Еңбегімен елге елеулі ақсақал

Ақылман ақсақалдың әкесі Жұмахан ұлы дүниеге келгенде қорасындағы баспағын сойып, төңірекке той жасайды. Сонда елдегі ағайынның жала жабуының салдарынан «колхоздың малын ұрлады» деген айыппен темір торға тоғытылады. Араға 3 жыл салып, ақталған Жұмахан 1941 жылы соғысқа аттанып, хабар-ошарсыз кетеді. Айрандай ұйыған отбасында жоқшылық пен тұрмыстың тауқыметі орын алып, азып-тозуға айналады. Тығырықтан шығудың жолын іздеген Жетпісбай қария жеті жасынан мектепті тастап, колхоздың қозы-лағын бағады. Сондағы қаршадай баланың мақсаты – әкенің орнын жоқтатпай, шешесі мен қарындасына қамқорлық көрсету еді. Буыны бекімеген шақтан еңбекке ерте араласқан Жетпісбай қария бала секілді анасына еркелеуді білмейтін. Сырт көзге күні-түні қозы-лақтың артынан жүгіріп жүрген бала болып көрінгенімен, ол отбасын асырап жүрді. Қарашаңырақтың жүгін әкесінің орнына арқалады.
– Қариялық жасқа жеткен уақытта жас күнімде көрген қиындықтың барлығы түс секілді болатыны рас. Өзім 3-4 жасқа келгенімде әкем соғысқа кетіп, жетімдіктің кермек дәмін таттым. Табанымыздан сыз өтсе де, колхоздың малын бақтық. Жаз мезгілінде егісті құстан қору, күзде масақ теру, қыста қозы-лақ бағу – менің міндетіме кірді. 11 жасқа келгенімде анам – Ұрқияның бауырлары бізді Оңтүстік өңірге көшіріп әкетті. Ауылымыздан жырақтаған мен мақта егу жұмысына жегілдім. Тапсырылған жұмысты жұп-жұмыр, тиянақты жасасам керек. «Үздік мақта терімші» атағын он екі жасымда иелендім. Әрине, мақта егудің де өзіндік қияметі көп. Бабын тапсаң, өнім мол шығады. Заман өзгеріп, саяси жағдай сан бағытқа түрленген уақытта анамыз туған жерге оралуға пәрмен берді. Осылайша 1970 жылы Партияның ХХІ съезі атындағы кеңшарға көшіп келіп, жұмысшы болып шаруашылыққа қабылдандым, – дейді өмірден түйгені мол ақсақал.
Ырыс таңдамайтын егін егуде ерте көктем басталысымен бітпейтін машақат өрби түседі. Еңбек адамы үшін диқаншылық үрдіс әрбір ғасырда жалғасын тауып отырғаны мәлім. Шын мәнінде, Жетпісбай Жұмаханұлы туған ауылында күрішші, звено жетекшісі болып еңбек етеді. Жыл сайын егіні бітік шығып, үздіктер қатарынан табылды. Диқан Жақаевшылар қозғалысының бел ортасында жүріп қарапайым кетпеншілік пен егіншіліктің күрделі агротехникалық күтіп-баптау тәсілдеріне дейін меңгере білді. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған сүйегі асыл қария бір жылдары автокөлік алуға қаржылай сыйлық ұтып алған.
– Қалжан ахун ауылында ынтымақ-бірлігі жарасқан жергілікті халық жерден ризық-несібесін әлі күнге теріп келеді. Әрине, «Бабасы еккенді, баласы орады» деген тәмсіл өз өміршеңдігін жоғалтқан емес. 1995 жылы зейнет демалысына шыққан кезімде маған ардақты азамат, білікті басшы Алданберген Құлбаев күріш егудің жай-жапсарын жастарға үйрету үшін шаруашылықта жұмыс жасауыма ұсыныс білдірді. Күріш еге жүріп, жоғары өнім алуға күш салдық. Жердің тозып кетпеуі үшін, өнімді мол алу үшін ізбасар дайындап, өскелең ұрпаққа жол көрсеттік, – дейді Жетпісбай Жұмаханұлы.
Мәуелі бәйтерекке айналған әулеттің қос қариясы Жетпісбай Көрпелдес пен Зүбайра Игенқызы осыдан 65 жыл бұрын шаңырақ көтеріп, 4 ұл, 4 қыздың ата-анасы атанады. Бүгінде олар 8 перзенттен 28 немере, 45 шөбере сүйіп отыр.
Б.АЯБЕКҰЛЫ