«Жұлдыз» магистрлер клубы ашылды

Магистрлер клубының алғашқы жиынына аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп-лицей ардагерлері, мектеп директорларының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасарлары қатысты.
– Мамандық таңдау – бала өміріндегі маңызды қадам екені белгілі. Сондықтан біз кәсіби мамандар – магистрлер арқылы бағыт-бағдар беру, заманауи әдіс-тәсілдерді көрсету, ата-ана-оқушы-мұғалім «үштік одақ» бірлескенде ғана белгілі бір жетістікке жетуге болатынын көрсету, түсіндіру, кеңес беру мақсатын қойдық. Клуб жұмысын 17 магистр-мұғалім 4 топқа бөлініп жүргізеді. Жұмыс жоспары бекітіліп, ғылыми жобаға, пәндік олимпиадаға, халықаралық оқушы қабілетін бағалау бағдарламасы байқауына, ҰБТ-ға дайындық, жас мамандарға әдістемелік көмек сынды бағыттарға бөлініп жұмыс жасайды. Магистрлерден жасақталған клуб жоспарға сәйкес әр айға бөлініп, оқушылар парламенті мен озат тәжірибе мектебі мамандарымен бірлесіп жүргізетін болады, – дейді «Жұлдыз» магистрлер клубының жұмысын үйлестіруші, мектеп-лицей директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Гүлмира Байдушева.
Иә, магистр дегеніміз – жоғары кәсіби білімі бар, белгілі бір білімге негізделген, ұшқыр ойлы, білім мен ғылымды ұштастыра білетін білікті ұстаз. Клуб ұйымдастырушысының айтуынша, болашақта әлеуметтік серіктестік негізінде кенттегі мектептердегі, Жалағаш ауданы магистрлерімен бірлесіп коучинг, шеберлік сыныбы, танымдық ойындар сынды жұмыс түрлерін көрсету жоспарланған.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда белгілеп берген «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» қағидатын насихаттау, біртұтас тәрбие бағдарламасындағы ата-ана әлеуетін арттыруға клуб магистрлері өз үлесін қосатын болады. Сонымен қатар тәрбиелік мәні зор іс-шарада биылғы жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына байланысты магистрлердің жұмыс барысы, сахналық қойылым, домбырашылар оркестрінің өнері, көркемөнерпаздардың концерті көрермен назарына ұсынылды.
Кездесу соңында мектеп-лицей директоры А.Әлиева қорытындылап, ата-аналарға алғысын білдірді.
«Тт» ақпарат