Абырой биігіндегі азамат

Сөзі нық, іс-қимылы ширақ, бітім-болмысы ерекше азамат ауылдастары арасында сый-құрметке ие. Сонау өткен ғасырдың тоқырау жылдарында балалық шағы өткен Итемір ақсақал қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Фазыл ел ішінде Сырдария және Шиелі ауданындағы каналдарды қазып, халыққа аяқсу жеткізгенімен белгілі. Өткен мен бүгінгіні салыстыра отырып, болашақты болжай алатын сұңғыла қасиетімен дараланған Рахымжан қажы Бәйменов Фазыл Ахметұлы туралы мақала жазып, оның ерен еңбегін келер ұрпаққа дәріптей білген. Міне, тектілік дарыған, әке өнегесін қалтқысыз жадында тоқыған Итемір ақсақалдың өмірден түйгені көп.
Шын мәнінде, Итемір ақсақалдың анасы Тәтті 13 құрсақ көтерген. Отбасында тек қана 3 перзент ата-анасының көз-қуанышына айналған. Итемір Фазыл ең алғаш ауылдағы 1-Май атындағы білім ошағынан 7 жылдық білім алып, аудан орталығындағы М.Калинин атындағы №35 орта мектепті тәмамдайды. Қазыналы қарттың балалық шағы соғыс жылдарынан кейінгі орны толмас орасан зор қиындықпен тұспа-тұс келеді.
– Өткен күнге көз жүгірте қараған сәтте барлық жүріп өткен өмірлік жолым күні кеше ғана секілді көрінеді. Қарапайым отбасынан шыққан мен үшін ауыртпалыққа толы кезең жеткілікті болғаны рас. Үйдегі тұрмыстық жағдайға байланысты ерте жұмысқа араласып, ауыл өмірімен біте қайнасып кеттім. Сексен жылдық ғұмырымда көптеген естелікке толы сәттер болғаны рас. Әкем Фазыл Ахметұлы өте қарулы, еңбеккеш болған кісі. Ол қолмен канал қазған сәтте құмды 4 адам тасып үлгермейді екен. Кеңестік уақытта құжат айналым бір жүйеге түспеген кезең. Сондай сәтте менің туған жылым 1946 жылы деп жазылып кетіпті. Негізінен, мені анамыз 1945 жылы дүниеге әкелген. Анам Тәтті көпбалалы ана болғанымен, сол кездегі медицинаның дамымаған салдарынан балалары шетінеп, осы уақытқа дейін 3 ағайынды бауырлар өмір сүрдік, – дейді өмірден көргені мол қарт.
Қоғамда беделі бар, парасатты, ақыл-кеңесімен жұртты артына ерте алған адамды қазақ ақсақал деп атайды. Итемір Фазылұлы Сәкен Сейфуллин ауылының жастарға жол сілтей білетін ақсақалы ретінде көпке сыйлы. Кезінде қара жұмыста әбден ысылып, еңбек адамы ретінде есімі елге танылған. Саналы ғұмырында совхозда егін және мал шаруашылығы бойынша бригадир қызметін атқарған. Сонымен қатар совхоздағы дүкенде қызмет етіп, сауда-саттық саласында өзін басқа қырынан көрсете білген.
– Біз көрген бейнетті, қиындықты келер ұрпаққа бермесе екен деген тілегім басым. Совхозда адам саны жетіспейді. Қыз-келіншектер ер-азаматтармен қатар жұмыс істейді. Түс ауа келген шөпті түнгі 3-4-ке дейін түсіретін кезіміз болады. Барлығы ауыл халқы үшін. Басшылыққа бағынып, межелі жұмысты аяқтауға тырысамыз. Сонда әйелдер қауымы «шаршадым» деген сөзді айтпайтын еді. Кейбір үйде талғажау ететін ас-ауқат табылмай жатады. Тоқырау жылдары небір сүргелеңге толы сәттер баршылық еді. Механик мамандығын меңгерген мен үшін совхоздың жұмысын ілгерілету – басты мақсат болатын, – дейді Итемір Фазылұлы.
Итемір Фазылұлы 1968 жылы өмірлік жары Қалдыгүл Серікқызымен отау құрған. Өмірге 5 перзент келгенімен, бүгінде 4 баладан тараған немере-шөбере қос қарияның қолғанатына айналған. Үйдің шамшырағы, аяулы ана Қалдыгүл Серікқызы 45 жыл бойы есеп-қисап саласында қажырлы еңбек еткен. Өз уақытысында ардақты жан ПМК-15 мекемесінде, қыш зауытында, совхозда жауапты қызметті абыроймен атқарған. Бүгінде ардақты азаматтың балалары кәсіпкерлік, педагогика саласында өз қолтаңбаларын қалдыруда.
Бірде ауруханада ем қабылдап жатқан Итемір ағамен дидарлас болған едік. Он күн бойы қойын дәптеріне кітаптан оқыған құнды деректерін жазып отырды. Бұның себебін сұрағанымызда Итемір аға: «Жастайымнан кітапты көп оқыдым. Ғибраты мол құнды сөздерді қойын дәптеріме жазып қоямын. Болашақ немере-шөбереме рухани азық болатынына сенемін», деген еді.
Бұл ретте, өзіндік болмысымен көпшілік арасынан дараланған ақсақалға ұзақ ғұмыр тілейміз!
Балтабай ОРДАБЕКОВ