Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 32 газет

03 мамыр 2025 ж.

№ 31 газет

29 сәуір 2025 ж.

№ 30 газет

26 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Тылдағы еңбектің ардагері

Тылдағы еңбектің ардагері

Екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдарында сол кездің балаларының балалық шағы болмады. Дүниені дүр сілкіндірген нәубет баланы әкесінен, ананы баласынан, сүйген жарды азаматынан айырды. Бүкіл халықтың басына түскен қиын қыстау кезеңде майдандағы жауынгер, тылдағы еңбеккерлер жеңіске жету жолында қолдан келгеннің бәрін жасады.

Тереңөзектік Қаншагүл Боданова соғыс басталған тұста бар болғаны 5 жаста еді. Көрші Жалағаш ауданында, қазіргі Бұқарбай батыр ауылында колхоз бастығы болған әкесі Бодан мен анасы Талайлының 4 қызы мен 1 ұлдың екінші перзенті болып өседі.

«Соғыс болып жатқанда мектепке енді барған кезім еді. Екіншіні оқып жүргенімізде-ақ мұғаліміміз колхоздың жұмысына апаратын. Қолымызға орақ алып, бидайды отақ­тан тазалаймыз. Бір күні арам шөппен бірге бидайды да орақ­пен орып тастаппын. Сонда мұғалімім «Жаным-ау, мына бидай ертең нан болады ғой» дегені есімнен кетпейді. Бидай­ды арам шөптен ажырата алмағаныма ұялдым. Жұмыс істеп жүріп, саусағымды кесіп алдым. Қара жұмысты ойнап-күліп жүріп істейтінбіз. Масақты да тердік. Бізді ешкім кішкентай екен деген жоқ», – дейді тыл ардагері Қаншагүл Боданқызы.

Иә, бүгінде бұл оқиға естелікке айнал­ғаны­мен 89 жылдан бері соққан жүректің түпкірінде тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі зор болғанын еске салады. Көзі тірі ардагер ол заманда барлық колхоз жұмысы қолымен атқарылғанын, кетпенмен канал қазып, егін егіп, жоспарды орындау үшін күні-түні аянбай тер төккенін айтады. Бүгінде қариялыққа жеткен ардақты ананың есеюі ел басына түскен ауыртпалықпен тұспа-тұс келіп, буындары қатаймай бар қиындықты үлкендермен бірге көргені анық. Соғыстан кейінгі жылдары, жасы жиырмаға жетер жетпестен өмірлік қосағы, тереңөзектік соғыс ардагері Әлжаппар Жансейітовпен отау құрып, дүниеге сегіз перзент әкеліп, жұмыстан да қалмаған.

– «Елу жылда ел жаңа» деп бекер айтпайды ғой. Ұзақ жыл Узтопта тұрдық. Кейін Тереңөзекке көшіп келдік. Жетіжылдық білімім бар. Еңбек жолым сол кездегі СПТУ-да еден жуушылықтан басталды. Кейін су шаруашылығында жұмысшы болдым. Біздің заманның да өз қиындығы болғанымен, әйелдер 50 жасында зейнетке шығатын. 15 жыл еңбек өтіліммен, көпбалалы ана ретінде 39 жылдан бері зейнеткермін» – дейді ақ жаулықты кейуана.

Еңбекқор ана Қаншагүл Боданқызы зейнетке шыққанымен есік алдына ерте көктемде бақша егіп, қияр мен қызанақты ерте ерінге тигізетіннің қатарында болған. Ақ адал маңдай термен еккен көкөнісін Жалағаштың базарына таң атысымен апарып, «қолдың қызанағын сататын әйел» атанғанын бүгінде жақсы көңілмен еске алып отырады. Балаларының барлығын жеткізіп, ұлдары әке жолын жалғап, мықты жүргізуші маман атанғанын ел-жұрт жақсы біледі.

«Төрт ұлдың барлығы шопыр, әкелерінің ізімен кетті. Қыздарым оқу оқып, есепші, мұғалім, аудармашы қызметтерін атқаруда. Үлкендерім Бақытбек пен Мұратбек зейнетке шықты. Егіздің сыңары Айман да зейнетке шықты. Шүкір, балам Асанның қолындамын. Қайратым бар, ол да шопыр. Айжан есепші, Гүлжан шетелде Канадада қызметте, Гүлнар да шетелдік компания­да жұмыс істейді. Немеремнің үлкені Эльвирамның өзі 43 жаста. Ұрпағымнан 16 немере мен 20 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отырмын» – дейді бақытты ана, сүйікті әже.

Өмірдің өзі ерте есейткен, бала күнінен еңбек еткен, белі бүгілгенше ақ адал маңдай терімен бала-шаға­сын асырап баққан ана бүгінгі күніне шүкіршілік етеді. Балаларының арқа­сында талай елді, жерді көріп, Қазақстанның қа­лаларын аралады. Ден­сау­лығы жараса, әлі талай жерді көруге ынталы. Әттең, бүгінде жастық шағы бірге өткен заман­дас­тарының қалмағаны өкінішті. Жарты ғасыр көрші тұрып, бір үйдің баласындай перзенттері де араласып-құраласқан қатары да қалмады. Сағынышпен сол күндерді еске алатын ақ жаулықты ананың: «Балаларымның құрбылары мені көрсе анадайдан құрақ ұша жөнеледі. Аналарындай көріп, сағыныштарын басады» дегені әңгімесінің тың­даушысы болған әрбір жанның жүрегін елжіретері анық.

Жарқын күнге үмітпен, бола­шаққа сеніммен қараған ананың кеудесі толы медаль. Екінші, үшінші дәрежелі «Ана даңқы», Күміс алқа, Алтын алқа, «Ұлы Отан соғысының 60, 70, 75 жылдық» мерекелік медалі ауыр күндердің белгісі ретінде көңілді жадыратады, еңбектің қайтарымы ретінде көңіл­ді қуантады.

– Қатарымыздан қалмай қандай жұмыс болса да атқар­дық. «Мына жұмыс ауыр», «Оны іс­темеймін», «қиын» деген сөз­ді айтпадық. Біз жанымызды салып еңбек етсек, соғыс тезірек бітеді деп сендік. Жан-тәнімізбен, соғыстың аяқталуын күттік. Қан­дай жұмысқа жұмсаса да, бәрін мойынсұнып атқардық. Ол кезде барлық жастар сондай еді, нағыз патриот, елжанды болатын, оқымадық демедік, – дейді тыл ардагері Қаншагүл Боданқызы.


Бибісара ЖАНӘЛІ

03 мамыр 2025 ж. 414 0