Самурайлармен шайқасқан
Майдан даласында тілерсектен қан кешкен даңқты батырлардың есімін ұлықтау – кейінгі ұрпаққа міндет. Үнемі сұрапыл соғыстың зардабын тізбектеп айтып отыратын қазыналы қарттар қатары сирегені мәлім. Бұл жолы – қолымызға қалам алуға себепкер болған әкесін сағынышпен еске алып жазған асқарлық Гаухар Қарғабекованың жазбасы еді. Оның әкесі Төлеген Қарғабеков – кескілескен шайқастарда жауға қарсы тұрған соғыстың сарбазы.
Жауынгер Төлеген Қарғабеков осыдан 100 жыл бұрын дүние есігін ашқан. Саналы ғұмырында 82 жас жасаған майдангердің жастық шағы қиындыққа толы болады. Екінші дүниежүзілік соғыстың бел ортасынан табылған Төлеген Қамбарұлы Ташкент қаласындағы әскери училищеге оқуға түсіп, офицер шеніне қол жеткізеді. Кіші лейтенант әскери тәртіпті берік ұстанып, қашанда қатаң талапқа сүйенеді. 1942-1947 жылдар аралығында 478 атқыштар полкі мен 320 атқыштар дивизиясында взвод командирі атанады. Жеңіс күнін Будапешт қаласында қарсы алған жауынгер Жапония соғысына да қатысқан. Жеңісті жақындатуға атсалысқан жауынгер Чита қаласында атты әскерлердің арнаулы дайындығынан өтіп, самурайлармен шайқасқа түседі.
– Соғыс жылдарында жергілікті халық орасан зор қиындыққа тап болды. Әрбір үйден майданға аттанған ер азаматты жоқтаған ана мен зайыбы қалды. Жетімсіреген баланың көз жасы селдей төгілді. Осы уақытта біздің әкеміз жаудың бетін қайтарып, ерлік көрсете білді. Екінші дүниежүзілік соғыста табандылығымен көзге түскен әкеміз өлең жазатын. Фашиспен соғыса жүріп, отбасына өлең жолдарын арнаған ол тұрақты түрде хат жолдаған. Құдай қосқан жары Рахила Құлмағанбетоваға жазған бір хатында:
Хат жазамын майданнан,
Мейірімді, ғазиз жарыма.
Ағайын, жекжат бар бірақ,
Сенен жақын бола ма, – деген өлеңі әлі сақтаулы. Бақытты, баянды ғұмыр кешкен ата-анамыздан 3 ұл, 3 қыз тәрбиеленген едік. Қазіргі уақытта Төлегеновтер әулетінде бірнеше буын өкілі тәрбиеленуде. Әкеміздің ерлігін, халық баласы үшін жасаған еңбегін ұрпағымызға айтудан жалықпаймыз, – дейді майдангердің қызы Гаухар Қарғабекова.
Жалпы, Төлеген Қарғабеков соғыстан 1946 жылы елге аман-есен оралады. Елге келгеннен кейін жауынгер 2 жылдық мұғалімдер даярлайтын училищені бітіріп шығады. Бір жылдары туған ауылында партия ұйымының хатшысы қызметін атқарған Төлеген Қамбарұлы зейнет демалысына шыққанға дейін ұстаз болады. Халық баласын оқытуға назар қойған майдангер өмірінің соңына дейін өлең жазуды тоқтатпаған. Зайыбы Рахила екеуі ұрпағының қызығын көріп, қаншама қиын-қыстау күндерді артта қалдырған. Гаухар Қарғабекова «Әкеге тағзым» тақырыбындағы жазбасында арқасүйер әкесінің соңғы уақытта жазған өлеңін көпшілікке ұсынады.
Сексеннің менде келдім
екеуіне,
Жаманның ергенім жоқ
жетегіне.
Мен әзір қалтақ-құлтақ етіп
жүрмін,
Мендей шал жатып қалды төсегінде, – деп өлең өрген майдангер көзі тірісінде бірнеше медальға қол жеткізген. Әрине, ұрпағы үшін жауынгердің есімі мәңгілік жаңғырып тұрады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ