Кәсібі өркен жайған Өмірхан
Қазіргі уақытта қай жерде болсын құрылыс саласы қарқын алғанын көзіміз көріп жүр. Тұрмыстық әлеуеті жақсарған жергілікті халық үй салуға немесе сан түрлі құрылыс жұмысын жүргізуге ниетті. Мұндайда құрылыс материалын өңдеу – үлкен кәсіптің көзі саналады. Тереңөзектік Өмірхан Бержанов Қалжан ахун ауылында құм-блок өндіру кәсібін жандандыруда. Нарықтағы сұранысы артып келе жатқан құм-блок шығарумен жергілікті кәсіпкер 5 жылдан бері айналысып келеді.Бүгінде құм-блокпен бірге Өмірхан Мұхтарұлы брусчатка мен термопанель өндірісін қолға алған. Кәсібін әртараптандыра бастаған Өмірхан Бержанов 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Құм-блокты тұтынушының сұранысы бойынша жасайтын өндіріс иесі қоршауға және үй өруге арналған түрі бар екенін жеткізді. Бұдан бөлек, қоршауға арналған қалпақ пен бағанды да шығарады. Мемлекеттің көмегін бірнеше мәрте сезінген жеке кәсіпкер несие алып, құм-блок шығаратын арнайы құрылғы сатып алған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қомақты қаржы иегері атанып, термопанель шығаруға бет бұрған.
– Қазіргі таңда құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Жаңа үйлердің, әлеуметтік нысандардың, өндірістік ғимараттардың бой көтеруі құрылыс материалдарына деген сұранысты арттыруда. Осындай сұранысқа ие өнімдердің бірі – құм-блок, яғни песко-блок өндірісі. Құм-блок – цемент, құм және судан дайындалатын, арнайы технология арқылы қалыпқа құйылып жасалатын құрылыс материалы. Оның басты ерекшелігі – беріктігі, қолжетімді бағасы және қолдануға ыңғайлылығы. Сол себепті бұл өнім тұрғын үй құрылысы мен шаруашылық нысандарын салуда кеңінен пайдаланылады. Бүгінде құм-блок өндірісі шағын және орта кәсіпкерлік үшін тиімді бағыттардың біріне айналып отыр. Өйткені бұл кәсіпті бастау үшін аса күрделі технология немесе үлкен өндірістік база қажет емес. Қажетті құрал-жабдықтар қатарына вибростанок, бетон араластырғыш және қалыптар ғана жатқызылады. Шикізат ретінде жергілікті құм мен цемент пайдаланылады. Осы күні өндіріске қажетті шикізатты Жаңақорған және Шиелі ауданынан әкелудеміз. Айта кетейік, өндіріс барысы бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен цемент пен құм белгілі бір мөлшерде араластырылып, су қосылады. Дайын қоспа арнайы құрылғыға салынып, діріл арқылы тығыздалады. Қалыптан шыққан блоктар белгілі бір уақыт кептіріліп, беріктікке ие болады. Дұрыс технология сақталған жағдайда дайын өнім сапалы әрі ұзақ мерзімге төзімді келеді, – деді Өмірхан Бержанов.
Тәулігіне 900 дана құм-блок шығаратын цехтың өнімі Сыр өңірінің өзге аудандары мен жергілікті халыққа тасымалдануда. Көпшілік үйінің қоршауын құм-блокпен өріп, сәнді кейіпке ендіруді әдетке айналдырған. Мұндайда түрлі түсті құм-блокты цех мамандары жасап беруде. Құм-блоктың бағасы түсіне қарай өзгеріп отырады.Соңғы жылдары елімізде инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қалалар мен елді мекендерде жолдарды жөндеу, аулаларды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осындай жұмыстар барысында брусчаткаға деген сұраныс артып отыр. Бұл өз кезегінде осы өнімді өндіру саласының да дамуына жол ашуда. Мұндайда Өмірхан Мұхтарұлы секілді жеке кәсіпкерлер бұл бағыттағы жұмыстарға серпін беруге ұмтылады. Заманауи үлгідегі брусчатка шығаруға дағдыланған жеке кәсіпкер кез келген тапсырысты мүлтіксіз орындауға мүдделі.
– Технологияның дамуына байланысты брусчатка өндірісі де жаңарып келеді. Қазіргі таңда вибропресс әдісі арқылы сапалы әрі берік өнім шығару мүмкіндігі артты. Бұл өнімнің қызмет ету мерзімін ұзартып, сапасын жақсартуға ықпал етеді. Брусчатка – заманауи құрылыс саласының ажырамас бөлігіне айналып келеді. Оның болашағы жарқын, себебі ол сапа, қолайлылық және эстетиканы үйлестіретін тиімді материал болып табылады. Алдағы уақытта да бұл өнімге деген сұраныс артып, өндіріс көлемі ұлғая беретіні сөзсіз. Біз көпшіліктен түскен тапсырысты сапалы орындауға тырысамыз. Аз шығар, көп өндір – ең бастысы, тұрғындар сенімін жоғалтпаған дұрыс. Сенің өнімің жақсы болса, жұртшылықтың сұранысы жоғары болады, – деді жеке кәсіпкер.
Әрине, тұрақты табыс кіріп тұрғаннан кейін кез келген кәсіпкер бизнесін өркендетуге көңіл бөледі. Біз бұған дейін Шіркейлі ауылында термопанель, фибробетон шығаратын цехтың жұмысын жазған болатынбыз. Жергілікті кәсіпкер Пазылбек Әбішпен ортақ байланыс орнатып, кәсіпкерліктегі әріптестік аясында Қалжан ахунда аталған бағыттағы бизнес жобасын жандандыра бермек.










