Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Медицина саласының ардагері Сейтхан Дәужанов тоқсан жасқа келді

Медицина саласының ардагері Сейтхан Дәужанов тоқсан жасқа келді

Бүгін Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жалғасбек Үсенов медицина саласының ардагері, «рентгенолог» және «дерматовенеролог» дәрігер ретінде ұзақ жыл қызмет еткен Сейтхан Дәужановтың шаңырағына барып, тоқсан жасқа келген мерейтойымен құттықтады. Мерейтой иесіне бас дәрігермен бірге «Күндізгі стационар» бөлімшесінің меңгерушісі Қайрат Ерманов, медицина саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Маханбетов ақжарма тілегін жеткізді.

Білікті дәрігер, өз ісінің білгірі атана білген Сейтхан Дәужанов сыр медицинасының дамуына зор үлес қосқан жан. Аудандық ауруханада қызмет еткен жылдары емхананың меңгерушісі, кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Тері ауруларын емдеуде қарым-қабілетін көрсетіп, науқастың дертіне шипа дарытты.

Өз кезегінде аудандық ауруханың бәс дәрігері Жалғасбек Үсенов ұжымның атынан арнайы ардақты ардагерге «Құттықтау хат» пен сыйлық ұсынды.

– Қашанда темірдей тәртіп пен асқан жауапкершілікті сезініп, өз заманында денсаулық сақтау саласына серпін берген Сейтхан Дәужанұлы адам жанының арашасы атана білді. Үнемі халықтың денсаулығын жақсартуға басымдық берген арда азамат ізінен ерген жастарға тәлім-тәрбиесін берді. Күрделі мамандықта тек жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, сырқаттарды айықтыруға күш салды. Бұл ретте, ардақты ағаның мерей тойымен шын жүректен құттықтаймын, – деді бас дәрігер.

Сейтхан Дәужанов пен үйдегі отанасы Сәфия Өтепова аудандық аурухана ұжымына шынайы алғыстарын жеткізді.
21 ақпан 2025 ж. 54 0