Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 26 газет

12 сәуір 2025 ж.

№25 газет

08 сәуір 2025 ж.

№24 газет

05 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Жаңарған, жанданған Іңкәрдария

Жаңарған, жанданған Іңкәрдария

Өткен жылдың қараша айында аудан орталығынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан Іңкәрдария ауылының 60 жылдық мерейтойы аталып өтілді. «Тарихы кенен, бірлігі бекем Іңкәрдария» кітабы жарық көріп, ел мерейі таси түсті. Ауылдан шыққан бірқатар Атымтай жомарт азамат демеушілік есебінен ауқымды жобаны іске асырды. Бұның барлығы – ынтымақ пен бірліктің, ортақ ауызбіршіліктің көрінісі. Бүгінде төрт түлігін төлдетіп, жерден ризық несібесін терген Іңкәрдария ауылы талай жақсыны дүниеге әкелген. Кезекті тілшілік іс­сапарымыз Іңкәрдария ауылында жалғасып, мұндағы біршама ілкімді істің куәсі атандық.

Жергілікті халық көпке еңбеккеш қасиетімен танымал. Қытымыр қыстың екпіні басылған бойда қолына кетпенін ұстаған диқан қауым егістік басынан табылады. Бақшалық дақыл еккен ауыл тұрғындарының қауыны мен қарбызы еліміздің барлық өңірі мен алыс-жақын шетелге белгілі. Ала жаздайғы еңбектің ақталғанын күздегі мол өнімнен байқауға болады. Іңкәрдария ауылының әкімі Сәулет Есдәулетов бізбен әңгімесінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын сөз етті.

– Іңкәрдария ауылдық округі бойынша 158 отбасында 808 халық тұрады. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны – 369 адамды құрайды. Іңкәрдария ауылында орта мектеп, шағын орталық, фельдшерлік-акушерлік бекет, ауылдық клуб үйі, кітапхана және «Қазпошта», ветеринарлық станса бөлімшесі халыққа қызмет көрсетеді. Ауылымызда 12 «Алтын алқа» және 15 «Күміс алқа» иесі бар. Өткен жылы 45 адам аудандағы «Мансап» орталығы арқылы жұмысқа орналасты. Айта кетейік, қоғамдық жұмысқа 36, жастар тәжірбиесімен 8, «Күміс жас» жобасымен 1, алғашқы жұмыс орны бойынша 1 адам жұмысқа қабылданды. Төрт түлік малға ауылдық ветеринарлық пункт мамандары уақытылы емдеу, профилактикалық егу жұмысын жүргізіп келеді. Елді мекен бойынша 2025 жылдың 1 қаңтардағы жағдай негізінде тұрғындардың есебі мен шаруа қожалықтарындағы малды қоса алғанда мүйізді ірі қара 1958, қой 445, ешкі 305, жылқы 1420, түйе 184, құс 327 бас бар. Ауылда 60 кәсіпкерлік-субъектісі тіркелген. Өз кезегінде 29 жеке кәсіпкер, 27 шаруа қожалық, 3 ЖШС, 1 АӨК халық игілігіне жұмыс жасауда. Бүгінде мемлекеттік бағдарлама шең­берінде кез келген бизнес иесі кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алуда.

Іссапар барысында ауылдың қазіргі жай-күйіне қанықтық. Әрбір үйдің ауласында егінге дайындалған шаруа адамы тынымсыз еңбек етуде. Іңкәрдария ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіразақ Байманов 60 жылдық мерейтойы аясында демеушілікпен жасалған жұмысты кеңінен тарқатып айтты.

– «Тарихтың белесінде, Алпыстың кемесінде» атты Іңкәрдария ауылының 60 жылдық мерейтойы көпке дейін айтыла жүретін думанды мерекеге айналды. Ауылдан шыққан кәсіпкер Қазыбек Омаровтың демеушілігімен «Жастар аллеясы», Мейрамбек Қонақбаевтың демеушілігімен балалар спорт алаңы, газ құю бекеті салынып, халық игілігіне берілді. «Іңкәрдария-Агро» фермерлік қожалығының демеушілігімен «Жасыл белдеу» аумағы қоршалды. «Іңкәрдария-Агро» фермерлік қожалығының демеушілігімен ауылішілік Ахан каналының 1 шақырымы тазартылды. Әрине, жергілікті кәсіпкердің әлеуетін пайдаланып, ауылдың айшықты келбетін қалыптастыру – басты міндетіміз, – деді Әбдіразақ Байманов.

Көктемгі көркейту-көгалдандыру бойынша ауыл­­дық округте жыл сайын ауылды күл-қоқыстан тазарту, көшет, қаламша отырғызу жұмысы атқарылып келеді. Жаңадан салынған жастар аллеясына наурыз айында 65 дана жеміс ағашының көшеті отырғызылған.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
12 сәуір 2025 ж. 56 0