Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас мамандарға әдістемелік көмек көрсетілді

Жас мамандарға әдістемелік көмек көрсетілді

«Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана шәкірт жанына нұр құя алады» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай қазіргі мемлекетіміздің білім саласы ұстаздар қауымына үлкен күш артатыны бәрімізге мәлім. Ұстаздардың өз ісін өнер деңгейіне жеткізуге, кәсіби сауаттылығын шыңдауға ұйтқы болатын әдістемелік жұмыстың қажеттілігі бүгінгі таңда ерекше орын алып отыр. Жас мамандарға жаңалықты дұрыс түсініп, өз әрекетін күн талабына сай жоспарлауға бағыт-бағдар беру, көмек көрсету біздің негізгі міндетіміз. Аудандық білім бөлімінің жоспарына сәйкес, апта ағымында №37 мектеп-лицей базасында «Педагогикалық тәжірибе-шығармашылық бастама» тақырыбында жас мұғалімдерге арналған аудандық әдістемелік семинар өткізілді.

Семинардың мақсаты - жас мамандарға заманауи білім берудің әдіс-тәсілдері туралы мәліметтер алуға жағдай жасай отырып, қазіргі өмір талабына сай, нәтижеге бағдарланған, білім берудегі жаңашыл қызметте жаңа технологиямен жан-жақты іздену арқылы еңбек етуге үйрету. Іс-тәжірибесімен алмасу, әдістемелік көмек көрсету.

Семинарға аудан мектептерінің жас мамандары қатысты. Семинардың бағдарламасына сәйкес жас мамандарға арналып ашық сабақтар көрсетілді. Ашық сабақтарды «Бір санау жүйесінен екінші санау жүйесіне сандарды аудару» тақырыбында №37 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Нұрланова Айнұр Нұрланқызы, «Treasure and number» тақырыбында №37 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Бақытбаева Ұлдана Бақытбайқызы, «Қосылыстардағы элементтердің массалық үлесін анықтау» тақырыбында №42 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Төлеген Піржан Ержанұлы, «Дұрыс және бұрыс жай бөлшектер» тақырыбында №139 орта мектебінің математика пәні мұғалімі Шайхысламов Ерсұлтан Досетұлы өз тәжірибелермен бөлісіп, озық жұмыстарын ортаға салып, көрсетті. Семинар барысында ҰБТ – ға сапалы дайындық жасау, оқу бағдарламасына сәйкес жүйелі жоспар құрудың маңыздылығын түсіндіре отырып, оңтайлы жақтарын тәжірибелерінде пайлануды № 42 мектеп- лицейінің физика пәні мұғалімі Баймырзаев Нұрхан «ҰБТ-ға сапалы дайындық-нәтиже кепілі» тақырыбында шебер-сыныбын көрсетті.

№42 мектеп-лицейінің биология пәні мұғалімі Абдрасилова Гүлзат «Ізденіс-табыс кілті» тақырыбында тренинг өтті. Тренингте мұғалімдермен өзара кәсіби қарым-қатынас жасай отырып, шебер тәжірибелі, тұрақты педагогикалық ізденісте болатын мұғалім қалыптастыру жолында және сабақтың табысты болуы үшін, қысқа мерзімді сабақ жоспарын тиімді жоспарлауды талқылап, құнды ақпараттар беру арқылы жас маман әріптерімізге әдістемелік көмек беріп, бір 45 минуттық сабақта оқу бағдарламасы ұсынған оқу мақсатына жету жолдары қарастырылды.

Аталған семинар өз дәрежесінде өтіп, өзара пікір алмасып, кері байланыс орнатылды. Семинар соңында үздік сабақ көрсеткен ұстаздарымыз Алғыс хатпен марапатталды.
21 қазан 2021 ж. 2 493 0