Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Омарта ұстап, бизнесін кеңейткен

Омарта ұстап, бизнесін кеңейткен

Ауыл шаруашылығы саласында табыс табудың түрлі жолдары қалыптасып келеді. Соның бірі – омарташылық кәсібі. Табиғатпен етене байланыста жүріп, адал еңбекпен өнім өндіретін бұл кәсіпке бет бұрған жандар қатары жыл сайын артуда. Біздің кейіпкеріміз – тереңөзектік Әскер Жарасов осы саланың қыр-сырына қаныққан кәнігі маман.

«Аяулым» шаруа қожа­лы­ғының иесі Әскер Орын­басарұлы омарташылық кәсіп­пен 2018 жыл­дан бері айналысып келеді. Алғашында араның 4 отбасынан бастаған жеке кәсіпкер осы күні мол өнім алады. Мәселен, ол көктемде шең­гелге, жазда жыңғыл секілді бір­неше гүлге, күзде жыңғылға жаяды. Әрбір отбасының сақ­талуына аса мән беретін жеке кәсіп­кер ара шаруашылығын омар­ташы Владимир Вла­димирұлы­­нан меңгерген. Кәсіп­керлік саласындағы қиын да қызықты бизнесті дамытуда, оны жүргізуге дағдыланған жандар көп екенін Жарас Орынбасарұлы алға тартады. Әрине, сұраныс артқан сайын бәсекелестік жоға­ры­лай түсетіні жасырын емес.

– Омарташылық – үлкен жауап­кершілікті талап ететін кәсіп. Ара өсіру үшін табиғат жағдайын жақсы білу, олардың тіршілігі мен күтімін терең түсіну қажет. Әр маусымның өз ерекшелігі бар. Көктемде ара ұяларын дайындау, жазда бал жинау кезеңін тиімді пайдалану, ал күзде қысқа әзірлеу жұмыстары жүргізіледі. Омарташылық – табыс көзі ғана емес, жан тыныштығын сыйлайтын кәсіп. Табиғат аясында жұмыс істеп, аралардың тіршілігін бақылау ерекше әсер береді. Ең бастысы – шыдам­дылық пен еңбекқорлық қажет. Себебі бұл салада жеңіл табыс жоқ. Әрбір өнімнің артында үлкен еңбек жатыр. Табиғи өсімдіктерге бай өңірлерде ара шаруашылығын дамыту – тиімді бағыттардың бірі. Бұл ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып қана қоймай, сапалы эколо­гиялық өнім өндіруге жол ашады. Араның сақталуына аса көңіл бөлеміз. Әлсіздерін ортасынан алыстатып, тек күштілерге орын береміз. Бүгінде 25 отбасыға бірік­тірілген араларымыз №9 бекетте, яғни «Қараөзек» су арна­сының бойында гүлдермен қоректенуде. Балдың бір келісі 2000 теңгеден сатылымға шыға­рылды. Әрбір гүлдің өзіндік емдік қасиеті бар, – дейді кәсіп иесі.

Бұған дейін төрт түлікті асылдандырумен айналысқан Әскер Жарасов «Сырдария» несие беру серік­тестігінің мүшесі. Серіктестік тарапынан омарташылық кәсіпті дамытуға байланысты сан түрлі оқытуларға барып тұрады. Көптеген омарташылармен ор­тақ тәжірибе алмасып, кәсіпке тың жобаларды, заманауи технологияларды енгізуді көздейді.

– Бал – тек тағам емес, ден­саулыққа пайдалы табиғи өнім. Сондықтан оның сапасына ерекше мән береміз. Әрбір құты бал­дың артында үлкен еңбек жатыр. Араларды дұрыс күтіп-баптау, табиғи ортаны және технологияны сақтау – сапалы өнім алудың негізгі кепілі. Соңғы жылдары омарташылықты дамытуға мемлекет тарапынан да, жергілікті деңгейде де қолдау бар. Бұл біз сияқты шаруаларға үлкен мүмкіндік береді. Алдағы уақыт­та омарта санын көбейтіп, өнді­рісті кеңейту арқылы аудан сұра­нысын толық қамтамасыз етуді көздеп отырмыз, – дейді жеке кәсіпкер.
05 мамыр 2026 ж. 36 0