді ардагерлер.
Елордада Сыр делегациясын «АстанаТабыс» ЖШС туристік фирмасының басшысы Ләззат Уақбаева күтіп алып, төрт жұлдызды «Қазжол» қонақ үйіне орналастырған. Таңғы астан соң облыстан барған 51 ардагер арнайы автобуспен қаланың көрікті жерлерін, тарихи орындарды аралады. Сонан соң «Әзірет Сұлтан» мешітінде болып, арнайы дұға жасалды. Одан әрі ұлттық мұражайда болып, елдің өткен тарихымен және бүгінгі жетістіктерімен танысты. Мұнан соң Қызылорда облысының Астана қаласының 20 жылдығы мерекесіне орай сыйлаған «Ғарыш қалашығында» болып, одан әрі «ЭКСПО-17» қалашығына табан тіреген. Саяхат барысында «Бәйтерек» мұнарасына шығып, 97 метрлік биіктіктен Астана қаласы тамашаланды. Бірінші күнгі саяхат осымен аяқталды. Екінші күнгі саяхатта «Тәуелсіздік сарайын», «Қазақ елі» монументін, Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай Ақтөбе облысы сыйлаған «Бейбітшілік қабырғасы» ескерткішін және «Той-думан» кешенін аралады. Саяхатты ұйымдастырушыларға ардагерлердің алғысы шексіз.
ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН САЯХАТ
Сұлупан ШАМШАДИНОВА, ардагер-ұстаз:Еліміздің азаттығының ар-намысын арқалаған Ата Заңымыздың 20 жылдығына орай облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ауданның бір топ ардагерлері Астана қаласына саяхатқа барып, керемет әсер алып қайттық. Бұрын газеттен, теледидардан көрген бір басқа, өз көзіңмен көрген бір басқа екен. Астанадағы Алланың ақ үйі «Әзірет-Сұлтан» мешітінен бастап көптеген мәдени-көпшілік орындарын аралап, көңіліміз көтеріліп, еліміздің жүрегі Астана қаласының ғажайып көркіне көзіміз тойды. Бұл біздің Елбасымыздың еңбегі, халықтың жеңісі деген ой түйіндедік.Осындай естен кетпес саяхатты ұйымдастырған ел ағаларына айтар алғысымыз шексіз.
Сапарымыз сәтті өтті. Бас-аяғы 60-қа жуық адамның барлық жағдайын жасап, «Мың қосшыдан бір басшы болсын» дегендей, аға-апаларына қызметін көрсеткен облыстық ардагерлер кеңесінің менеджері Сандуғаш Оспанқызына көп-көп рахмет.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ