Тоқсанның төріндегі шипагер

Болмысынан сабырлы, байыпты, ісіне тиянақты болған Сейтхан Дәужановтың отбасында 4 ұл, 2 қыз үлкен өмірге қанат қағады. Әкесі – Дәужан мен шешесі – Бибайша көпбалалы берекелі шаңырақтың берік мұнарасын тұрғызады. Сейтхан атаның әкесі 70 жыл өмір сүреді. Саналы ғұмырында балаларының қоғам өмірінде өзіндік орнын табуына септігін тигізеді. Дәрігерлік мамандықты жаны қалаған Сейтхан Дәужанов аудан орталығындағы білімнің қарашаңырағы В.Калинин атындағы №35 орта мектепте білім алады. Ол бала күнгі арманына қанат бітірмес бұрын 3 жыл Отан алдындағы борышын өтейді. Оң-солын таныған жас жігіт 1958-1964 жылдары Ақтөбе медициналық институтында «дерматовенеролог» мамандығын меңгеріп шыққан. Алғаш 1964 жылы аудандық аурухананың бас дәрігері А.Нұртасовтың бұйрығымен «рентгенолог» және «дерматовенеролог» дәрігері ретінде қызметке орналасады.
– Қазіргі медицина мен бұрынғы салалық жұмысты салыстыруға келмейді. Бүгінде технология дамыған, барлығы қолжетімді. Тек қана дәрігердің алдында науқастың диагнозын анықтап, сапалы қызмет көрсетіп, емдеп-жазу міндеті тұр. Мен аудандық ауруханада қызмет еткен жылдары қос бағытты қатар алып жүрдім. Ауданда туберкулез дертіне шалдығатын науқас саны айтарлықтай көп. Күніне 150-200 адамның өкпесін тексеріп, арнайы аппаратпен көреміз. Туберкулез дерті анықталған жандардың диагнозын қоямыз. Олардың денсаулық жағдайына байланысты анықтамасын қағазға түсіреміз. Ол кезеңде флюро аппараты жоқ. Барлық қызмет қолмен жасалады, – дейді Сейтхан Дәужанов.
Ардақты азаматтың қызмет еткен жылдары дәл қазіргі сәт секілді учаскелік аймаққа бөлінбеген. Аудан бойынша емханада барлық науқастың денсаулығына сараптама жүргізіліп, ем-шара жасалады. Білімі терең, ізденісі жоғары білікті дәрігер Сейтхан ата медицинаның «дерматовенеролог» бағытын жетік меңгерген. Тері ауруларын емдеуде асқан ыждағаттылық керек. Әрине, медицинада дәрігерге қателесуге жол берілмейді. Мұндайда ақ халатты абзал жан науқастың жағдайын барлық жағынан саралайды. Өз кезегінде аудандық аурухананы 18 жыл басқарған тәжірибелі басшы Абдолла Арғынбаев әріптесі жөнінде ой өрбітті.
– Сейтхан ағайдың шеберханасынан талай жас маман шыңдалып шықты десек, қателеспейміз. Ұстанымы өзгеден бөлек, тәжірибесі толысқан ардақты ағамен 40 жылдан аса уақыт қызметтес болдым. Сейтхан Дәужанұлы емхананың меңгерушісі ретінде кез келген жұмысты ұтымды үйлестіре алды. 14 жыл аудандық медицина қызметкерлері кәсіподақ ұйымын басқарып, 5 бас дәрігердің ықпалымен аудан медицинасын дамытуға зор үлес қосты. Әрине, қоғамдық жұмыста белсенді болып, сала мамандарын барынша қолдауға еңбегі жоғары болды. Емхананың қызметкерлеріне бағыт-бағдар беріп, ауданның жақсы нәтижеге қол жеткізуі үшін бір сәтке аянып қалмады, – дейді медицина саласының ардагері Абдолла Арғынбаев.
Шын мәнінде, Сейтхан Дәужанов өмірлік жарын алыстан іздеген емес. Аудандық аурухананың «Хирургия» бөлімшесінде медбике болып жұмыс жасайтын Сәфия Өтеповамен отау құрады. Айта кетейік, осы жылы қос қарияның отасқанына 60 жыл толады. Тереңөзек кентінің орталығында Жамбыл тұйығы көшесінің бойында бұрын үлкен базар болатын. Сол базардың бойынан жаңадан отау құрған ерлі-зайыпты өз үйлерінің іргетасын қалап, тұрғызуға көп күш жұмсайды. Қашанда ер азаматының бабын тауып, қас қабағына қарайтын Сәфия әже өткен жылы 80 жасты еңсерді.
– Мен де атаң секілді Тереңөзекте туғанмын. Өзім 7 ағайындымын. Дүниеге 4 қыз, 1 ұл әкелдім. Біз қызмет еткен жылдары нағыз қарбаласқа толы уақыт еді. Медбикенің атқаратын қызметі – күнделікті науқастың күтімі екені даусыз. «Хирургия» бөлімшесінде жағдайы ауыр, өміріне қауіп төніп тұрған адамдар жатқызылады. Күнделікті жара таңып, отадан шыққан науқасқа бақылау жасаймыз. 30 жылдан аса уақытта мамандыққа адалдық танытып, жұмысты тиянақты атқаруға тырыстық, – дейді Сәфия Өтепова.
Расында, тоқсан жасқа келген Сейтхан атаның өмір жолы жадында сақтаулы. Таңертеңгілік рентгенолог болса, түстен кейін дерматовенеролог дәрігер ауданға қарасты ауылдарды аралайды. Тері ауруларына байланысты жергілікті тұрғындарға кеңес беріп, ем-шара қолдану үшін Қызылорда қаласына жолдама береді.
– Бұрындары балалар арасында «таз» деген сырқат көп кезігетін. Бір ауылдан 50-ге жуық баланы ауруханаға жатқызамыз. Жылдың қай мезгілі болсын балалар бір-бірінің бас киімін киіп, ауруды жұқтырады. Сонымен бірге науқастар арасында «мерез», «сож» деген диагноз өрши түсті. Осындайда ауыл халқына түсіндірме жұмысын жүргізіп, гигиеналық тазалықты сақтауға шақырамыз. Осыдан 60 жыл бұрын алған білімім әлі күнге жаттаулы. Тәжірибе жүзінде қолданылған ем-шараның көбісі адам өмірін сақтап қалуға көмегін тигізді. Тоқсан жасқа толған мерейтойымда басылым бетіне мақала жариялау жөнінде ұсыныс айтқан жандарға алғысым шексіз, – дейді Сейтхан Дәужанов.
Уақыт керуеніне бөгет жоқ. Сейтхан Дәужанов 1990 жылы зейнет демалысына шықса да, қаншама уақыт қызметін жергілікті халыққа арнады. Әр жылдары Сейтхан Дәужанов пен Сәфия Өтепованың еңбегі жоғары бағаланып, олар марапат төрінен көрінді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мақтау қағазына ие болған қазыналы қарт әрқашан құрмет пен абырой биігінде.
– Қай кезде де ардагерлерді ардақтау, құрмет көрсету – күн тәртібінен түспейді. Сейтхан Дәужанұлы аға буын ретінде жас ұрпаққа тағылымды тәрбиесін беріп келеді. Біз мерейтой иесінің еңбегін ерекше бағалаймыз. Емхана мен кәсіподақ жұмысын жандандырған аяулы ардагердің жұмысын білікті дәрігер Серік Абдуұлы лайықты түрде жалғастыруда. Өз кезегінде Сейтхан Дәужанұлын мерейлі жасымен ұжымның атынан құттықтаймын, – деді аудандық аурухананың бас дәрігері Жалғасбек Үсенов.
Бүгінде көрегенді қасиетімен айналасына ақылын айтқан арда азаматқа ұзақ ғұмыр тілейміз!
Балтабай ОРДАБЕКОВ