Он сегіз жасында от кешкен
Сұрапыл соғыстың Ұлы Жеңіспен аяқталғанына биыл – 78 жыл. Қаншама ананы ұлынан, арқа сүйер азаматынан айырған сұм соғыстың тарихтағы таңбасы ешуақытта өшпейді. Миллиондаған боздақтар қан кешіп, кейбірі майдан даласында мерт болып, туған жер топырағы бұйырмады. Олардың ерлігі ешуақытта ұмытылмайды.
Туған жерден майданға аттанған сырдариялық жауынгерлердің қатарында Спандияр Смайлов та бар. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында майдангердің ұрпақтары редакцияға хабарласып, аталарының өмірі мен жауынгерлік жолы туралы айтып берген болатын.
Спандияр Смайлов 1925 жылы 20 қазанда бұрынғы Тереңөзек ауданы, Қызылдихан ауылында дүниеге келген. Балалық шағы қиын қыстау кезеңмен тұстас. Әкесі Смайыл, анасы Сәрсенкүл Қызылдихан колхозының диқандары болған. Әкесі Смайыл ерте дүниеден өтіп, анасымен кішкентай Спандиярға отбасындағы барлық ауыртпалық пен қиындығы оңайға түскен жоқ. Отбасындағы жалғыз ұл ерте есейді. Өзінің өмірі жайлы ағалық жасқа жеткен жауынгер:
– Аз ба көп пе, ғұмыр ғой Құдай берген,
Көрінуге ұмтылдым ұдайы өрден.
Әкесіз өмір сүру қиын екен,
Қиындықтар көп болды жылай көнген, – деп толғаған екен.
Көрінуге ұмтылдым ұдайы өрден.
Әкесіз өмір сүру қиын екен,
Қиындықтар көп болды жылай көнген, – деп толғаған екен.
1932 жылы Қызылдихандағы 8 жылдық орта мектепке барғанымен отбасы қиындығына байланысты мектепті орта жолдан тоқтатып, колхоздың жұмысына орналасқан. Өмір қиындығын жастайынан көрген бала Спандияр қара жұмысты еңсеріп, анасына қолғабыс етті. Әкесінің өмір жолы адами кескін-келбеті мен тындырған ісі Спандиярды алға жетелеп, өмір өзеннің ағысына еруге үлгі болды.
Ел басына күн туған, Отанға қауіп төнген шақта сол зұлматтың ауыртпалығын арқалап, шыбын жанын шүберекке түйгендердің бірі.
1943 жылы 20 сәуірде Ұлы Отан соғысына қатардағы жауынгер болып алынды. Жауынгер алапат соғыс ортасына кіргенде бар күш жігерін жиып Отан мен елін қорғауды ойлап, қорқыныш үрейін жеңді. Бойы кішкене Спандияр қаруын сүйретіп жаяу әскер қатарында жүрді. От пен оқтың ортасында Отанға, елге деген сүйіспеншіліктің арқасында өмір жалғады. Майдан даласында жүргенде қолына қалам алып, туған елге өлеңмен хат жазды.
– Текті елдің терең ойлы алыптығын,
Көгереді ұрпағым анық мұным.
Жеткенше сол мақсатқа өзің демеп,
Жебей гөр әруағыңмен, әке жаным, – деген жолдар жауынгерге күш-қайрат берді.
Көгереді ұрпағым анық мұным.
Жеткенше сол мақсатқа өзің демеп,
Жебей гөр әруағыңмен, әке жаным, – деген жолдар жауынгерге күш-қайрат берді.
Адамзат тарихындағы 1418 күндік ғаламат соғыста күн демей, түн демей жаумен жағаласып мұз жастанып, қар жамылып жан алысып, жан беріскен, қан кешіп ажалмен арпалысып жүргенде өзінің арының алдында ант берді. «Егер мен аман-есен он екі мүшем сау баратын болсам, қара су ішіп, қара нан жесем де ешкімнің ала жібін аттамаспын. Отаныма адал болып, аянбай еңбек етермін» деп серт етті.
Ұлы Отан соғысының өршіп тұрған тұсында соғысқа аттанып, аяғына дейін қатысқан жауынгер Отан қорғаудағы ерлігі үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.
1945 жылғы жеңістен кейін екінші Жапон соғысына да аттанды. Ел қорғау, жер қорғау кезіндегі ерен еңбегі үшін халқына деген сүйіспеншілігі мен ұлтжандығы үшін «Жапонияны жеңгені үшін»,«Кеңес Армиясы мен флотындағы қызметі үшін» медальдарымен марапатталған.
Спандияр Смайлов 1948 жылы елге аман есен оралған. Жатаған үйге сағынышпен қарағаны сол еді, жүрегі шымырлап көз жасы төгіліп сала берген. Артында аңырап қалған анасы, боталап қарсы алған туған-туыс, көрші-көлем ұлан асыр тойлаған. Елге деген сағынышын басқасын арман қуып болашаққа бет алды.
1950 жылы Украинаның Донбас қаласындағы «Горный» техникумына түседі. Ата-анасының алдындағы парызын, Отанға деген сүйіспеншілігін шыңдап, техникумды 1953 жылы жақсы деген бағамен бітіріп шығады. Елге қызмет жасай жүріп ол 1954 жылы шаңырақ көтерді.
Жұбайы Шәркүл Асқарқызы тәрбиелі де инабатты жар бола білді. «Тектіден текті туады, тектілігін қуады» дегендей, ата-анасынан алған тәрбиесі енеге қызындай келін, қосағына адал ақылды данагөй жар болды. Жылы шырайлы, ізетті, инабаттылығы бөлек Шәркүл ана жұбайымен екеуі асыл қасиеттің үлгісіндей көрінетін өмір жолында қатар жүріп 9 бала өсіріп тәрбиелеп, немере қызығын көрді. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, ұлдары ұяға, қыздары қияға қонып, ел үшін емірене еңбек етуде.
Жауынгер 1954-1964 жылдар аралығында «Донбас» шахтасында шебер қызметін атқарған. Оның 1 ұл, 2 қызы Украинада дүниеге келеді.
Елге 1964 жылы оралып, анасына немере сүйгізіп, туған еліне, жеріне қызмет жасауға кіріседі. Еңбек жолын 1964-1970 жылдар аралығында Тереңөзек кентіндегі Тұрмыстық қажетті өтеу комбинатында қоймашы-есепші болып жалғастырады. Кейін он жыл бойы құрылыс мекемесінде шебер болып жүріп, аудан орталығындағы көптеген тұрғын үйлердің бойкөтеруіне өз үлесін қосады.
Аудан орталығында сол кездегі «СПТУ-88», қазіргі кездегі Сырдария аудандық аграрлы-техникалық колледж болып тұрған оқу ғимаратының іргетасын қалайды. Бес жылдық құрылыс біткесін еңбегі еленіп, облыстан үлкен марапатқа ие болады. Қазіргі кезде келіні Алма Қожамұратқызы – сол оқу ордасында ұлағатты ұстаз.
Қарт жауынгер 1988 жылы зейнет демалысына шығады. Зейнетке шыққаннан кейін де астық қабылдау мекемесінде күзетші болып еңбек етті. Өнегелі өмір иесі Спандияр Смайлов 1997 жылдың 17 қыркүйегінде 72 жасында дүниеден өтеді.
Дүниеге келер бір рет,
Дария кеуде тау мүсін,
Құрыштай құйған құдірет,
Қарттарым аман-сау жүрші, – деген жыр жолдары ұрпақтарының жүрегінде мәңгілік жазылып қалғандай.
Осындай дария кеуде, тау мүсін тұлғаның бірі де бірегейі болған Спандияр Смайлов тірі болғанда 98 жасқа келер еді. Ажалға қимас асыл жанның ұрпақтары үшін жасаған ұлағатты істері – мәңгі ұрпағына тәрбие. Жоғары жауапкершілігінің зор қызметі мен іскерлігі абырой биігінен көрініп, халқына көмегін аямаған. Көл қорыған қызғыш құстай, ел қорғаған ер Спандияр Смайловтың өнегелі өмір жолы – ұрпақтарына мақтаныш, баршаға үлгі.
Бибісара ЖАНӘЛІ