Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек ерте есейткен...

Еңбек ерте есейткен...

Сексен жеті жастағы шағандық Зият Сейтағзанов көпті көрген қария ретінде елге сыйлы. Оның өмір дәптерін парақтай білсеңіз, көптеген ғибраты мол дүниеге қанығасыз. Отбасында 7 ағайындының кенжесі атанған қазыналы қарт әкесін еш уақытта көрмеген. Кеңес Үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған сәтте оның әкесі қуғын-сүргіннің құрбаны атанады. Әкесін қамауға алып, ату жазасына кескенде бесіктегі қырқынан шықпаған сәби еді.

Қиындық пен ауыртпалықтың, өз алдына бүйірден қысқан жоқшылықтың салдарынан бейнетке бір табан жақын болды. Төрт ағасы соғысқа аттанып, 2 бауыры майдан даласында жан тапсырады. Ет жақындарынан айырылған ақсақалдың үлкен бауыры ізінен ерген бауырларын қатарға қосады. Ауылдағы мектепте он жылдық білім алған Зият Ілиясұлы ауыл шаруашылығы саласын меңгеруге ынтасы зор болатын. Дегенмен, орыс тілін білмегендіктен ауыл баласын техникумға қабылдамайды.

– Мен өмірімде әкемнің мейір-шапағатын көріп өскен емеспін. Мешіт ұстап, сауатты кісі болған әкемізге нақақтан-нақақ жала жабылып, саяси тұтқынға айналады. Үйелмелі-сүйелмелі 7 баламен анамыз жесір қалып, әрбіріміздің үй болып қалыптасуымызға барын салды. Жарықтық шешем әкемнен, баласынан айырылған сәтте ешбір мойымастан, аяқтан тұрған. Мен оқуға қабылданбағаннан кейін автокөлік жүргізушісі мамандығын игеріп алдым. Ауылдағы МТС мекемесіне жұмысқа орналасып, 25 жыл бойы трактор секілді жүк көліктерін тізгіндеген едім. Әрине, қолдан келген кәсіпті игеріп, адалынан нан тапқаннан артық ештеңе жоқ, – дейді қазыналы қарт.

Әрбір сөйлеген сөзінен ғибрат пен өнеге білінетін еңбек адамы автокөлік жүргізушісі ретінде ауыл шаруашылығы саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Мейлі, жұрт секілді жоғарғы оқу орнында оқымаса да, ел қатарынан қалған емес. Зият ақсақал 45 жасында ауыр жүк көлігін айдамауға байлам жасап, егін егу саласына бет бұрады. 40 жыл Сыр салысын егіп, күріштен мол өнім алуға тырысады. Жердің құнарын тексеріп, әрбір атыздан қанша өнім алуға болатындығын саралай біледі. Зайыбы Рыскүл екеуі егістік басынан табылып, аграрлық саланың көсегесін көгертеді. Адам саны жетіспегендіктен, шаруашылықта жүрген әрбір күрішші жұмыс талғамайды. Комбайн, трактор айдап, техниканың жүріп тұруына жауапты болады.

55 жасында зейнет демалысына шыққан Зият Сейтағзанов әркез жоғарғы жетістігі үшін марапат төрінен көрініп отырған. Диқаншылық кәсіптің майталманына айналған ардақты ардагер кейінгі жастарға ақылын айтудан жалықпайды. Кезінде саятшылық құруды әуес қылатын. Жолында кездес­кен қоян мен қырғауылды атып алып, мергендігімен көзге түсетін.

– Жыл сайын кездесетін күріш егудің өзіндік қиыншылығы бар. Сырдың басты дақылын орналас­тыруда көптеген кедергіге тап боламыз. Негізінен, күрішші аптап ыстыққа қарамастан, мол өнім алуға тырысады. Жер Ана қашанда жомарттығын танытады. Әр жылдары күріштен мол өнім алып, Шағанның атын шығаруға аянып қалмадық, – дейді ардақты ардагер.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ

27 мамыр 2025 ж. 206 0