Тоқсанның төріндегі мейірбан жан
Өткен өмірге көз жүгірткенде бойыңды мақтаныш, қуаныш сезімі кернеу, ұрпағыңның ортасында тамырын тереңге жайған саялы бақтай үлгі-өнеге болу, көпшілікке сыйлы болып, елдің абыз анасына айналу қандай бақыт! «Үлкею оңай, үлкендікті алып жүру қиын» деген. Бойдан күш қайтып, жүріп өткен жолыңа көз тастар сәт туғанда осындай сезімдерді сезініп, ғұмырыңның ізгілікке толы болғанын аңғару, айналаңның соған лайықты құрмет көрсетуі бір ғанибет.
Сөзі қуатты, ісі мығым, аузы дуалы, көпті көрген көнекөз қария Рәйке Бодыбаева туралы мақала жазу барысында ұққан ойымыз бұл. Әдетте тақырыпты қозғамас бұрын зерттеп, жан-жақты сұрастырамыз. Сосын барып қолға қалам алып, көптің пікірін, жүйелі деректерді негізге ала отырып, жазып шығамыз. Бұл жолы да солай болды. Ізденіс барысында, абзал ана туралы пікір сұраған көнекөз қариялардың қай-қайсысы болсын, кейіпкеріміз туралы ерекше толғанып, жылы лебіздерін білдіріп жатты. Бұдан кейіпкеріміздің саналы өмірінде кісі баласынан жақсылығын аямай, көмек қолын созудан танбаған, ақжарқын жан екенін аңғардық.
Сөзі қуатты, ісі мығым, аузы дуалы, көпті көрген көнекөз қария Рәйке Бодыбаева туралы мақала жазу барысында ұққан ойымыз бұл. Әдетте тақырыпты қозғамас бұрын зерттеп, жан-жақты сұрастырамыз. Сосын барып қолға қалам алып, көптің пікірін, жүйелі деректерді негізге ала отырып, жазып шығамыз. Бұл жолы да солай болды. Ізденіс барысында, абзал ана туралы пікір сұраған көнекөз қариялардың қай-қайсысы болсын, кейіпкеріміз туралы ерекше толғанып, жылы лебіздерін білдіріп жатты. Бұдан кейіпкеріміздің саналы өмірінде кісі баласынан жақсылығын аямай, көмек қолын созудан танбаған, ақжарқын жан екенін аңғардық.
Тұла бойы тұнған шежіре, салиқалы мінезді, абзал ана, қазақ әйелінің үлгісіндей болып жүрген қарияларымызды сарқылмас қазына десек, артық айтқандық емес. Сондай көп жасап, көпті көрген қазыналы қарттың бірі біздің бүгінгі кейіпкеріміз Рәйке апай тоқсан жас мерейтойына зор абыроймен жетіп отыр. Ардагердің өмірі мен еңбек жолы өзінше бір тарих, әр кезеңі өзіндік сырға толы.
Рәйке апайдың өмірлік қызметі де адамдарға көмектесумен тікелей байланысты салада болған екен. Ол ұзақ жыл медицинада еңбек етіп, адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жан атанған.
– Жиырма бір жасымда медициналық техникумды үздік тәмамдап, фельдшер мамандығын игеріп шықтым. Сол жылдан бастап денсаулық сақтау саласындағы еңбек жолым басталып кетті. 1956 жылы аудандық ауруханаға медбике болып қызметке орналастым. Әрине, жас кезде білмейтініміз көп болды. Өмірлік ұстаз болған алдыңғы буыннан үлгі алып, тәжірибемізді толықтырдық. Өмірімнің қырық жыл уақыты ауруханамен тікелей байланысты болды. Осынша жыл бір салада тапжылмай еңбек еттім. Оным жоғары жақтан еленбей қалмады. Әр жылдары алғыспен, арнайы марапатпен марапатталып жүрдім. Кейін аудандық өкпе аурулары ауруханасында да жұмыс жасадым. Еңбек жолымның соңғы жылдары флюралық кабинеттегі жұмысыммен жалғасты, – деді бізбен әңгімесінде ардагер. Әңгіме барысында өткен өміріне бір сәт көз жүгірткен ардақты жанның даусынан сол бір сәттерге деген сағыныш әрі ерекше жалынды анық аңғарғандай болдық.
Медицина – қызығынан қиындығы мол сала. Түрлі дертпен, науқаспен бетпе-бет келу және олардың еміне, жанына шипа сыйлау жауапты әрі абыройлы міндет екені анық. Бұл салада жаны таза, жүрегі мейірімділікке толы жандар ғана өнімді еңбек ете алмақ. Кейіпкеріміз де алдына келген ем алушының еміне ғана емес, жылы сөзімен жанына да шипа сыйлаған нағыз маман болған. Тіпті кейбір жағдайда ине салу қиындық туғызатын адамдар кездеседі. Сондайда Рәйке апайды арнайы алдырып жататын кездер де болған екен. Бұл туралы кейіпкеріміздің өзінен бөлек бірге қызмет жасаған жандар да айтып берді.
– Рәйке нағыз «ақ халатты абзал жан» деген сипаттамаға лайық қызметкер болды. Қаншама адамға шарапаты тигені жасырын емес. Қажырлы еңбегінің арқасында көпке үлгі бола білді. Басшылық тараптан еңбегі еленіп, «Денсаулық сақтау саласыны үздігі» атағын да алғаны бар. Қызметтен бөлек, өмірде де мейірбан жан. Денсаулық сақтау саласынан бөлек, қоғам өмірінде белсенді еді. Аудандық аурухана жанынан құрылған партия ұйымының секретары болды. Өткен өмір әлі күнге көз алдымызда. Рәйкенің бір ұл, екі қызы бар. Балаларының қызығын көріп, өсіп, өркендеп бүгінгі таңда немере мен шөберенің қызығын көріп отырған жан. Бір кездегі әріптес, замандасымыз толғамды тоқсан жастың биігіне шығып жатыр екен. Шын жүректен құттықтап, лебізімді білдіремін, – дейді ұзақ жыл медицина саласында қажырлы еңбек еткен денсаулық сақтау саласының ардагері Астрахан Қожақов.
Қырық жыл бойы бір салада табан аудармастан жұмыс жасай білген жан халықтың алғысына бөленген, әлі күнге сый-құрметін көрсетіп, батасын алу үшін арнайы іздеп келетіндер де жоқ емес. Аузы дуалы ақжарқын ана ұл-қызығының қызығын көріп, бүгінде тамырын тереңге жайған бәйтеректей балапандарына сая болып отыр. Ұл-қыздарынан тараған 8 немересі мен 6 шөбересін Алланың берген сыйы деп біледі. Ұрпағына үлгілі-өнеге көрсетіп, әркез ақ сөйлеп, адал жүру қажеттігін өсиет етіп отырады. Жолдасынан өткен ғасырдың орта тұсында көз жазып қалғанымен, өмірдің ағы мен қарасына алданбаған абзал ананың тәрбиесін көрген ұл-қыздары бүгінде түрлі саланың майталманы болып, өмірден өз орындарын тапқан. Қызды қияға, ұлды ұяға қондырып, көргенді отбасылармен құда болып, туыстықты арттырып отырған жайы бар. Үлкені Марат Шамшиев бүгінде өнер саласында қызмет етеді. Қыздары Майра мен Сайра Алматыда тұрады. Бірі балалар үйі директорының орынбасары болса, бірі қаржы саласында елеулі қызмет етіп жүр.
Ақылын азық, асыл сөздерін саумал етіп, кейінгі ұрпағына түзу тәрбие беріп отырған абзал ана, ардақты әже бүгінде тоқсанның төріне озып отыр. Үлкен-кішіге бірдей сыйлы, құрметті күн кешіп, өмірдегі өз орнын ойып тұрып алған Рәйке Бодыбаеваның өнегелі өмірін көпшілікке үлгі етуді жөн санадық. Қазыналы қарияға торқалы тоқсан жастың қызығын көріп, ғасыр жасыңызды ұрпақтарыңызбен бірге тойлауға жетіңіз деп тілек білдіргіміз келеді!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ