Алтын құрсақты ана
Ер-азамат – елдің тірегі, әйел-ана – шаңырақтың құты мен берекесі. Алтын асықтай ұл мен қызды дүниеге әкеліп, ұрпақ өсірген, ошағының отына ие болып, түздегі азаматына сүйеу болған аналарымыз қаншама. Осындай алтын құрсақты аналарымыздың бірі – «Алтын алқа» иегері, бүгінде жасы 86-ға келген ақ жаулықты ана Қалима Тайбағарқызы. Қарт ана туған ауылдың ғана емес, ауданның құрметті де ардақтысы болып отырған асыл жан.
Ұлы Отан соғысы басталар тұста небәрі 3 жаста болған Қалима апа ауыртпалық жылдардың ұрпағы болып бойжетеді. Қарапайым колхозшы Тайбағар Байжанов пен Үміт Қылышбайқызының үлкені, әрі өзінен кейін дүниеге келген үш сіңлісі Нағима, Бақыт, Құрманкүл және інісі Ібәйділдаға бас-көз болып қамқорлық танытады. Небәрі 17 жасында өзімен бірге бір ауылда туып-өскен азамат Ұлтанбек Ешмахановқа тұрмысқа шығады. Жұбайы ата-анасынан ертеректе айырылғандықтан, балалар үйінде тәрбиеленген. Ер жеткен соң қосағын нағашысы Жүністің шаңырағына түсіреді. Нағашысының қолындағы баласы Жомарт пен келіні Қаратаймен бірге бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүргені күні кешегідей есінде.
– Қайнағамыздың шаңырағында, бір киіз үйде абысыныммен бір жыл бірге тұрдық. Олардың Нұртай деген баласы мені Қама деп атайтын. Үнемі жанымнан қалмай, былдырлап үйдің тіршілігіне қолғабыс етіп жүретін. Сол кездің өзінде түйеге мініп қой бағатынбыз, – дейді сонау алыстап кеткен жастық шағын еске алған Қалима апа.
Бір жылдан соң колхоздың басшысы болған Оспан Мәлібаев жастарға өз бетінше үй болып кетуіне жәрдемін тигізеді. Жас отбасының алдына колхоздың бір отар қойын салып, қойшы етеді. Ер азаматының етегінен ұстаған жас келін Қалима да Шопан ата төлін күтіп, оны төлдетуге атсалысады. 11 жыл бойы шопан болып, қой бағып, қырға шығып, сары даланың небір керемет жерін көзімен көріп, көшіп-қонудың машақатын біркісідей көреді. Ауданның бұрынғы Қызылдихан колхозының малын жаз жайлауда, қыс қыстауда өсіп-көбеюіне еңбектенеді. Өмірінің ең керемет шағында жұбайының жанында жүріп, бірінен соң бірі дүниеге келген перзенттеріне аяулы ана болған Қалима ана осылайша еңбектің қара қазанында қайнайды.
– Шопан болдық. Күндіз-түні тыным таппай еңбек еттік. Жылдың он екі айы мен 24 сағатында малдың қамын күйіттедік. Әсіресе, жайлауға көшіп, қыстауға келген кезде талай қиындықты көрдік. Қой, сиыр бақтық. Таң атысымен сауынға шығып, сауыншы да болдық. Жезқазған жеріне дейін мал айдадық. Малшылар межелі жерге жеткенше әйелдер мен балалар түйеге мінгесіп, ертерек жетудің қамын жасайтынбыз. Аялдайтын жерге күні бұрын барып, ошаққа нанымызды көміп, ас әзірлеп, малшыларды қарсы аламыз. Үш баламды қырда босандым. Өмірімнің қиындығын айтып, ешқашан налыған емеспіз. Отағасы қайда жүрсе соңынан еріп кете бердік. «Әлтеш» белгісі, Шиқанбұлақ, Ақмола, Формула, Сағатсуы, Қышқұдықтан асып Құмкөлге дейін бардық. Әлі есімде «Тобағабыл» деген құдыққа жеткенімізде 3 отар қойды 3 күн суарғанымыз. Қауға сатыр-сұтыр етіп құдыққа түскенде оның дауысынан қой жамырай түсетін. Сонда атқа мінген ер азаматтар қойды қайырып тұратын. Түз тағысы тағы бар. Күні-түні қойды қасқырдан күзетіп, малды аман алып қалдық, – дейді көненің көзі.
Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, мал бағып, совхозда күрішші де болған азаматы Ұлтанбек Ешмахановтың күріштен мол өнім алып, абыройға кенелгені ортақ қуанышқа айналды. Жоғарғы нәтижеге жеткен күрішші «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталып, жұбайы Қалимамен Мәскеуде өтетін әйгілі ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, Қызыл алаңды да тамашалаған.
– Марапаттан кенде болмадық. Бұны еңбектің бағаланғаны деп білдік. Мәскеуге бардық. Заманның кеңшілігі, жұбайымның жанындағы жолдастары Мәскеуге менің де баратынымды айтып, пойызға бірге алып шықты. Қонақ үйге барғанымызда ондағылар менің құжатымды сұрады. Ал менде құжат жоқ еді, тіпті неке куәлігін де алып шықпағанбыз. Сол жағдайдан шығудың амалын жанымыздағы жолдастарымыз ойластырып, қонақ үй қызметшісінің қасына қонатын болдым. Күндіз бәріміз бірге жүріп, Мәскеуді араладық, түнде қызметші әйелдің жанына түнедім. Қазір ойласам, сонша жерге қалай құжатсыз барғанмын. Елге келген соң ғана құжатымды алып берді, – дейді еңбек еткен жылдарындағы қызықты оқиғасы туралы Қалима Тайбағарқызы.
Ардақты ана еңбектегі табысымен ғана емес, әулеттің анасы ретінде де әрдайым сыйлы, беделді болды. Өмірге әкелген 12 ұл-қызын байлығым деп біліп, ағайынмен де сыйластықта, мағыналы да мәнді өмір кешуде. Бұл ізгі дәстүр әлі күнге дейін жалғасып келеді. Осы күні ауылдағы үлкендердің қатарындағы 93 жастағы Құрмаш апа, 90-дағы Зияш апа, құрдасы Пәтес апа мен сауында бірге болған Райкүл апа, сіңлісі Тұрғын апа – тұтас ауылдың тілеуін тілеп отырған қазыналы қарттар.
Әттең-айы өмірлік серігі Ұлтанбек ағаның өмірден өткені. 69 жасында бақилық болған азаматының келместің кемесіне мініп кеткеніне биыл 16 жыл болады. «Әкені – бәйтерек, ананы – тірегі» деп білген балалары Күлтәй, Өмірсерік, Зүбайра, марқұм Гәжденбек, Берік, Мейрамбек, марқұм Батырбектен тараған 39 немере мен 73 шөбере бар. Қарашаңырақтың иесі Болат пен келіні Ақгүл бар жұмсағы мен тәттісін аналарының аузына тосып отыр.
Ана үшін басты байлық көзге көрінген перзенттері, қанатының астындағы балапандары. Ұрпағы аман болса, ана бақытты. Қазыналы қарияны, ақ жаулықты ананы мерейлі мерекемен құттықтап, деніне саулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!
Бибісара ЖАНӘЛІ