Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шіркейлінің шежірелі қариясы

Шіркейлінің шежірелі қариясы

Саналы ғұмырында адал еңбек етіп, маңдай терін тө­гіп, ең­бек адамы атанған шір­­кей­лілік Жақсылық Әбсадықов 80 жасқа таяп қалды. Қария өзі туып-өскен ауылында жастайынан еңбекке ер­те араласып, «Қызыл ту» колхозында 16 жасында механизатор атанды.

Диқан, күрішші, механизатор, ауыл шаруа­шы­лығының майталманы атанған Жақсылық Дүйсенбайұлы 50 жылға жуық Жер-анадан не­с­ібесін теріп, еңбекпен есейді.

1943 жылдың 18 мамыр күні қазіргі Шіркейлі ауылында дүниеге келген Жақсылық ағаның әкесі Дүйсенбай Әбсадықов соғыс ардагері, мектепте бала оқытқан ұстаз болған. Ауыл балаларын оқытып, шаруашылықты басқарған Жаңабай Азаматовпен қатар колхоздың өсіп-өркендеуіне атсалысқан азамат.

– Ауылда жетіжылдықты бітірген соң Қы­зылорда қаласында механизаторлар дайындайтын мектепте оқып, мамандық алдым. Ол кезде колхоз жұмысына қажетті мамандар тапшы болатын. Әкеммен ақылдасқан Жаңабай Азаматов менің механизатор болғанымды қа­лаған. Механизаторлыққа бір жыл оқып, ауыл­ға оралған соң 16 жасымда трактор тізгініне отырдым. Техниканың тілін меңгердім. Содан 50 жыл бойы бел жазбай еңбек еттім. «Егінші – мәрт, жер – жомарт» дегендей, егін егіп, ел қатарлы өмір сүрдік. Ерте көктемде басталатын жұмыс, қоңыр күзде аяқталады. Ата-анамды, бала-шағамды трактор айдап асырадым, – дейді байырғы дала еңбеккері.

Жақсылық Әбсадықов техника тілін жетік меңгерген мақтаулы маман, өз ісінің шебері болды. Өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында да­ла кемесі комбайнды да тізгіндеді. Күріш те егіп, егінді жайқалтты. Адал еңбектің арқасында 50-60 центнерден өнім алды. Жұбайы Гүлжаухар да шаруашылықта күріш екті. Ауылдан шыққан қыз-келіншектердің бригадасында жүріп күріш­тен тау тұрғызды. Әттеген-айы, 45 жыл отасқан жұбайы осыдан 14 жыл бұрын бақилық болды. Қазір Жақсылық аға 6 ұл-қызынан 30 немере, 34 шөбере сүйіп отыр.

– Ата-анадан екі перзентпіз. Анам Раушан біздерді ер жеткізді. Әкемнің жағдайын жасап, үй шаруасымен айналысты. Жалғыз бауырым Шыныгүл мұғалім болды. Қазір Астана қаласында тұрады. Үбірлі-шүбірлі. Құдайға шүкір, 50 жылғы бейнетімнің зейнетін көріп отыр­мын. Балаларым алақандарына салып отыр. Кенже ұлым қолымда. Немере-шөберелерімнің қызығын көрсеткеніне тәубе деймін. Бұрын­ғының адамдары өте еңбекқор болды. Елдегі ауызбірліктің арқасында ауылдан талай чемпиондар шықты. Қазір де ауылымыз жаман емес. Техниканың неше түрі бар. Оны меңгерген жас­тар да жеткілікті. Ынта болса, алынбайтын қамал жоқ. Ауылдың мәселелері шешім табуда. Тақтайдай түзу жолдар салынып, көше самаладай жарқырап тұр, – дейді ауыл ақсақалы Жақсылық Әбсадықов.

Қазыналы қарттың өнегелі өмірін жалғас­тырып отырған балаларының арасында әке жолымен механизатор болғандары бар. Екі бірдей ұлы ауыл шаруашылығы саласында еңбек ете­ді. Кенже ұл Мақсұт ауылда мәдениет үйін бас­қарады. Қыздары да бүгінде өрісін жайған бір-бір шаңырақтың отанасы.
Құрмет төріндегі қадірлі қария жастық шағында қоғамдық жұмыстарға белсене аралас­ты. Қазір де ауылдың тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырады. Ауыл тұрғындары да ақсақалды құрметтеп, батасын алуға асы­ғып тұрады. Ол кісі 2018 жылдан бері ауылдағы қоғамдық кеңестің мүшесі. «Өнер десе, іш­кен асын жерге қоятын» қария аудан, облыс көлемінде өткен бата беру, шежіре айту бай­қауларына қатысып, жүлдегер атанды. Сондай байқаулардың бірі – 2020 жылы Айдарлы ауылдық клубының ұйымдастыруымен өткен «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» орденінің кавалері және бірнеше медальдар мен ВДНХ жүлделерінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», Айдарлы ауылының тумасы Әлі Үсеновтің туғанына 80 жыл толуына орай өткен облыстық байқау. «Батаменен ел көгерер» атты онлайн байқауда батагөй ақсақал бас жүлдені иеленді. 2021 жылы қарттар күніне орай және әскери қолбасшы, батыр Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлының 445 жылдығы, Қазақ ханы, ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы Абылай ханның 310 жылдығы және Бөкей Ордасы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Исатай Тайманұлының 230 жылдығы мерейтойларына арналған «Сөздің ең ұлысы – тарих» атты облыстық шежірешілер байқауында да жүлдегерлер қатарында болды. Осы байқауда Жақсылық Әбсадықов туған ауылының шежіре­сін баяндады. Ауылдың Шіркейлі аталуының себебін, мән-мағынасын әңгімеге арқау етті.

– Шіркейлі сөзінің негізгі мағынасы шыбын-шіркей деген сөзден шыққан. Сырдың суы азайып ойпат жерлерінен өзен пайда болған. Суы азайған жерде жәндіктер, балықтар сасып, шыбын-шіркей көбейген. Оның көптігінен адам жүруі қиын болған. Сонан «Шіркейлі» атауы шығыпты, – деп шежіре шерткен ақсақал ауыл тарихына тоқталды.

– Алғашқы ауылдың қоныстануы 1927-1931 жылдары басталған. Соғыстан кейін 4 колхоз бірігіп, «Қызыл ту» ұжымшары аталып, 1967 жылдан «Шіркейлі» кеңшары аталып келеді. Шіркейлі шаруашылығын қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы өндірісінің білікті ұйымдастырушысы Жаңабай Азаматов ширек ғасырға жуық басқарды. Іскер басшы­ның арқасында ауылымыз Қазақстанның «Алтын кітабына» жазылды. Шаруашылық «Еңбек Қызылту орденді Шіркейлі ауылы» атанды. Ауылдың оңтүстігінен «Ұлы Жібек жолы керуенінің» бір тармағы өткен. Түйе керуенімен жүк артып, мал өнімдерін тасып, шай, қант, матамен сауда-саттық жасап күнін көрген. Сонымен бірге «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» тізіміне енген асардың бірі «Қосасар» ауыл аумағында орналасқан. Екі қалашықтан тұрғандықтан «Қосасар» деп аталған. Бірінші қалашық толып, екінші қа­лашық ашылған. Екі қалашықта да халық өмір сүрген. Қазір екі қалашықтың да орны тұр. 2015-2016 жылдары үлкен ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге «Топан», «Сарбасат», «Әжібай арық», «Қумола» тағы басқа көптеген жер-су аттары бар. Тарихтан белгілі, қазақ халқы талай қуғын-сүргінге, ашаршылыққа ұшыраған. Әсіресе, 1929-1931 жылдары біздің ауылымызға да оңай тиген жоқ. Сол қиын шақтарда көкірегі ояу, ұйымдастырушы Әжібай Тоққожаев деген атамыз аш халықты үгіттеп «Шіркейлі» өзенінен 12 шақырым жерге кетпенмен арық қаздырып, егін егіп, жұрт бидай, тарыға тойына бастаған, – дейді қазыналы қарт.

Кейін осы арықтың жобасымен «Қожарық» каналы қазылған. Бұл арық ауыл халқына әлі күнге қызмет етуде. Ұлы Отан соғысына ауылдан 400-дей боздақ соғысқа аттанады. Оның 199-ы оралмаған. Ж.Нұрсейітов соғыстағы ерлігі үшін «Кеңес Одағының батыры» атағын алған. Бейбіт замандағы батырлар Б.Мұстапаева, Б.Синаева Екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне депутат болды. Тағы да басқа еңбек озаттары шықты. Құдайберген Әзбергенов, Орынбек Ахметов «Ленин» орде­німен, Орынкүл Сүлейменова 28-съезге де­ле­гат болғаны ауыл тарихында қаттаулы.

Міне, осындай шежірелі тарихты қадірлі қария жас ұрпаққа насихаттап келеді. Нағыз еңбектің ортасында шыңдалған ардақты жан өнерден кенде емес.

«Көп білгеннен емес, көпті көргеннен сұ­ра» демекші, қазыналы қарттың өмірде көргені де, білгені де көп. Жақсы мен жаманның жігін ажыратып, адал еңбек етуді ұрпағына үлгі еткен ақсақалдың өмірі ұзақ болғай!

Бибісара ЖАНӘЛІ
01 қазан 2022 ж. 333 0