«Pro eco»: республикалық байқаудан бірінші орын иеленді
Нағи Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектептің оқушысы Жансая Бекболатова – республикалық «Pro eco» экологиялық жобалар байқауынан жүлделі І орынды қанжығалап қайтты. Елорда төрінде өткен ауқымды сайыста жүлдегер атанған ару ауданның ғана емес, облыстың атын әуелетіп, абырой биігінен көрінді. Мектеп әкімшілігі мен ата-аналар ізденімпаз оқушыны күтіп алып, қатарластарына үлгі етті.– Жансая – ауылымыздың ғана емес, ауданның мақтанышына айналып отыр. Республикалық байқауда топ жарып, жүлдегер атанды. «Pro eco» экологиялық жобасына тыңғылықты дайындалды. Конкурс 5-8 сынып оқушылары арасында өтті. Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен байқаудың мақсаты – экологиялық мәселелерге қызығушылық танытатын, зерттеу қабілеті жоғары дарынды оқушыларды анықтау және қолдау. Бұл ретте байқаудың аудандық, облыстық кезеңінде қарсыласынан оза шапқан оқушымыз республикалық кезеңде де жүлделі І орынды иеленді, – деді мектеп директоры Жанболат Назаров.
Бұл – тек бір оқушының жетістігі емес, табандылықтың, ізденістің, білімге деген құштарлықтың және ұстаз бен шәкірттің тығыз еңбегінің нәтижесі деуге негіз бар. Оқушының жоғары жетістігі – барша мектеп ұжымы үшін үлкен қуаныш, ал оқушыларға жігер сыйлағаны анық.
Аталған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен жас зерттеушілер қатысып, өз жобаларын ұсынған. Олар экология саласындағы тың идеяларын ұсынып, өз ойларымен бөліскен. Жансая бұл конкурста «Туған өлке табиғаты» номинациясы бойынша бақ сынаған. Оқушының ғылыми жұмысы туған өлкенің табиғатын қорғау, оны таныту және экологиялық мәселелерді заманауи технологиялар арқылы шешу жолдарын ұсынуымен ерекшеленіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған. Бұл жетістік – ұстаз бен шәкірттің бірлескен еңбегінің жемісі. Жас зерттеушінің жеңісі өңіріміздің білім саласындағы табысты қадамдардың бірі деуге негіз бар.
– Жансаяның жетістігі – мектебіміздің мерейін өсіріп, өзге оқушыларға үлгі боларлық жарқын нәтиже. Осындай дарынды жастарымыздың бар екені болашаққа деген сенімді одан әрі нығайта түседі. Біздің таңдаған бағытымыз бойынша туған өңірдің табиғи аймақтары мен экожүйлерінің бірегейлігін көрсететін виртуалды экскурсиялар, 3Д модельдер, интерактивті карталар жасау сияқты талаптар бар. Біз «Сырдың экологиялық өмірі» картасын жасап шығардық. Онда біздің өлкеде кездесетін табиғат жаратылыстары бейнеленген. Және жаңа заман талабына сай арнайы кодтар берілген. Оны ұялы телефонмен сканерлегенде, тың ақпараттарға тұшынуға болады, – дейді жоба жетекшісі Н.Мұзаппарова.
Өз кезегінде дарынды, ізденімпаз оқушы Жансая Бекболатова республикалық сайыстан ерекше әсер алғанын және жаңа достар тапқанын айтты. Және алдағы уақытта жаңа технология мен жасанды интеллектіні пайдалана отырып, зерделеу жұмыстарын жалғастыратынын, бұл ретте қолдау көрсеткен ұстаздары мен ата-аналарына алғысын жеткізді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ










