Жау минасын тазартқан сапер
Зұлмат соғыс жылдарында ерлігімен жауға қарсы тұрған жауынгерлер туған жерді абыроймен қорғады. Ұрыс даласында қайтпас қайсарлығының арқасында кеудесін оққа тосқан боздақтар қаншама?! Олардың бойындағы асқақ рух күші Жеңіс күнін жақындатты. Адамзат баласына орасан зор шығын әкелген Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 75 жыл. Сұм соғыстың алауы тұтанған тұста елдің тұтқасына айналған ерлердің қатарында Ордаш Майханов та болды.
Майдангер Ордаш Майханов 1922 жылы Тереңөзек ауданында шаруа отбасында дүниеге келген. Ордаш Майханұлының балалық шағы қилы кезеңмен тұспа-тұс келді. Елде орын алған нәубет жылдары майдангердің екі ағасы із-түссіз жоғалып кеткен. Әкесі Майхан өмірден өткеннен кейін анасы Үміт бір жастан енді асқан перзентін Қармақшы ауданындағы балалар үйіне өткізген. Күйеуінен ерте айырылған жас келіншек жоқшылықтан баласын аман алып қалуды ойлайды. Бауыр еті баласын Үміт туған сіңілісі Тоқсұлуға аманат етіп табыстайды. Анасы Үміт балалар үйіне өткізбес бұрын жағдайы оңалғаннан кейін Ордашты қайта өзіне алатындығын айтып, хат жазып қалдырған. 10 жылға жуық балалар үйінде болған кенжесін қайта қолына алған Үміт Тереңөзекте бірге тұрады.
Ордаш Майханұлы жастайынан бар ауыртпалықты адал еңбекпен еңсерді. Ол бүйірден қысқан жоқшылықтан аман шығу үшін күн-көріс қамын жасады. Өмірден шыңдалған Ордаш алдынғы буыннан тәлім алып, сауат ашты. 1939 жылы өзі туған ауданда бастауыш мектеп мұғалімі болып еңбек жолын бастайды.
Жауынгер 1941 жылы әскер қатарына алынып, соғысқа аттанады. Зұлмат соғыстың бел ортасынан табылған жауынгер Сталинград, Батыс Украина жерінде болып, неміс басқыншыларына қарсы ұрыстарға қатысады. Ержүрек майдангер тобықтан қан кешіп, взвод командирі болған. Сондай-ақ ұрыс даласында жаудың жасырған миналарын тазартуда шебер сапер болған. Кескілескен жаудың бетін қайтару сәтінде екі рет басынан және аяғынан жарақат алады. Ерен ерлігі үшін бірнеше медальды кеудесіне тақты.
Соғыстан кейін елге оралып, ұстаздық қызметті қайта жалғастырады. 1947-1948 жылдары Құндызды ауылындағы мектептің директоры қызметін атқарады. Сонымен бірге 1950 жылы Алматы зооветеринарлық институтын бітіріп, ветеринария саласында табанды еңбек етеді. Алғашқыда жаңа жұмыстың қыр-сырына қаныққан ветеринар кейін білікті маманға айналады. Осылайша ол Қараөзек және Құндызды совхоздарындағы ветеринария бөлімшесінің меңгерушісі болады. Зейнетке шықса да өзінен кейінгі жас мамандарға жол бастап, мол тәжирибесімен бөліседі. Зайыбы Бақыткүлмен дүниеге 6 қыз, 6 ұлды тәрбиелеп, үлкен өмірге қанат қақтырады.
Сан сұрапыл сындарлы кезеңді басынан өткерген майдангер 1989 жылы дүниеден өтті. Ал зайыбы Бақыткүл әжей бүгінде 81 жасқа келді. Ғазиз ана 28 немере, 26 шөберемен бірге Ұлы Жеңіс мерекесін атап өтті.
Балтабай ОРДАБЕКОВ