Қазыналы қарияның берекелі шаңырағы

Жасы ұлғайған қазыналы қарт өзі туып өскен ауылында еңбек етіп, қазыналы қарттыққа жетіп, тоқсанның төріне озғалы тұр. Осынау жасқа жеткен шіркейлілік Әли Әбдіқадыров жеті сыныптық білім алып, жастайынан техника тілін үйренді. Небәрі 16 жасында жұмысқа араласып, еңбектің қара қазанында қайнаған. Бейнетінің зейнетіне адал еңбегімен жеткен қадірменді ақсақалдың осы күні денсаулығы сыр бергенімен, үйіне келген кісілермен емен-жарқын сұхбат құрып, өткенді еске алып, жас ұрпақтың саналы болып өсуіне ақ батасын беруді дәстүрге айналдырған.
– Туған жерім, кіндік қаным тамған қасиетті мекен қазіргі Шіркейліде 1935 жылы 15 тамызда дүниеге келдім. Ауылдағы мектепте оқып, білім алдым. Қатарымнан қалмай ерте еңбекке араластым. Ауылдың аяққа тұрған кезі есімде. Совхоздағы техниканың барлық түрін тізгіндедім. Ол заманда ер азаматтар трактор, комбайн айдап, мықты маманның қасынан шықпай үйренуге тырысатын. Өзімнен жасы үлкен көкем Қанен Биқожаев деген кісі болатын. Сол кісінің жанында жүріп жәрдемдестім, көмекші болдым, не жұмыс тапсырса соны істедім. Негізінен жүргізуші болып жұмыс істедім. Соғыс кезіндегі тылдағы еңбекке араластым. Бала кезім еміс-еміс есімде, ашқұрсақ жүргенімізбен, ауылдағы ағайынның ауызбірлігі мықты болатын. Қазір қарап отырсам, еңбектің арқасында осынша жасқа жетіп отырмын. Балалы-шағалы болып, шүкір ұрпағымның ортасында отырмын, – дейді қазыналы қария.
Әли ақсақал Құдай қосқан қосағы Гүлстан Кенжебайқызымен мағыналы өмір сүрді. 7 ұл мен 1 қызға ата-ана болып, балаларына жақсы тәрбие беріп өсірді. Қазір балаларының барлығы әке жолын қуған еңбек адамдары, шаруашылықта жұмыс істейді. Балаларынан 26 немере мен 18 шөбере сүйіп отырған, бақытты ата.
Өмірдің соқтықпалы-соқпақты кезеңінен өтіп, елде болған барлық қиыншылық пен тоқырау заманды көзімен көрген, жақсы мен жаманның куәсі болған қария бүгінгі ұрпағы көріп отырған бейбіт өмірге шүкіршілік етеді. Ауылдың құрылған жылынан бастап, өсіп-өркендеуі, шаруашылықтың егін егіп, мал шаруашылығымен айналысуы барлығы көз алында. Тоқшылық заманды да, жоқшылықты да көрген қарт белі бүгілгенше адал еңбек етіп, ұлдарын да адамгершіліктің ала жібін аттамауға, іскерлікке үйреткен. Қарияның кеудесінде Жеңістің 60, 65, 70, 75, 80 жылдығына берілген медаль өткен күннің белгісіндей жарқырап тұр.
Бүгінде ауыл ортасындағы зәулім үйде кенже баласы Шыңғыстың отбасымен бірге тұратын Әли қарт көзқуанышы немерелері мен шөберелерінің өсіп келе жатқанына қуанышты. Әсіресе ер жетіп қалған немересі Нұрпейіл көзінен таса болса дереу іздейді. Қолқанаты болып қалған немересі атасының айтқанын бұлжытпай орындап, бар жағдайын жасауға асығады. Кіші келін Нұргүл бесаспап, дәмді мен бар жылы-жұмсағын атасының аузына тосады. Атасы болса келініне дән риза, алғысын айтып, батасын береді.
– Қазыналы қариямыздың ортамызда отырғаны береке. Әрі ауылдың үлкені болғасын «ақсақалдан бата алайық» деп келетіндер де көп. Бұрын ауылдағы тірлікке араласатын. Ақсақалдар кеңескенде ортасынан табылатын. Қазір денсаулығы сыр берген соң оған шамасы келмейді. Бірақ үйге келіп, әңгімесін тыңдап кететіндерді құрақ ұша қарсы алады. Осындай көпбалалы үйдің келіні болғаныма ризамын. Немерелеріне қарайлап, басынан сипап, ақылын айтып отырғанына шүкіршілік етеміз. Атамыздың жасы ұзақ болсын, – дейді ақ тілеулі келіні Нұргүл Қартаңбайқызы.
Сыйластық пен ауызбірлік – адамгершіліктің нағыз үлгісі. Жақсы мінез жарасым тапса ол шаңырақта береке-бірлік орнайды. Біз бір сәтке аялдаған қазыналы қарттың отбасында осынау көптің қолы жетпес қасиеттің берік орнағанына көзіміз жетті. Лайым денсаулықта болыңыз, жүз жасаңыз, қазыналы қарт!
Бибісара ЖАНӘЛІ