Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдариялықтардың жарқын жеңісі

Сырдариялықтардың жарқын жеңісі

Жақында балалар шығармашылығына арналған ХХVІІІ «Бозторғай» респуб­ликалық байқауының облыстық кезеңі жоғары деңгейде өтті. Бұл өнер бәсекесі жас таланттарды қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту және ұлттық мәдениетті насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Дәстүрлі додаға облыс орталығы мен аудан, ауылдардан жиналған 1300-ге жуық өнерпаз қатысып, облыстық кезеңде бақ сынап, өзара үздіктерді анықтады.

Аталған байқауда аудан өнер­паздары ән, би секілді бірнеше жанрда өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді. Мәселен, 75 би ұжымы сынға түскен өнер бәсекесінде аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Балауса» халықтық би ансамблі зор жетістікке қол жеткізді. Нақтырақ айтқанда, 14-17 жас аралығындағы қыздар бас жүлдені, 7-10 жас ара­лығындағы өнерпаздар І орынды иелен­ді. Бұдан бөлек, би жанры бо­йын­ша сырдариялық «Шаттық» және «Балдәурен» ұжымдары ІІІ орын ие­ленді.

Білікті маман, балетмейстер Ақмарал Пернебайқызы өнерпаздарының жетіс­тігі туралы пікір білдірді.

– «Балауса» ансамблінің бұл жетіс­тігі – аудан мәдениетінің мәр­тебесін көтеріп, жас талант­тар­дың шығармашылыққа деген қызығушы­лығын арттыра түсті. Алдағы уақытта халықаралық сахнада ел намысын абы­роймен қорғап, жаңа жеңістермен қуанта беретініне сенім мол. Бұл марапатты мен ең алдымен шәкірттерімнің еңбегі мен табандылығының жемісі деп қабылдаймын. Әр баланың сахна­дағы сенімді қадамы, көзіндегі оты – біз үшін ең үлкен қуаныш. Осындай жетістікке жету жолында қолдау біл­дірген ата-аналарға, әріптестеріме жә­не мәдениет саласының мамандарына шын жүректен алғыс айтамын. Біздің мақсат – балалардың өнерге де­ген сүйіспеншілігін арттырып, олар­­дың шығармашылық қабілетін шың­дау. Алдағы уақытта да жаңа қойы­лымдармен, жаңа белестермен қуанта береміз деп сенемін, – деді балетмейс­тер Ақмарал Пернебайқызы.

Сондай-ақ аудан өнерпаздары өзге де салалар бойынша жетістіктерге қол жеткізді. Вокал жанры бойынша І орынды Нұрай Марат, ІІІ орынды Нұрислам Нұрболат еншіледі. Ал аспап­та ойнау жанры бойынша 14-17 жас аралығында ІІІ орынды Еркежан Кеңесбайқызы мен Інжу Сейілхан, 11-13 жас аралығында І орынды Дәулетхан Көзейбай, ІІІ орынды Қасымжомарт Төлепберген мен Айару Сейілхан иеленді. Халықтық орындау жанрында Айдидар Берікбол ІІІ орынды жеңіп алды.

Айта кетейік, барлық жеңімпаз бен жүлдегердің жетекшілеріне арнайы Алғыс хаттар тапсырылды.


Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА
05 мамыр 2026 ж. 40 0