Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Меккеден келген жайнамаз

Меккеден келген жайнамаз

Бірнеше ай бұрын Қоғалыкөл ауылына барғанымызда Қамар ақсақалдың шаңы­рағына атбасын бұрған болатынбыз. Шежі­релі қарт, дін қайраткері Құлболды ишанның 5-ші ұрпағы Қамар Рүстемов әңгімесі барысында бізге қасиетті Меккеден келген жайнамаз туралы айтып берді. Жайнамазды ақсақалдың немере қарындасы Сайда Икрамова киелі жерден арнайы әкеліп берген екен. Бүгінде 79 жасқа келген қазыналы қарт 18 жылдан бері бағалы сыйлықты көзінің қарашығындай сақтап келеді. Өткен өміріне көз жүгірткен қария Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен жылдарын да тілге тиек етті.

Діни сауаты жетік, Құлболды ишанның құнды мұрасымен тереңнен сусындаған шежірелі ақсақалдың өмір жолы ғибратқа толы. Ауыл топырағынан түлеп ұшқан бозбала шағынан еңбекке ерте араласқан. 30 жылға жуық өзі туған ауылды басқарған Қамар Рүстемовке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен 3 рет кездесу бақыты бұйырған.

– Кейде ойлана келе, бұл өмірде менен бақытты адам жоқ шығар деймін. Уақытында ауыл өмірімен біте қайнасып, көштің ілгері басуына замандастарыммен бірге еңбек еттік. Еңбекпен есейіп, ел-халықтың жанынан табылу баға жетпес абырой. Сан салада тәжірибемізді шыңдап, қиындыққа төтеп бердік. Жоққа көніп, барды қанағат тұттық. Міне, жемісті еңбектің нәтижесінде, ел ағасы атанып отырмыз, – дейді қазыналы қарт.

Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жыл­дығы – мемлекеттің қалыптасу кезеңі­нен құралады. Ел ішінде құрылымдық өзгерістер орын алып, маңызды шешім­дер қабылданды. Қиын-қыс­тау уақытта Қамар Рүстемұлы теріс­кейде жатқан ауылға басшы болды. Қоғалыкөл ауылының әкімі ретінде 1996 жылы сол кездегі ел астанасы – Алматы қаласына барып, республикалық жиналысқа қатысты. Жиналыс барысында Елбасымен жо­лық­қаны көз алдында. Ал көреген саясаткермен екінші кездесуі – 1998 жылы ауданға қарасты Аманкелді ауылында болыпты. Ол кезде қоғам қайраткері Алмагүл Божанова аудан басшысы болатын. Араға 5 жыл салып, Қалжан ахун ауылында жұртшылық кезекті тарихи оқиғаның куәгері атанды. Сыр еліне сапары бары­сын­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­ Қалжан ахун мешітімен танысып, облыс активімен кездеседі. Сол кезде көре­ген басшы ауыл әкімдеріне жаңа автокөлік кілтін табыстайды. Игілікті істің басы-қасынан табылған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына жұртшылық атынан Қамар Рүсметов өз алғысын жеткізеді.

Осыдан 18 жыл бұрын киелі Мекке қаласында тұрған Сайда Икрамова Қамар ақсақалға құнды жәдігерді та­­­­­­быс­­­­тайды. Діни сауатын жетілдіре түскен өнегелі өмір иесі зейнетке шыққан уақытында Қоғалыкөл ауылы­ның имамы болады.

– Ауылдағы ағайын бір жылдары елді мекенде имам болуымды қалады. Осылайша, көпшіліктің тілегін ескеріп, дін мамандарынан тәлім алып, Ис­ламның қыр-сырына қанықтым. Са­ла мамандарының нұс­қауы­мен ді­ни жоралғыларды мең­гердім. Алматы қаласына барып, емтихан тапсырып, кәсіби имам ретінде қасиетті қызметке кірістім. Үйімнің төрінде сақтаулы тұрған жайнамаздың мен үшін маңызы зор. Бес уақыт намазымды қаза қылмай, Аллаға құл­шылық етуді парызым деп білемін. Ұрпағыма ұлылық пен құндылықты, ислам дінінің керемет жауһарларын айтудан жалықпаймын. Туған жерден түлеп ұшқан азаматтар Ислам дінінің ағартушылық бағытын зерттеп, жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Қай кезде де олардың діни сауат ашуына тілекшіміз, – дейді қазыналы қария.

Қамар ақсақалдың әкесі Рүстем қазақ, орыс, араб тілдерінде шәкірт­теріне дәріс беріпті. 16 жасынан мол­да болып, жұртшылыққа хат танытқан. Өз кезегінде «Қазақ-түрік» жастар қоғамдық бірлестігінің атынан інісі Жеңіс Әбіләсанов Қоғалыкөл ауылына 300 орындық мешіт салдыртады. Қазіргі таңда «Құлболды ишан» атындағы ауылдық мұсылмандар мешітінде Бүркітбай Досболов имам­дық қызметте.

Мемлекеттік, ұстаздық, қызметпен бірге дін саласында өзіңдік қолтаңба қалдырған Қамар Рүстемов зайыбы Зарипа Сейтовамен бірге 2 қыз, 2 ұл тәрбиелеп, олардан немере-шөбере сүйіп отыр. Зарипа апа 40 жылға жуық ауылдағы білім ошағында еңбек етіп, ағылшын тілінен сабақ берді. «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Қамар ақсақал Құлболды ишанның еңбектерін жас ұрпаққа айтудан жа­лықпайды. Бабасының мол мұрасын ол Ғылым академиясына табыстаған. Ал қазыналы қария қасиетті Меккеден келген жайнамазды құнды жәдігер ретінде бағалайды.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ 
25 наурыз 2021 ж. 1 023 0