Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 34 газет

30 сәуір 2024 ж.

№ 33 газет

27 сәуір 2024 ж.

№ 32 газет

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Қос уыс бидай

Қос уыс бидай

Ардагер-журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мүсілім Қалмұратұлының есімі сырдариялықтарға етене таныс. Қазір аудандық газет редакциясы жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы қызметін атқаратын азамат ұзақ жылдар жергілікті газетте жемісті еңбек етті. Тазалықты, тиянақтылықты сүйетін ардагер жақында әкесі Қалмұрат Шалабайұлы жөнінде әсерлі әңгіме өрбітіп, зор тебіреніс сыйлады. Сөйтіп, қолға қалам алып, биыл туғанына 100 жыл толатын тағылымды тағдыр иесінің ғибратты ғұмыры туралы тарқата жазуды жөн көрдік.

Еңбекпен есейіп, еңсе тіктеген

Біз қаламымызға арқау етіп, тарқата жазғалы отырған Қалмұрат Шалабайұлы 1921 жылдың тумасы. Балалық шағы ауыртпалығы мол ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келген ол жұртпен бірге жоқшылық тауқыметін тартқан. Бабасы Қолдастан Жолдас, одан Әбілда, Байділда, Сейілда және Өмеш туады. Байділдадан Болтай мен Шалабай, ал Шалабайдан жалғыз ұл Қалмұрат тарайды. Ұлы Отан соғысы басталғанда жиырмадағы жас жігіт жау әскеріне қарсы майданға аттануға талаптанады. Бірақ, ел-жұрттың пікірі ескеріліп, тылдағы ауыр еңбекке жегіледі. Тракторшылар бригадасын құрып, еңкейген қарт пен еңбектеген балаға, жесір әйел-аналарға бас-көз болады. «Майдандағы ерліктен тылдағы еңбек еш кем емес» деген тәмсілге сүйенер болсақ, еңбекпен есейіп, еңсе тіктеген жанның қаншама ұйқысыз, күлкісіз күндер мен түндерді бастан өткергенін аңғарамыз. Бұл туралы кейіпкеріміздің замандасы, бүгінде марқұм болып кеткен тереңөзектік Бекзат Әбсадықұлының естелігінде де айтылады.

– Қалмұраттың тағдыры тылдағы тынымсыз еңбектің нағыз үлгісі еді. Ол қаршадайынан ауыр жұмысқа араласып, үлкендерше жұмыс істеді. Өрімдей жастар сұрапыл соғысқа аттанып жатқанда оның еңбекқор қасиеті ескеріліп, майданға жіберілмеген. Бұл оның тылға аса қажет болғаны ғой. Жас жігіт бұл шешімге қарсы болғанын жақсы білеміз. Бірақ халық сөзі басымдыққа ие болып, Қалмұрат соғыс аяқталғанша тылдағы тірлікке бас-көз болған. Біз ұзақ жылдар сырлас, сыйлас азамат болдық. Оның әрбір таңы еңбекпен атып, еңбекпен бататын. Қолы да, жолы да таза болатын, – делінеді естелікте.

Үлкен ауданның ауылшаруашылығы саласындағы жауапты жұмыстарға жетекшілік ету оңай іс емес. Қалмұрат Шалабайұлының соғыс жылдарындағы еңбек жолына зер салсақ, бұрынғы Бидайкөл (Қызыл орақ), қазіргі А.Тоқмағамбетов ауылындағы шаруашылық істерін басқарғанын байқауға болады. Бүгінде мұны біреу білсе, біреу білмейді. Десе де арамызда Сәмет Мәуленов, Оразалы Оразбаев секілді көзкөргендер бар және олар адал еңбекті ту еткен азаматтың жарқын істерінен толық хабардар.

Жолы да, қолы да таза

Жазушы Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» атты тамаша туындысы бар. Соғыс жылдарындағы Алмалы атты ауылда өрбіген оқиғалар желісі негізінде жазылған шығарманы қанша рет оқысаңыз да еш жалықпайсыз. Бұл қаламның қасиеті, қаламгердің шеберлігі шығар. Кейіпкеріміз Қалмұрат Шалабайұлының тағдыры осы шығармадағы ерекше суреттелген бір уыс бидай немесе далада жатқан масақтың қадірін көз алдымызға әкелді. Болған оқиғаны Бермағанбет Нақыпұлының өз аузынан естіген Мүсілім Қалмұратұлының тілімен жеткізуді жөн көрдік.

«Агроном қызметін атқарған кезінде әкем шаруашылықты аралайды. Атын байлап, жұмысына кіріскен ол қырман жұмысымен танысады. Аттылы кісілер жақсы біледі, ер тоқымда ат-жемге арналған кішкентай ғана ілулі дорба болады. Сол дорбаға қырман қарауылы Бермағанбет Нақыпұлы үйдегі бала-шағаға қуырып берерсің деген ниетте қос уыс бидай салып қояды. Кетерінде мұны аңғарған әкем қос уыс бидайды қырмандағы астыққа қосып, төгеді де екінші рет бұлай жасамауды ескертеді. Кім біледі сол жолы қос уыс бидайды алса және ол ісі әшкере болса, сотталып та кетер еді. Бірақ, әкем олай жасамады Бұл туралы бірнеше жыл бұрын Бермағанбет Нақыпұлының өзі айтып берген еді. Бұдан әкемнің адал, таза болғанын байқаймыз» дейді Мүсілім Қалмұратұлы.

Қолы таза болған адамның жолы да таза болады. Әкесінен айырылғанда небәрі он екі жасар бала болған Мүсілім ағамыз тілшілік қызметтің талабымен ауыл аралағанда әкесінің көзін көрген кісілердің тек жақсы пікір білдіргенін айтады. Мәселен, бүгінде Асқар Тоқмағамбетов ауылының ардақты ақсақалы атанып отырған Оразалы Оразбаев жас кезінде Қалмұрат Шалабайұлымен бірге трактор тізгіндегенін, оның әр істе тиянақты, таза, өте ұқыпты болғанын алға тартады. «Халық айтса, қалт айтпайды» дейді емес пе. Біз де Қалмұрат Шалабайұлының жолы мен қолы таза болған деп есептейміз.

Бауырдың қазасы – ағайынның азасы

Бірлікті жақтаған халқымыз бауырмалдылыққа ерекше мән берген. «Туысы бірдің – ырысы бір», «Бауыр болсаң, болғандай бол, ағайынға қорғандай бол», «Бауырдан артық табылмас» деген тағылымды сөздер бар. «Бала – белде, әйел – жолда» дейтін қазақ бауырға келгенде ерекше ықылас танытады. Мұны неге айтып отырмыз? Қалмұрат Шалабайұлының өмір жолында бауырмалдылыққа толы істер көп.

Жоғарыда аты аталған Сейілдадан Ибаділда, Ақәділ, Базар, Ажар, Ұлмекен және Ұлбосын есімді ұрпақ тарайды. Ақәділдің майдан даласындағы қара қағазы кезінде Қалмұраттың шаңырағына келіпті. Қаралы хабар туралы әңгімені Мүсілім ағамыз анасынан естіген екен.

– Анам Бақтыгүл (Бақыш) Көшербайқызы әкемнен ерте жесір қалды. Ол кісі биыл тірі болғанда 95 жасқа толар еді. Бірде анам немере ағамыз Ақәділдің қара қағазы біздің шаңыраққа келгені жөнінде естелік әңгіме айтты. Біз ол кезде баламыз. Сонда есімде қалғаны анам әкемнің өмірде екі рет қана жылағанын көріпті. Оның біріншісі ерттеулі атын майдан даласына алып бара жатқанда әкем жануарды қимай еңкілдеп жылаған екен. Жануар да кісінеп, мінез танытыпты. Екіншісі осы Ақәділ бауырының қазасын естігенде жанарын ыстық жас шайыпты. Қазаны қалай естіртуді білмей, қатты қиналған екен, – дейді Мүсілім Қалмұратұлы.

Иә, халқымызда қазаны естіртудің де өз әдебі бар. Тас түскен жеріне ауыр екені белгілі. Десе де сөз құдіреті бірде жүректі жадыратса, енді бірде көңілді құлазытады. Мысалы, мына бір оқиғаға назар аударыңызшы. Қалмұрат Шалабайұлымен аталас, нақтырақ айтқанда Өмештен тарайтын Қалбай есімді бауыры болған. Қалмұрат қайтыс болғанда бауырының қазасын естімеген Қалбайға кездейсоқ кездескен біреу: «Бауырың өліп жатқанда не істеп жүрсің?» депті. Сол-ақ екен, Қалбай аттан құлап, өмірден өтіп кетіпті. Бауырдың қазасын бұлай естіртуге бола ма? Бауырдың қазасы – ағайынның азасына ұласып, қос ағайындының жаназасы қатар оқылған екен. Бір күнде қос шаңырақ қара жамылып, шеттей бала-шаға аңырап қалыпты.

Ақ жаулықты, алтын құрсақты батыр ана

Қалмұрат Шалабайұлының өмірлік жары Бақтыгүл (Бақыш) Көшербайқызын ақ жаулықты, алтын құрсақты батыр ана десек қателеспейміз. Жары 41 жасында дүниеден өткенде ол 37 жаста болған екен. Қырыққа жетпей жесірлік қамытын киген жас әйел төрт ұл, төрт қызымен қалады. Шаңырақ шырағын сөндірмеуді мақсат етіп, ертелі-кеш еңбек етеді. Осы ретте ардақты ананың Әйтек каналын қолмен қазғандардың қатарында болғанын, Стахановшы атанғанын айтып өтуіміз керек.

– Әкем 1962 жылы өмірден өтті. Менің алдымда Жақсылық, Серікбол деген ағаларым, менен кейін Мұстаяп деген інім және Құрманкүл, Тұрғанкүл, Дина, Мәдина атты қарындастарым бар. Жақсылық ағам «ПМК 15» мекемесінде еңбек етті, күріштік жерлерді дайындауға атсалысты. Серікбол мен Мұятаяп бүгінде өмірден өтті. Қарындастарымның бәрі үйлі-жайлы, бір-бір әулеттің үлгілі келіні, анасы атанып отыр. Әкем өмірден өткенде ең кенжеміз Мәдина бесіктегі бес айлық сәби болатын. Оған да алпыс жылға жуық уақыт өтіпті. Уақыт бәріне емші екен, – дейді Мүсілім Қалмұратұлы.

Сегіз баланы өмірге әкеліп, оларды жетілдіру, жеткізу оңай іс емес екені белгілі. Оның үстіне қиын-қыстау заманда, жоқшылық кезде шеттей баланы бағып-қағу екі есе ауыр болған. Соған қарамастан Бақтыгүл Көшербайқызы аналық міндетін абыроймен атқарған. Тылда еңбек ете жүріп, үлкен әулеттің іргесін бекітіп, шырағын сөнбірмеген ананың ізгі істері халық жадында. Осындайда ақын Мұқағали Мақатаевтың «Сыйынатын болса егер құдірет, сыйынар ем, ана деген Тәңірге» деген жыр жолдары еске түседі...

Өлі риза болмай, тірі байымас

Биыл Қалмұрат Шалабайұлының туғанына – 100, Бақтыгүл Көшербайқызының туғанына – 95 жыл. Жақында Қалмұратовтар әулеті марқұмдар рухына құран бағыштады. Сонда Ұлы Отан соғысының ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Яхия Тасыров ақ батасын берді. Әулет осыдан он жыл бұрын да үлкен ас берген болатын. Ол кезде де ауданның игі жақсылары бас қосып, жақсы пікірлер білдірген.

Адам ұрпағымен мың жасайды. Ата-ананы ардақтау, есімдерін жаңғырту – бүгінгі ұрпақтың парызы. Таулар алыстаған сайын биіктей түсетіні секілді, өмірден өткен асыл жандардың жарқын бейнесі, игі істері ұлағатты ұрпақ барда еш ұмытылмайды. Қиын кезеңде өмір сүріп, адамдықтың асқақ шыңына шыға білген тұлғалардың жатқан жері жайлы болғай! Жаратқан Алла артында қалған ұрпақтарына ілім мен білім, сәулет пен дәулет бергей!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
24 наурыз 2021 ж. 477 0