Мерейі үстем мерейлі отбасы
Адал еңбек иелерінің өнегелі істерін дәріптеп, насихаттап жүруге бейім азаматтар болады. Іңкәрдария ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіразақ Байманов еңбексүйгіш жандардың адал еңбегін үлгі етіп жүретін азаматтардың санатынан. Жақында ардагер ағамыз өзі туып-өскен ауылдың тарихын айта келе, ұзақ жылдар мал шаруашылығы саласын дамытуға сүбелі үлес қосып, түйе баққан мерейлі отбасының отанасы, екі мәрте «Облыстың ең үздік түйекеші» атанған Әлима Қоңқашева туралы әңгімелеп берді.
Қолымызға қалам алып, еңбек жолын мақаламызға арқау еткелі отырған Әлима Тоқмырзақызы – бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты ана, ақ жаулықты әже. Сонау Түркіменстан топырағында дүние есігін ашып, алақандай ауылда 9 сыныптық білім алған оның балалық шағының көршілес елде өтуі нәубет жылдардың қиындығымен тікелей байланысты. Өмір жолына зер салсақ, ата-бабалары ашаршылық салдарынан қоныс аударуға мәжбүр болыпты. Қиырда жүрсе де қазақы салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты берік ұстанған әулет өткен ғасырдың 60-шы жылдарында туған жерге оралған екен. Бұл туралы Әлима апаның өз аузынан естідік.
– Тамыры терең тарихымызда жазылғанындай ашаршылық жылдары қазақ жерінде өмір сүру көп қиындық тудырды. Жұмыс жоқ, табыс көзі өте шектеулі болғаны белгілі. Оның үстіне елімізде озбыр саясат жүрді. Ата-бабамыз сол саясаттың салқынын бастан өткеріп, Түркіменстанға көшіпті. Ол жақта да қайбір жақсы жағдай болды дейсіз. Әжелеріміз барлық қиындықтың еңбекпен, шүкіршілікпен артта қалғанын айтып отыратын. Ал аталарымыз «Қайтсек те Отанымызға жетейік» деп жатса да, тұрса да Жаратқанға жалбарынады екен. Біз Түркіменстан Республикасының Мары облысында тұрдық. Туған анамнан ерте айырылдым. Қиындықпен өткен балалық күнім еміс-еміс есімде, – дейді мерейі үстем мерейлі отбасының бақытын адал еңбекпен қалыптастырған ардақты ана.
Кейіпкеріміздің айтуынша, әкесі Тоқмырза Досанов 1918 жылдың тумасы екен. Қазалы ауданының бұрынғы Энгельс совхозында өмірге келген. Әлима апа жоғарыда атап өткеніндей, туған анасынан жастайынан жетім қалыпты. Он екі ағайынды көпбалалы отбасында өскен кейіпкеріміз үйдің үшіншісі, қыздың үлкені екен. Екінші анасы Гүлбаршын Абдуллаеваның қамқорлығында болған. Ол кісі 1935 жылы Жалағаш ауданының Ақарық ауылының тумасы екен. Ата-аналары қазақ еліне келген нәубет жылдары ашаршылық салдарынан туған-туыстарымен бірге қазақ елінен Түркіменстан Республикасына ел асып көшіп барған. Кейіпкеріміздің отбасы 1968 жылы елге оралғаннан кейін Іңкәрдария ауылына қоныстанған. Содан бері де жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Ауылға сіңісіп, маңдай терін мал шаруашылығы саласын дамытуға төккен еңбек адамы Іңкәрдария ауылының қалыптасуы мен дамуын бір кісідей біледі.
Өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан кейін тың жерлерді жаңадан игеру жөнінде Қазақстан Республикасының Министрлер Кеңесінің қаулысы қабылданды. Қаулыға сәйкес жаңадан Іңкәрдария, Жаңадария, Қуаңдария және Жаңақала деген төрт қаракөл қой совхозы құрылды. Іңкәрдария совхозына 1964 жылы ақпан айының басында тұрғындардың қоныстануы үшін құрылыс заттары әкелініп, алғашқы үйлердің қабырғасы қаланған екен. Сол жылдары көршілес Ақжармадан, Сәкен Сейфуллин және «ХХІ партсьезд» совхоздарынан түйе, қой, жылқы малдарын бағатын малшы отбасылар көшіп келіп орналасқан. Шұрайлы Қызылқұм, Қарақұм өңірінде мал баққан малшылардың Іңкәрдарияға көшіріп әкелу жұмыстары да осы жылдары жүргізіліпті. Кейін малшылардың еңбегі еленіп, абыройға кенелгенін жақсы білеміз. Бұл туралы Іңкәрдария ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Байманов сыр шертеді.
– Бірі түйекеш, бірі қойшы болған, зейнет жасына дейін ат үстінен түспеген Қоңқаш пен Тоқмырза есімді екі кісі Іңкәрдария ауылының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Еңбек адамдарының арасындағы сыйластық кейін туыстық байланысқа ұласып, ауылдағы өнегелі әулет құдандалы болды. 1969 жылы Әлима Тоқмырзақызы Рақымбек Қоңқашұлына тұрмысқа шығып, сол жылдың қараша айынан бастап еңбексүйгіш отбасы қой шаруашылығымен айналысты. Кейін, яғни, 1971 жылдан бастап түйе малын, 1985 жылдан 1997 жылға дейін жылқы малын бағып, үлгілі малшылар отбасы атанды, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
«Түйе – байлық, қой – мырзалық, жылқы – сәндік» дейді халық даналығы. Таңның атысы, күннің батысы демей, еңбекпен еңсе тіктеген малшылар отбасының отанасы Әлима Қоңқашеваның есіміне бүгінде жұртшылық түйекеш атауын қоса айтады. Өйткені ол еңбек жолында өмірлік жолдасы Рақымбек Қоңқашұлымен бірге түйе бағу ісін жетік меңгеріп, түздің сәні саналатын жануардың бабын тапқан. Ауыл халқын емдік қасиеті мол шұбатпен қамтамасыз еткен. Сол еңбегі еленіп, тиісті марапаттарға да ие болған. Атап айтқанда, 1978 жылы КПСС Орталық Комитеті мен СССР Министрлер кеңесі шешімімен «Социалистік жарыстың жеңімпазы» атанған. 1980-1981 жылдары қатарынан екі жыл Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының облыстық жұмысшылар комитетінің шешімімен «Облыстың ең үздік түйекеші» атағын жеңіп алған. Осы жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» медалін де екінші мәрте иеленген. Мұнан бөлек бірнеше рет «Коммунистік еңбек екпіндісі» медалімен марапатталған. Еңбек үздігі Әлима Қоңқашева 1975-1990 жылдары Тереңөзек ауданы Іңкәрдария ауылының Ақтам учаскесіне ауылдық советке депутат болып сайланған. Кейіпкеріміз мұның бәрі адал еңбекпен, елдің ықыласымен келген абырой мен марапат екенін айтады.
– Біз еңбегіміз еленсе екен деп жұмыс істегеніміз жоқ. Құдайдың берген денсаулығын жақсы істерге бағыттап, қолымыздан келгенше мал шаруашылығын дамыттық. Қой да, жылқы да бақтық. Кейін түйекеш атандық. Жалпы түйе өсіру – Қазақстанда мал шаруашылығының ең тиімді бағытының біріне айналды. Өйткені айыр өркешті түйенің өзге малдардан ерекшелігі, климат таңдамай өмір сүруге бейім. Сондай-ақ жайылымды басқа ауыл шаруашылығы малдарына зиянын тигізбей жыл бойы пайдалана алады. Біз отырған жерде су да, жарық та бар. Уақытысында ауыл халқын, аудан орталығындағы бірқатар сауда орындарын шұбатпен қамтамасыз еттік. Екі мәрте «Облыстың ең үздік түйекеші» атануым – адал еңбегімнің жемісі деп білемін, – дейді еңбек адамы.
Жетпістің желкенін керген Әлима апа – отағасымен бірге 2 ұл, 3 қыз өсіріп, қазіргі таңда немере-шөбере өсіріп отырған ардақты әже. Ұрпақтары білім саласында, жеке компанияларда еңбек етуде. Әлима әженің балдай тәтті шұбатының сапасын ауыл халқы жоғары бағалайды.
Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Іңкәрдарияда Әлима апа секілді мал шаруашылығымен айналысып, төрт түліктің төресі саналған түйе асырайтын жандар баршылық. Шөлге төзімді жануарды баптайтын ауыл тұрғындары сүтін емге, етін жеуге, жүнін кәдеге жаратып келеді. Жетпіске толса да әлі тың, өмірлік тәжірибесін жастарға үйретуге бейім ардагер-ананы ауылдастары құрмет тұтады. Сірә, бұл еңбекке деген тағзым мен ілтипат шығар. Біз ауыл ардагерлерінің басшысы Ә.Баймановтың атақты түйекеш туралы әңгімесінен осыны түйдік.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ